Кеше ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр «Байқоңыр» ғарыш айлағы мен қаласының 70 жылдық мерекесіне орай Байқоңырға жұмыс сапарымен келіп, «Роскосмос» МК бас директоры Дмитрий Бакановпен кездесті.
Басқосуға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай, Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы Константин Бусыгин, Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Алексей Бородавкин, Ресейден келген делегация, жауапты сала басшылары қатысты.
Кездесуде «Бәйтерек» жобасын жүзеге асыру барысы, алдағы жоспар талқыланды. Роман Скляр «Роскосмос» МК бас директорының халықаралық ынтымақтастық жөніндегі орынбасары Сергей Савельевті ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттаса, Дмитрий Баканов ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиевке «Космос без границ» медалін табыстады.
Басқосудан кейін қонақтар «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенінің құрылыс жұмыстарымен арнайы барып танысты.
Айта кетейік, Қызылорда облысының әкімдігі Байқоңыр қаласының объектілерін тиімді пайдалану үшін нысандарды жалдан шығару бағытында тұрақты жұмыс жүргізуде. Тұрғын үй мәселесін шешу үшін «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 50 пәтерлік бес тұрғын үйдің құрылысын аяқтады. Жаңа 7 «А» шағын ауданы құрылды.Қазіргі уақытта тағы бес тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.
Қаланың сумен жабдықтау және су бұру желілері жалдан шығарылып, облыстық коммуналдық меншікке беріліп, 11,4 шақырым кәріз желілері жөнделді.
Мұндақазақстандық 5 мектеп, 5 балабақша,Байқоңыр қаласының әкімшілігіне қарасты 7 мектеп, 10 балабақшабар.




Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!