Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

20°C

, Жұма, 26 сәуiр, 11:36

Байдәулеттен басталған билік

22.11.2022

532

0

Ел әңгімелерінде Байдәулетті бірде бай, енді бірде батыр, бірде би болған деседі. Ол заманда ауыл-ауылды шауып, малын барымталап кететін ұры-қары көп болған. Сондай қиын-қыстау күндері барымташылардан ауылдасының малын қорғап қалған адамдарды қол бастамаса да «батыр» атандырған. Сол атақты халық Байдәулетке де берген сияқты. Ал шын мәнінде Байдәулет қара қылды қақ жарған әділ би болған. Оны ел аузындағы әңгімелер мен жазба деректерден аңғаруға болады.

Байдәулет би

Өтебайға билік айтқан Құба бидің «Баймембетті жау жағына, Байдәулетті дау жағына қоямын. Олар тұрғанда бізді ешқандай жау ала алмас» деуінде көп мән бар емес пе?! Екі інісінің баласын Құба би қасына алып, баулыған екен.
Есімі жұртшылық жадында сақталған Байдәулет Адамбайұлы шамамен 1740-1820 жылдары аралығында өмір сүрген сияқты. Күні бүгінге дейін Байдәулет ұрпақтарын «бидің ұрпақтары» деп құрметтеп жатады. Ал ақындығы бар Сағымбай ағаның шежіре өлеңінде:
«…Байдәулет туған бала Адамбайдан,
Атақты болды батыр жау шабатын» деп Байдәулеттің батырлық сипаты суреттеледі.
Байдәулеттен: Байсары, Талқанбай, Қалдыбай, Қуаныш, Тәтті, Таңқы, Тұй­ғын, Жайықбай туады. Олардан да бері ұрпақ өрбіген. Қалай болғанда да Байдәулет – ел ағасы, бір рулы елдің ақсақалы болған тарихи тұлға.

Талқанбай би хақында

Атақты шайыр, діни қайраткер Тұр­мағамбет Ізтілеуов «Ел қамын жеген ерлер» атты толғауында:
«…Өтетілеу, Талқанбай,
Дана еді жұртты жөндеген» деп жырлайды. Ақын айтқандай, Талқанбай өз тұстастарынан озық туған азамат болады. Уақыты «1833 жыл, 7 шілде» деп көрсетілген архив құжаттарында: «Қоқандықтар осы айда Шөмекейлердің 13 ауылын шапқан. Сарғасқа руының биі Талқанбай Байдәулетов ауылынан 337 түйе, 2 580 қой, 60 жылқыны барым­­талап кеткен. Тіпті қарсыласқан бақташы мен жылқышыларды да өлтірген. Би ауылымен қатар Сұлтан-Темір Ералиевтің 85 жылқысын барым­талаған» деп көрсетілген.
Барымта кезінде ауылда болмаған Талқанбай би шапқыншылықты ести сала жігіттерді жинап, өзі бас болып, қоқандықтардың ізімен қуалап барып соғысып, қарамағындағы 13 ауылдың малын қайтарып алады. Осы ерлігі үшін Талқанбай Байдәулетов Орынбор генерал-губернаторынан «Ерлігі үшін» деген атаққа ие болады. Мұны Байсақал Тілекен өзінің мәлімдемесінде (1833 жыл) көрсеткен.
Екінші бір деректе 1852 жылдың 29 желтоқсанында Хиуа бегі Қожанияздың Шөмекей руының билеріне арнайы жазған хатында (өтініш айтқан Т.Д.) басқа билермен қатар Талқанбайдың да есімі жүр. Сондай-ақ үшінші жазба құжатта Түркістан датқасы Таш­мұ­хаммедтің Кете-Шөмекей рула­рының билеріне арнайы жазған бұл хатында Талқанбайдың баласы Мықай­дың да есімі бар. Яғни XIX ғасырдың 1950-1960 жылдарында әкелі-балалы Талқанбай мен Мықайдың есімі қатар аталады. Демек, олардың билік басында болған­дығының айғағы.
Байдәулетұлы Талқанбайдың ата-тек шежіресі былайша тарқатылады: Кіші жүздегі Қаракесекке жататын Шөмекей тайпасының Сарғасқа ата­лығынан, нақтылау айтсам, Өтебай­дың баласы Адамбайдан – Қаракесек, Байдәулет, Байжан, Бикелді туған. Олардың барлығының ұрпақтары бар. Қызылорда облысының аймағында тұрады. Бабаларының жаз жайлауы – Қарақұм. Ал қыстауы – Қызылқұмның етегі, бүгінгі Аққыр ауылының маңы. Жаңадария, Қуаңдария, Майлыөзектің бойын қыстаған.
Бұл зерттеуімде Байдәулет биден тараған, есімдері ел есінде жүрген бірнеше ұрпағын анықтадым.
Талқанбай шамамен 1800-1803 жылдары туып, 1869-1870 жылдары дүниеден өтсе керек. Қармақшы мен Жалағаш өңірінде Талқанбай есімді үш тұлға өтіпті. Жұртшылық оның бірін би Талқанбай, екіншісін Жаман Талқанбай, үшіншісін Құлыс Талқанбай деп атапты. Менің зерделеуімдегі би Талқанбай – Талқанбай Байдәулетұлы. Екінші бір ескерер жайт, Жаңадария өзенінің бойында «Талқанбайдың үй тамы» де­ген тарихи ескерткіш бар. Көнекөз қа­рия­лардың айтуынша, ол Құлыс кете Тал­қанбай Ниязұлы қабірінің үстіне са­лынған кесене екен.

Мықай Талқанбайұлы

Мықай Талқанбайұлының есімі архив құжаттарында 1852-1853, 1868-1870 жылдарда қатталған. Олай болса, Мықай шамамен 1818-1820 жылдарда өмірге келіп, XIX ғасырдың 1970-1980 жылдарында қайтыс болса керек. Мықайдың артында Бекболат, Есқұлы деген балалары қалған. Олар да әкелері секілді елге сыйлы кісілер болыпты.
Есқұлы Мықаевтың есімі архив құжатына жазылған және қай жерде қыстап отырғаны да нақты көрсетілген. Олай болса, Мықай баласы Есқұлы шежіре бойынша есептегенімізде 1840 жылы туып, XX ғасырдың басында өмірден өткен сияқты.

Тоқсанбай ахун Есқұлыұлы

Тоқсанбай ахун 1875-1876 жыл­дар­да туып, 1915 жылы өзінің есімі­мен аталатын қорымға қойылған. Ауыл­дас­тары оның дін жолындағы таза­лы­ғын, ахундығын құрметтеп, мешіт салып беріп, бала оқытуына жағдай жасаған. Тоқсанбай қайтыс болғаннан кейін балаларының және жергілікті халықтың күшімен үй-там салынған. Сол үй-там бүгінде «Тоқсанбай ахун үй-тамы» деп аталады. Тоқсанбай ахун­ның діндарлығын, тақуалығын қадір тұтатын Тұрмағамбет Ізтілеуов және бас­қа да шайырлар жыр арнаған. Ахун ұрпақтарының басым көпшілігі ескіше де, жаңаша да оқу оқыған. Әлжан мақсұмды көзіміз көрді, тіпті көрші тұр­дық. Бұл жайында Тоқсанбай ахун жайын­да жазған мақаламда кеңірек тар­қатып айтқанмын. Сондықтан оған тоқ­талмаймын.

Байдәулет немересі Зарқұм

Зарқұм Қуанышұлының есімі халық аузында әртүрлі сипатта айтылып ке­ле­ді. Зарқұмның елі үшін жасаған ең­бегі мен ерліктерін, қайраткерлігін Ыды­рыс (мақсұм) Ақмырзаевпен бірігіп жазған мақаламда айтқан болатынмын. Кейін архив құжаттарын толық­ты­рып, бірнеше мақаламды жазып, кітабыма ендіргенмін. Негізінен Зар­құм Қуанышұлының есімін жергілікті тұр­ғын­дар халықты жақтаған батыр ретінде атаса, патша мен Кеңес кезеңінің алғаш­қы жылдарындағы бас­шылар қа­рулы қарақ­шының бас­шысы ретінде қарап, оның ісін солай бағалады.
Зерттеу барысында Қуаныштың үл­кен ұлы 1827 жылы, ал Зарқұм 1864-1866 жылдарда туғаны жайлы жазба деректер кездесті. Алайда ауызша әңгі­мелерде Зарқұмның 1860 жылы туғаны айтылады. Архивтегі жазбаларда Зар­құм есімі 1890-1891 жылдарда көрініс береді. Демек, ол кісі осы жылдардың алдында билікке араласа бастаған тәрізді. Оны тергеп-тексерген іс-қағаздар 1891-1897 жылдар мен 1901, 1903, 1918, 1919 жылдарда көп кездесті. Оны мал-мүлкін тәркілеп, Иркутскіге жер аудару жөнінде және сайлауға дауыс беру құқығынан айырғаны тура­лы құжаттар да бар. Сонымен бірге Зарқұм Қуанышұлының 1898, 1900-1901 және 1918 жылдары абақтыда отыр­ғаны көрсетілген. Құжаттардың бәрін­де «қарулы қарақшылар» тобының же­тек­шісі болғаны айтылады. Бұл топқа негізінен Қаракөл-Қуаңдария, Көткеншек, Қышбөгет тағы басқа да болыстардың адамдары кірген. Қазіргі Қызылорда аймағының біраз жерін қамтыған. Оның тобындағылардың басым көпшілігі Адамбай руының жігіттері. Оны тергеп-тексеруге жауап берген кісілердің аты-жөндерінен білуге болады.
Зарқұмды көрген, онымен етене қа­рым-қатынаста болған кісілердің оны барымтаға жұмсағаны, әсіресе са­раң байлардың малын тартып алып, кедей-кепшікке үлестіргенін айтады. Ауылындағы сексенге жуық үйді осы­лай­ша асыраған деседі. Жауапқа тар­тыл­ғандар және куә болғандардың саны 40-50 адамнан асады.
1918 жылдың аяғында Перовскі СовДеп-інің басшысы И.Гержодтың бұйрығымен Зарқұмның ер балалары және немерелері ұсталып, 1919 жылы Қызылорда қаласы маңындағы Қара­уылтөбеде атылыпты.
Еліміз егемендік алған соң Зарқұм Қуанышұлы толық ақталып, тәуелсіздік жолында күрескен ұлт қайраткерлерінің бірі ретінде (1917 жылы Ташкентте өткен мұсылмандар съезіне және Перовск СовДеп-інің конференцияларына қаты­сып, сөз сөйлеген) танылып, Қызылорда қаласы Титов кентіндегі бір көшеге есімі берілді. Сонымен бірге 1975 жылы оның қыстаған жеріне ескерткіш белгі орнатылғанын да айта кеткеніміз жөн.
Зарқұмның Сейдахмет, Жүсіп Ах­мет, Бекжүсіп, Жүсіпбек және тағы бас­қа балалары болған. Сейдахметтің 1895-1896 және 1912 жылдары билікке ара­лас­қаны туралы мәлімет архив жаз­баларында бар. Кенже баласы Жү­сіп­бекті «қызылдардың қырғыны» ке­зін­де тайқазанның астына жасырып, содан жас бала аман қалған көрінеді. Жү­сіп­бектің көзін көріп, сөзін тыңдадық.

Зарқұм ісіне қатысты
құжаттар сөйлесін

Зарқұм Қуанышұлына байланысты қылмыстық істерде Бахтияр, Ташкен, Бұқарбай Дегенбаевтармен бірге (бір істе) жиені Нұрмахан Серікбаевтың арыз­дары тіркелген. Осыған қатысты Зар­­құмның баласы Сейдахметтің түсі­ніктері қат­талған. Сонымен бірге Топаш, Тө­леш Досымовтар, Қойшыбай, Жазық, Ойса Марқаевтар, Тойжан Кетебаев, Иген Байназаров, Асан Жаба­ғиевтер, бар­­­лығы 45 адамның аты-жөні және сол кезде қанша жаста болғаны көр­се­тілген құжат бар.
1868 жылғы Перовск уъезі тұрғын­да­рының есебін жүргізген құжатта Бай­болат Бөкенбаев, Кетебай Марқаев, Ержан Досымов, Қапақ Тоқаев, Досан Бұй­рыбаев, Ниетбай Бұйрыбаев, Құдай­берген Күзенбаев, Байболат Талқан­баев­тардың есімі де жүр. Бұлардың біразы ұрпақтар таратқан ата-тек ше­жіре­лерінде жоқ. Демек, олардың ұр­пақ­тары жалғаспаған немесе қыз бала болып, шежіреге қосылмай қалуы да мүмкін. Қалай болғанда да тектінің тұяғы Зарқұм Қуанышұлы «халық жауы» емес, нағыз халық батыры болған.

Тынышбек ДАЙРАБАЙ,
зерттеуші, жазушы, этнограф

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: