Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

6°C

, Сейсенбі, 02 желтоқсан, 13:05

Аудан жастары абырой биігінде

02.12.2025

2

0

Астанадан ақжолтай хабар жетті. Қазан айында басталған ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша өткен олимпиаданың республикалық кезеңі аяқталды. Аталған олимпиада жаратылыстану-математика бағыты бойынша өткен. Білім додасында қатысушылар математика, физика, химия, биология, география және информатика пәндері бойынша өз білімін саралаған.

Бұл білім додасы еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған дарынды ауыл ба­­лаларының білімін шыңдап, ­олар­дың зият­керлік әлеуетін арттыруға ба­ғыт­­­талған маңызды алаңға айналды. Олим­пиада ережеге сай 4 кезең бойынша өтті. Ең алдымен оқушылар мектепішілік, ау­­дандық, облыстық кезеңнен өтіп, рес­публикаға жолдама алды. Естеріңізде болса, шалғай елді мекендегі дарынды және талантты оқушыларды анықтауға арналған олимпиаданың мектепішілік кезеңіне 561 оқушы қатысып, оның 519-ы аудандық кезеңге қатысқан болатын. Үш күнге созылған аудандық кезеңнен 106 оқушы облыстық кезеңге жолдама алып, өз білімін саралап, 15 оқушы рес­публикалық кезеңге жолдама алды.
Игі дәстүрге айналған бұл олимпиа­даға биыл еліміздің барлық өңірінен 475 оқушы қатысқан. Қызылорда облысының оқушылары биыл да жоғары нәтиже көр­сетіп, жалпыкомандалық есепте ІІІ орын иеленіп, «Ең үздік олимпиадалық ко­­ман­да» номинациясын жеңіп алды.
Айта кетейік, аталған олимпиадаға об­лыстан 38 оқушы қатысып, оның 18-і жеңімпаз атанған. Ауыл мектептерінің та­лантты және білімге құштар оқу­шы­ла­рын анықтау мақсатында ұйымдастырылған олимпиадада жалағаштық жастар тағы да топ жарды. Нақтырақ айтсақ, олим­пиаданың республикалық кезеңіне ау­даннан 15 оқушы қатысып, 5-еуі же­ңіс­пен оралды. Атап айтсақ, әл-Фараби атын­дағы №201 мектеп-лицейдің 11-сы­­нып оқушысы Айзат Тұрсынбек жүл­делі І орын, 10-сынып оқушысы Манас Құ­­­рақбай ІІ орын және Әди Айғаным ІІІ орын, Ілияс Қабылов атындағы №32 мек­теп-лицейдің 11-сынып оқушысы Жай­на Мұхан ІІ орын және Т.Жүргенов атын­дағы №123 мектеп-лицейдің 9-сы­нып оқу­­шысы Құралай Төремұрат ІІІ орын ие­­ленген.
Әл-Фараби атындағы №201 мектеп-лицейінің озат оқушылары былтыр да, биыл да олимпиадаға белсене қатысты. Аталған білім бәйгесінде қатарынан екі жыл қатысып, барлық кезеңнен сүрінбей өткен Айзат Тұрсынбек – осы мектептің түлегі. Былтырғы оқу жылында дәл осы олимпиададан Айзат Тұрсынбек пен №32 мектеп-лицейінің мақтанышы Жайна Мұ­хан І орын алып, Алматы қаласындағы Орынбек Жәутіков атындағы республи­калық мамандандырылған дарынды ба­ла­ларға арналған физика-математика орта мектеп интернатында тегін оқуға жол­­дама жеңіп алған болатын.
– Былтыр да бұл олимпиадаға қа­ты­сып, І-ші орын алдым. Жалпы 7-ші сы­ныптан бастап физика пәнінен ғылы­ми жобалар мен олимпиадаларға тұ­рақты қатысып келемін. Қазір бітіруші тү­лекпін. Әрине, таңдау пәнім – физика-ма­те­ма­тика. Ұстазым әрі анам Айгүл Шіл­де­­баева секілді физика пәнінің білікті мұ­ғалімі болғым келеді, – дейді Айзат Тұр­­сын­­бек.
Иә, мектеп мақтанышы Айзат бүгінде «Алтын белгіге» үміткер. Оны осы пәнге бала күнінен баулып, дайындаған өзінің анасы Айгүл Шілдебаева. Білікті маман жыл сайын оқушыларын пәндік олимпиадаларға тұрақты қатыстырып, жеңіс тұғырынан көрініп келеді. Мәселен, былтырғы бітіруші түлегі әрі ұлы Азамат Тұрсынбек те қатарынан екі жыл аталған олимпиададан жүлделі І орынды иеле­ніп, ұлттық бірыңғай тестілеусіз еліміз­дегі іргелі оқу орнында тегін білім алу мәр­тебесін иеленген.
– Айзат бала күнінен алғыр, әрі зе­рек. Кішкентайынан әр пәнді тереңінен тү­сініп, бар ынтасымен оқиды. Мектепте өтетін қоғамдық шаралармен қатар білім бәйгелеріне де жиі қатысады. Үнемі із­деністе жүріп, олимпиадаға сабақ­тан тыс қосымша көп дайындалды. Нә­ти­­же­сінде биыл да, былтыр да ауыл мек­тептерінің оқушыларына арналған олим­пиа­дадан топ жарды, – дейді анасы әрі жетекшісі Айгүл Шілдебаева.
Айта кетейік, ең үздік нәтиже көр­сет­кен қатысушылар еліміздің жетекші жо­­­­ға­ры оқу орындарының ректор­лық грант­­­тарына ие болды. Ал І дә­ре­желі диплом иегерлері 2026 жыл­ғы жал­пы білім беретін пәндер бойынша рес­пуб­ликалық олимпиаданың қорытынды ке­­­зе­ңіне ті­келей қатысу құ­қы­ғын алды. Сон­­дай-ақ барлық фина­лист «Дарын» рес­публикалық сырттай мектебінің бағ­дар­ламасы бойынша білі­мін тереңдете алады.
Жалпы өңірде ауыл мектептерінің олимпиадаға қатысу белсенділігі жыл сайын артып келеді. Өткен оқу жылында аудан бойынша республикалық ауыл олимпиадасының облыстық кезе­ңіне 80 оқушы қатысып, оның 14-і республи­ка­лық байқауға жолдама алып, 12 оқушы же­ңімпаз атанған болатын.
Сондай-ақ 7 мен 13 желтоқсан ара­лы­ғында Астанада өтетін гумани­тарлық бағыттағы олимпиадаға Қызыл­орда об­лысынан 29 оқушы, ауданнан 7 оқушы қа­тысады.

Бетті дайындаған
Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: