Қаланың төл мерекесіне орай бірлігі жарасқан, берекелі тіршіліктің тірегіне айналған Ақсуат ауылдық округінде «Ауылым сұлу Сырдың жағасында» атты республикалық ақындар айтысы өтті.
Айтыстың ашылу салтанатында қала әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев халық мұрасын қастерлеген ауыл халқына тілегін арнап, ақындарға сәттілік тіледі.
Дүбірлі ақындар айтысында еліміздің әр түкпірінен келген орақ тілді, от ауызды 8 ақын сынға түсті. Алматы облысынан Шұғайып Сезімхан мен Нұрмат Мансұров, Абай облысынан Рүстем Қайыртай мен Сырдария ауданынан Ерасыл Бәйментай, Шымкент қаласынан Тұрар Тілеулиев пен Арал ауданынан Ержеңіс Әбдиев, Түркістан облысынан Бекарыс Шойбеков пен жерлесіміз, үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов өзара бақ сынасып, жыр бәйгесін жандандырды.
Сұңғыла сөз додасында ақындарымыздың өрелі өнерін тамашалаған көзіқарақты көрермен елдік мәселелерді, арғы-бергі тарихты, қоғам көріністерін, дәуір шындығын жырлаған ақындарға ризашылықтарын білдірді.
Аламан айтыстың мәресі марапатсыз болмайды, соған сай барлық ақынға қаржылай сыйақы табысталды. Ж.Махамбетов ауылының орталық алаңында өткен айтыстан кейін спорттық сайыстарға кезек берілді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!