Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

7°C

, Жексенбі, 24 қараша, 15:58

Баға бақылауда болса…

10.08.2022

630

0

Нарыққа халықтың көңілі толмайды. Соңғы кездері базар бағасының күн санап шарықтап бара жатқаны тұрғындар тарапынан жиі айтылып жүр. Тіпті бұл әлеуметтің наразылығын тудырып отыр. Көпшілік бас қосқан жерлерде «Баға қайда барады?», «Бидайды өзіміздің елде өндіреміз, ұн мен нан қымбаттап жатыр», «Күрішті өзіміздің жерде өсіріп, базардан қымбат бағаға сатып аламыз», «Базар бағасына бақылау жасауға болмай ма?» деген әңгімелер желдей еседі. Халық бекерге алаңдап отырған жоқ. Тұрғындардың күнделікті тұтынып отырған басты азық-түлігі – ұн өнімдері. Ал қазір сол ұнның өзі шарықтап, халықтың қалтасына ауыр тиіп отыр.

«Жел тұрмаса шөптің басы қимыл­дамайды» деген сөздің жаны бар. Әлгіндегі біз сөз басында айтқан мәсе­ле де бекерден-бекер қозғалып отыр­ған жоқ. Заман қымбатшылықты бел­шесінен басқанда оның зардабы ең әуелі қарапайым халыққа тиетіні белгілі. Ал қымбатшылықты сезінген халық, қа­­шанғы титықтасын?! «Ашынғаннан шы­­ғады ащы даусым» демекші, елдің жа­найқайы орынды-ақ. Бұл мәселе сөз болғалы қашан. Әлсін-әлсін көте­ріл­генімен баға тұрақтылығы, оның ішін­де әлеуметтік маңызы бар азық-түлік баға­сында тұрақтылық көрінбей тұр.
Жуырда ғана ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы кеңес өткізді. Кеңес барысында соңғы айда бағаның 0,8%-ға өскені атап өтілді. Мән берсек, бағасы ең көп көтерілген пияз, қант және күріш болса, қырыққабат, сәбіз және картоп бағасы тиісінше төмендеген екен. Ал «ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі қант саласын дамытудың кешенді жос­парын қабылдады. Енді оны іске асыру бойынша тиісті өңірлермен бірлесе белсенді іс-қимыл жасау үшін шаралар қа­былдау қажет. Сондай-ақ қантты баж­сыз әкелуге квоталар бөлінген кезде, олар бұл жұмысты уақытылы орындай алмайтын көптеген ұсақ жеткізушілерге таратылған. Осыған байланысты біз қант жеткізуде белгілі бір проблемалардың бар екенін байқадық. Сондықтан квота­ларды бірнеше ірі көтерме жеткізушілер арасында бөлу керек. Олар шағын ком­панияларға қарағанда қантты тө­мен бағамен жеткізе алады» деген ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов қалайда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын бірқалыпты ұстап тұру қажет екенін баса айтты.
Елдегі ауыл шаруашылығы тауар­ла­рының бағасы шарықтауына байла­нысты облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірде азық-түлік тапшылығын туындат­пас үшін қажетті қор көлемін ұдайы анықтап, әлеуметтік дүкендерде өнім­нің жеткілікті болуын қадап айтқан еді. Сондай-ақ базар мен сауда нүкте­леріндегі халық жиі тұтынатын өнім бағасының шекті бағадан аспауын қа­дағалап, тұрақтандыру қорының жұ­мы­сын күшейтуді, халыққа қызмет көр­сететін нысандардың тазалығына жете мән беруді жүктеді. Ал аудан әкімдеріне аймаққа қажетті өнім қорын қамтамасыз ету үшін әрбір ауылда бақша да­қылдарын егу жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Иә, расымен мәселені ше­шудің бір жолы ауылдық жерлерде ауыл шаруашылығы өнімдерін көбірек өн­діру. Өзімізде өнім өндірілсе, бақша өнімдері сұраныс тудырмаса бағаның жоғарылауына негіз болмайтыны анық. Өйткені өнім көп жерде тапшылық бол­майды, ал тапшылық жоқ жерде бағаның негізсіз өсуі белең алмайды.
Аталған мәселе төңірегінде аппарат жиынында сөз қозғаған аудан әкімі Асқарбек Есжанов болса әлеуметтік маңызы бар он тоғыз түрлі азық-түлік тауарларының бағаларына жүргізілген мониторинг нәтижесінде жыл басынан бері он үш түрлі азық-түлік тауарына баға өсімі тіркелгенін атап өтті. Халық үшін ең маңызды мәселенің бірі осы – баға тұрақтылығына тоқталған аудан әкімі тиісті сала басшыларына жауап­кершілікпен жұмыс жасауды тапсырды. Әсіресе аудан бойынша сауда орын­да­рына мониторинг жүргізу ауыл ша­руа­­шылығы және кәсіпкерлік бөлімі бас­шы­ларының ұдайы назарында болу керек екені айтып, азық-түлік бағасын өсірген кәсіп иелеріне байланысты ұсы­ныс беруді жеткізді. Ал Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы минис­трлігінің мә­лі­метінше, ішкі нарықты би­дайдың, қант­тың және тұздың қажетті көлемімен қамтамасыз ету бойынша ке­шенді шара­лар қабылданып жатқан көрінеді.
Бағаның тұрақтанбауы алып-сатар­лардың көбеюінен болатыны да белгілі. Дайын жерге өзіміз еңбектеніп азын-ау­лақ бақша өнімдерін егуге ерінеміз де, күзге қарай базар аралап, арзан өнім іздейміз. Уақытында әрі сұраныс туын­­да­ғанда арзан өнім қайдан бол­сын, ке­рі­сінше алып-сатарлар өз ойын­дағы баға­сын қойып, халықтың қалтасын қағып оты­рады. Нәтижесінде әлеуметтің күнкө­рісі төмендейді, бағада тұрақсыздық бо­­­лады. Әрине кәсіпкер де осы елдің аза­­маты болғандықтан ортақ заңға бағы­нуға міндетті. Бағаны ойдан қоюына, бел­­­­гіленген бағадан жоғарылатуға тиісті емес.
Ал «Сауда және интеграция минис­трлігіне өңірлер әкімдіктерімен бірлесіп, рұқсат етілген бөлшек сауда үстемесінің сақ­талуын бақылауды жүзеге асыру жө­ніндегі жұмысты күшейтуді» тапсырған ҚР Премьер-Министрі де бағада тұрақ­тылық болуы керек екенін айтады. Рас, баға өсуінің салдарымен емес, себеп­те­­рімен күресу керек. Сонда мәселені ше­шуді емес, алдын алуды ойлайтын боламыз.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: