Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-3°C

, Дүйсенбі, 30 желтоқсан, 19:26

Ажал әкелген автобус

11.04.2023

378

0

Шымкент қаласы полиция департаментінің хабарлауынша, 8 сәуір күні кешкі сағат 18:30 шамасында «Метро» сауда үйінің жанындағы екі көшенің қиылысында жүргізушісі жоқ автобус қарсы бетке шығып кетіп, жаяу жүргінші жолағында келе жатқан 6 адамды қағып кеткен. Соның салдарынан екі әйел мен бір жасөспірім оқиға орнында, кәмелетке толмаған тағы екі қыз жансақтау бөлімінде көз жұмды.

Полиция департаментінің жедел-тергеу тобы жүргізушінің соңғы аялдамадан қарсы бағытқа бұрылып, автобусты қол тежегішіне қалдырып, көліктен шығып кеткенін анықтады. Оқиға болған жерде анықтаушы­лар мен криминалистер жұмыс істеп жатыр. Қазір бұл оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабымен сотқа дейінгі тергеу басталып, автобустың жұмысқа жарамдылығын тексеру үшін автотехникалық сараптама тағайындалды. Ал қоғамдық көлік жүргізушісі уақытша тергеу изоляторына қамалды.

Осы оқиғадан кейін ертесіне та­ңертең шаһардағы «Диспетчерлік қызмет орталығында» жолаушы тасы­малдаушы компания басшы­лары­ның қатысуымен шұғыл жиын өтті. Өз кезегінде қалалық жолау­шы­лар көлігі және автомобиль жол­дары басқармасының басшы­сы Мұхтар Қоқанбаев қаза бол­ған азаматтардың туыстарына кө­ңіл айтатынын жеткізді. Ол оқиға­ның болуына адами фактор әсер еткенін мәлімдеді. Сондықтан жо­лаушы тасымалдаушы 10 компа­нияда қауіпсіздік талаптары кү­шей­­­тілетінін және рейдтік іс-ша­ра­лар ұйымдастырылатынын баян­да­ды. Ал «TBus» тасымалдау­шы ком­паниясының басшысы Әбдібек Үкібаев қойылып отырған талапты толық орындайтынын айт­ты. Де­ген­мен бүгінге дейін авто­бус­­­тар тех­никалық талапқа сай шыға­рылып жатқанын, жүргізушілер медициналық тексеруден өткізі­летінін жеткізді. Осы­лай деп болған жағдайға байланыс­ты өкі­нішін білдірді.

Жиында жергілікті полиция де­пар­таменті және әкімшілік полиция тарапынан тексеріс жүргізілетіні айтылды. Ендігі жерде 3 ауысыммен жұмыс істейтін 50-60 әкімшілік полиция экипажы автобустардың жол жүру ережесіне ерекше көңіл бөледі.

Жантүршігерлік жағдай әлеу­меттік желіде де қызу талқыланды. Осы ретте кейбір оқырмандар бар кінәні кондукторсыз жүйеге артып, олар болғанда мүмкін тежегішті тартып үлгерер ме еді деген үміттерін білдіріп жатты. Бұған қатысты жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы М.Қоқанбаев пікір білді­ріп, кондукторсыз жүйені бұл мәселеге мүлдем араластырмауын өтінді. «Ке­рісінше кондукторларды алып тастаған соң автобустардың бір-бірімен жарысы тоқтаған. Соның нәтижесінде көліктердің бұзылу оқиғалары да азай­ған. Сосын кондукторлар бар кезде жоспар болатын. Оны орындау үшін автобустар жанталасатын. Қазір электронды төлемнің нәтиже­сінде жоспар жойылып, автобустар тек кестемен жүретін болды. Жүргізу­шілердің айлық жалақысы да біршама көтерілді», деді басқарма басшысы.

Ал қайғылы оқиғаға себепкер бол­­ған адам факторына байланыс­ты сауалға «Shymkent Bus» ком­па­ния­сының басшысы Азат Қайып­бек былайша жауап берді.

«Өкінішке қарай, соңы 5 адам­ның өлімімен аяқталған апат болды. Оны туындатқан 21-бағыттағы автобус біздің компанияға қарайды. Біз анықтаған дерекке сай автобус соңғы аялдама келіп тоқтаған. Сол кезде балалы әйел мінбекші болады. Алайда жүргізуші сыртқа шығып келетінін айтып, автобусты қол тежегішінде қалдырып, есігін құлыптап тастап кетеді. Сол кезде арада 30-40 секунд өтпей жатып, көлік төмен қарай қозғала берген. Қайғылы оқиға болған соң алқынып жеткен жүргізуші қол тежегішті тартып қойған. Бірақ оның алдында автобусқа кірген екі азамат оның қол тежегіште тұрмағанын көрген. Бұл жерде біздің болжамымыз бойынша жүргізуші қол тежегішін тартуын тартқан, алайда ол соңына дейін қойылмай қалған. Яғни жүргізуші автобустың тежегіште тұрғанына нақ­ты көз жеткізбеген. Енді бұл іске нақты нүктені тергеу нәтижесі қояды. Автобустың техникалық жағдайы ма, әлде жүргізуші кінәлі ме, сол кезде анық­талады. Ал компания өз тарапы­нан ауруханаға түскендерге және қай­тыс болған азаматтардың отбасыларына мораль­дық-материалдық көмек көрсетуге дайын», деді А.Қайыпбек.

Жалпы, жиынды ұйымдастыру­шылар бұл басқосу біреуді кінәлау емес, ақылдасу, са­ла­дағы проблемаларды атап көрсе­тіп, олардың шешілу жолда­рын талқылау екенін жеткізді. Осы орайда жолау­шылар тасымалында қордаланған мәселелер баршылық болып шық­ты. Мәселен, бүгінгі таңда салада 300-400-дей автобус жүргізушісі жетіс­пейді. Оның бір себебі, көпшілігі айлық жалақысы жоғары деп Астана, Алматы қалаларына кетіп қалса, екін­шіден жүргізушілік куәліктің D санатын алу және онымен жұмысқа кіру қиын­дап кеткен.

Айта кету керек, қалада жолаушылар тасымалымен 10 компания айналысады. Автобус жүргізушілері 2 күн жұмыс істеп, 2 күн демалады. Яғни жұмыс жүктемесі айына 15 күнді құрайды.

egemen.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: