Қазақстан Республикасы Президентінің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 Жарлығына сәйкес, 2025 жылдың І жартыжылдығында аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың халықпен кездесулері Аққыр, Жаңаталап, Т.Жүргенов, Мәдениет, Мырзабай ахун ауылдық округтерінде жалғасты.
Кездесу барысында аудан әкімі аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, алда жоспарланған жобаларды атап өтті.
Сондай-ақ, ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін тыңдап, ауылдарда жүзеге асырылатын жұмыстар мен серпінді жобаларды бірлесе талқылады.
Жиын соңында ауыл тұрғындары елді мекендерде жүргізіліп жатқан нақты жұмыстарға, игі бастамаларға өз ризашылықтарын білдіріп, оң бағасын берді.
Мәселен, Аққыр ауылдық округінде биыл бірқатар ауқымды жұмыстар жүзеге асуда. 2025 жылы ауылдың 5 көшесіне күрделі жөндеу жоспарланған. Қазіргі таңда Аққыр және Н.Таспенов көшелеріне асфальт төсеу жұмыстары аяқталды. Қалған көшелерде де құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Сонымен қатар, ауыл орталығында заманауи үлгідегі спорттық жаттығу алаңы салынуда. Сондай-ақ, «Қазақстан халқына» қоры арқылы 175 млн теңгеге дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтерді. Нысан бірер күнде ел игілігіне табысталатын болады.
Жаңаталап ауылдық округінде 2025 жылы Өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында П.Қарақұлұлы көшесі бойына жасыл екпелерге арналған қоршау орнату және көркейту-көгалдандыру мақсатында «Арқаш» каналын қазу жұмыстары жүргізіледі.
Сонымен қатар, жалпы құны 128,0 млн теңгеге ішкі екі көшеге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлуге ұсыныс берілді.
Сондай-ақ, құны 460,0 млн теңгеге 100 орындық ауылдық клубтың құрылысына ЖСҚ әзірленіп, қаржыландыру үшін тиісті басқармаларға бюджеттік өтінімдер жолданды.
Елді мекенді аяқ сумен қамту мақсатында техникалық су ұңғымаларын бұрғылау жұмыстарына облыстық бюджеттен қаржы қаралып, үш техникалық су ұңғымасы бұрғыланды.
Т.Жүргенов ауылында 2025 жылы 145 млн теңгеге ауылдық мәдениет үйінің ғимаратына күрделі жөндеу жүргізу және 677,9 млн теңгеге елді мекендегі автомобиль жолдарын (Нұрылдаев, Сәдір би, Қожахметұлы, Достық, Т.Жүргенов, Шотықов, Тоғанас батыр, Құттыбасов көшелері) күрделі жөндеу жұмыстарына ЖСҚ әзірленіп, қаржыландыру үшін тиісті басқармаларға өтінімдер жолданды.
Мәдениет ауылдық округінде 102,5 млн теңгеге ішкі көшелерді (Ж.Жабаев, Д.Тобаев, А.Құнанбаев, З.Қауқаев) жарықтандыру және 201,9 млн теңгеге Жаңақоныс көшесін (1,2 шқ) күрделі жөндеуге арналған ЖСҚ әзірленіп, бюджеттік өтінімдер тиісті басқармаларға жолданды. Алдағы уақытта аталған көшелер жөнделетін болады.
Мырзабай ахун ауылдық округінде Өңірлерді дамыту бағдарламасымен құны 1,6 млн теңгеге елді мекендегі Колхоз көшесіне көше жарықтары орнатылып, 550 мың теңгеге елді мекеннің кіреберісі мен ішкі көшелеріне 4 бейнебақылау камерасы қойылды.
Бұдан бөлек, 134,7 млн теңгеге тұрғын үй секторының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы (электр желілері) құрылысы жүргізілді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!