Бақытбек Айтмағанбет – ат баптап, көкпар тартатын азаматтардың бірі. Ес білгелі атадан қалған өнерді кәсіп еткендіктен ақсулықтар оны жылқысыз елестете алмайды. Бала күнінен аттың құлағында ойнайтын кейіпкерімізден ат баптаудың қыр-сырына қанық болу үшін арнайылап Ақсу ауылына бет бұрдық.
Аттың құлағында асыр салып ойнамасамда, бала күнімнен төрт түліктің төресі – жылқы жайлы әкемнен аз-маз естігенім бар. Оның көкпар тартып, ат баптағанын көріп өскендіктен жылқыға деген сүйіспеншілігім кішкентайымнан арта түсті. Сондықтан бұл тақырып жаныма жақын болып, кейіпкеріммен тілдесу әсте қиынға соқпады.
5 жасынан жылқының жалын тартып мінген Бақытбек бүгінге дейін бірнеше асау атты қолға үйретіп, көкпар тартқан. Атасы мен әкесінің жолын жалғаған кейіпкеріміздің қазіргі таңда көкпарға қатыстыру үшін күтіп-баптап отырған «Тасқын» атты тұлпары бар.
– Тасқынды жыл басында Қармақшы ауданыннан 1 млн теңгеге сатып алғам. Аттың тұқымы – ағылшын. Жасы 8-де. Өзіме бір көргеннен ұнады. Мұнан бөлек, үйірде 100-ге жуық жылқым бар. Алайда оларды бәйгеге немесе көкпарға қатыстырмаймын, – дейді ат баптаушы.
Шашасына шаң жұқтырмайтын жүйрікті тану тек кәнігі атбегіге тән қасиет. «Тасқынның» бағы мен бабы келіскен, күтімі жақсы ат екені көзге айқын көрініп-ақ тұр. Сатып алғанына көп болмаса да көкпарларға қатысып, жүлделі орындар иеленіп үлгергенін айтқан кейіпкеріміздің «Тасқынның» әлі талай додаларда еңбекті ақтайтынына сенімі мол.
– Үйірдегі жылқыларым жыл он екі ай өрісте. Ал әзір қорамда тек «Тасқын» ғана бар. Әр атбегінің ат баптауы әртүрлі. Бірақ жылқының бабын келтірсең, додада топ жарып шығады. Ол үшін сәйгүліктің бап-күтімі бөлек болуы тиіс. Жаз мезгілінде ауа-райының ыстық болуына байланысты көкпар ойыны болмайды. Сол себепті жаз мезгілі айларында атты семіртіп бағып, қыркүйек айында атты көкпарға дайындаймын. Ауырып қалмас үшін алдын-ала қажетті витаминдерін де саламын. Құнарлы азық беремін. Екі мезгіл жем, арпа, бидай, жоңышқа беріп, баққан жөн. Жарысқа барғанда тез шаршап қалмас үшін бір мезгіл мініп, барынша күтім жасаймын, – дейді ол.
– Жылқыға деген қызығушылығы сонша, бар тапқан-таянғанын жылқысына береді. Ал көкпар болады дегенді естіген бойдан делебесі қозып, бәрін тастап көкпар ойнауға кетеді, – дейді жеңгеміз әзілдесіп.
Иә, соңғы жылдары ауданда ұлттық спорт ұлықталып, көкпар ойыны көп ұйымдастырылып жатыр. Көкпарды жанына серік еткен тақымы мықты шабандозымыздың мақсаты – ат спорты өнерін қолдап, оған ауыл жастарын қатыстыру.
– Көкпар – қазақтың ұлттық ойындарының бірі. Ата-бабаларымыз ежелден «Көкпар», «Теңге ілу», «Бәйге» секілді ат спорты ойындарын ойнаған. Оның ішінде, әрине, жігітті батылдық пен өжеттілікке, ептілікке баулитын көкпардың орны бөлек. Қауіпті спорт түрі болғандықтан, шабандоздар ойын барысында аттан құлап немесе атпен бірге жығылып қалуы мүмкін. Тіпті ауыр жарақат алуыда ғажап емес. Сондықтан көкпар ойыны барысында шабандозға жердегі серкені көтеру үшін ептілік пен күш-жігер керек, – дейді Бақытбек Алтынбекұлы.
Мұнан бөлек, ат баптаушымыз ойынға таңдалынып алынатын жылқының ерекшелігін де атап өтті. Айтуынша, көкпарға шабатын аттың бітімі бөлек, еті мығым, сүйегі мықты ал екпіні қатты болуы керек. Ең бастысы, оларға ерекше бап пен күтім қажет.
Кішкентайынан ауыздығымен арпалысқан асауға қарғып мініп үйренген кейіпкеріміз көкпардан бөлек, теңге ілу ойынына да қатысып көзге түскен. Мәселен, аудандық «Наркескен» спорт клубының 10 жылдығына орай өткен спорттық сайыстың теңге ілу ойынында ІІ орын алған. Ал 2023 жылы ауыл спортшыларының басын қосқан ХХХVІ «Алтын күз – 2023» спартакиадасында да үздік үштікті түйіндеген.
Бақытбектің баптаған аттары бүгінде додалардан жүлдесіз қайтпаған. Айтуынша, оның «Тасқынға» дейін «Торы ат» есімді сәйгүлігі болған. Шымкент қаласынан арнайы сатып алған жүйрігін 4 жылдай баптап, көкпарға қатысқан оның жүлделері аз емес. Алдағы уақытта осы спорт түрін дамытып, бәйге аттарын баптауды қолға алмақ.
– Жылқыны бағып, баптап, көкпарға қосу да – үлкен өнер. Өнер болғанда да қанға сіңетін қасиет. Асқан қызығушылықпен жылдар бойы ден қойып үйрену керек. Осы уақытқа дейін талай үлкен жүлделі бәйгелерде жеңіске жетіп келемін. Менің басты мақсатым – осы ат спортын одан әрі дамытып, болашақта ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып, немере-шөберелеріме мұра қылып табыстау, – дейді Бақытбек.
Кейіпкерімізбен сұхбатымыз біткен бойы сол еді, ұялы телефонына Есет батыр ауылында дүбірлі көкпар өтетіні жайында хабар түсті. Жолдың қашықтығына қарамай, қай жерде көкпар болса, сол жерден табылатын Бақытбек пен бір орынға сыймай тыпыршып тұрған «Тасқынға» ат дүбірі тұяқтан, ер дүбірі намыстан жығылмайтын додадан жүлдемен оралуына тілектестік білдірдік.
Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!