Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

22°C

, Сенбі, 27 шiлде, 06:43

Балалар бөліміндегі бір күн

25.11.2023

354

0

Аурухана ішін аралап келеміз, бір сәтте іңгәлаған балалар дауысын құлағымыз шалды, қасымдағы әріптесім де, өзім де «Перзентхана» бөлімі екен деп топшыладық. Бақсақ, бұл негізінен «Балалар» бөлімі екен. Салада 30 жылдан астам тәжірибесі бар Назира Алтаеваның 1 минут уақыты жоқ, дәрігерді де түсінуге болады, себебі қазір балалар арасындағы аурушаңдық көбейген. Содан болар, басшылық құрамның бұл бөлімге тәжірибелі маманды жауапты етіп бекіткені.

Назира Нағашыбайқызын ұзақ уақыт күтуге тура келді, қолы қалт етсе, екеуара диалог құруға дайын тұрмын. Не де болса жұмыс уақытының соңына дейін күтуге бел будым. Себебі ересек науқастардың дертін анықтап, оған емдік шаралар қа­былдарсың, ал балалардың диагнозын дәл таппасаң, ем-домның зая кет­кені былай тұрсын, тұтас бір адамның өмі­ріне қауіп төндіруің бек мүмкін. Сондықтан бұған қатысты сала маманы не дейді? Осы сауалдың жауабын білуге асықтық.
Арада біршама уақыт өткенде дә­рігер де бөлмесіне кіріп, сәл бөгелді, сұх­баттасудың да мүмкіндігі туып, оған сауалымызды қоя жөнелдік. Назира Ал­таеваның қарамағында 10-нан астам ма­ман бар. Осы құрам уақытпен санаспай ау­дандағы 18 жасқа дейінгі балалардың денсаулығын күзетеді. Дәрігер қазіргі таңда балалар арасында аурушаңдық өсім алғанын алға тартады. Әсіресе ке­шегі коронавирустан кейін олардың ара­сында пневмония белең алыпты.


– Бұрын айына 40-50 бала емдейтін едік, коронавирустан кейін айына 80-90 балаға дейін емдейтін болдық. Шыны керек, қазір балалар арасында ауру­шаң­дық көбейді. Шама-шарқымызша олар­дың дертінен айығуына жұмыс жасап жа­тырмыз. Дәрі-дәрмек, қажетті ме­ди­циналық аппараттардан ешқандай тап­шылық жоқ. Бұрын бұл бөлімшеге 1-2 айлық балалар мүлде түспейтін, нау­қастардың ең кішісі 3-4 жаста болатын. Қазірдің өзінде бізде 15 күндік сәбилер де жатыр. Сондықтан біз негізінен 5 жасқа дейінгі балаларды қамтуға тыры­самыз. Бұл 5 жастан үлкендеріне емдік ша­ралар жүргізілмейді деген сөз емес, 3 жасқа дейінгі балалар қақырық тас­тай алмайды. Олардың демікпесі де қысқа болады. Негізінен балалар тез жа­­­­зылғанымен, қысқа уақытта ауы­рып қа­лып жатады. Біз осының барлы­ғы­на дайын болуымыз керек, қазір бала­лар арасында аурушаңдық көбей­гені сон­ша­лық, қызметкерлердің 1-2 каби­нетін де нау­қастар жататын бөлмеге айналдырдық. Себебі олардың денсаулығы бәрінен маңызды, – дейді дәрігер.
Айта кетейік, негізінен бүгінгі таңда балалар арасында пневмония, өкпенің ас­қынуы, сарғаю, бүйрек ауруы, анемия өршіп тұр. Дәрігер бұрын анемияның ең күрделі түріне облыс орталығында ем­дік шаралар жүргізілсе, қазір осы бө­лім­де жүретінін айтады. Оны Назира На­ғашыбайқызы балалар арасында ане­­­мияның ең күрделі түрі өршуімен байла­ныстырады.
Биыл еліміз бойынша қызылша ауруы өршігенін жақсы білеміз. Әсіресе осы ба­лалар арасында бұл дерттің белең ал­ғанын айтып, сала мамандары дабыл қақ­ты. Бұрын кеселге қарсы ба­ла­лар 1 жастан кейін егілетін. Соңғы уақытта қызылша 1 жасқа дейінгі бала­лар арасында көптеп тіркелген. Бас са­ни­­­тардың қаулысымен екпеге қарсы жұ­­мыстар 6 айдан бастау алғаны да сондықтан.
Дәрігерлер негізінен кез келген ке­селге қарсы вакцина алудың тиімділігін алға тартады. Бұған қатысты сала ма­мандарының дәлелі де жоқ емес. Мә­селен, кез келген кеселге қарсы егілген бала ол дертпен ауырмайды, ауырған жағдайда одан сауығып кетуі де қиынға соқпайды екен.
Облыс бойынша балалар арасында қызылша ауруы ең төмен Жалағаш ауданы деуге болады. Мәселен, осыған дейін кейбір аудандарда 40-50 науқас тіркелсе, бізде 9 науқас анықталыпты. Бүгінге дейін оларға сапалы емдік шаралар жүргізіліп, барлығы да дертінен айыққан.
Иә, қалай десек те, балалармен жұмыс жасау медицина саласында қиынның қиыны. Осы жауапкершілігі мол күрделі жұмысты сала мамандары абыроймен атқарып келеді. Білікті дәрігер кейбір балалардың ата-аналары ауруханада ем алмай, үй жағдайында емделуді жөн көретінін алға тартады. Десе де бұған қатысты маман кеңесіне құлақ асқан дұрыс сияқты.
– Өткенде бір ата-ана баласының беті бері қарағасын «әрі қарай үй жағ­дайында ем аламын» дейді. Ол бала негізінен анемияның ең күрделі түріне шалдыққан. Біз қарсы болдық, десе де ата-ананың өз еркі ғой, бірақ олай екен деп баланың да денсаулығына біз бейжай қарай алмаймыз. Содан әлгі ба­ланың ата-әжесімен байланысып, дер­тінен әлі де айықпағанын, оған қарсы үй жағдайында емдік шаралар жүргізудің аздық ететінін айтып, осында қалдыруын өтіндік. Міне, бізде кейде ата-аналармен де жұмыс жасау қиынға соғып жатады. Бірақ жауапкершілік жүктелген екен, соны абыроймен атқаруға тура келеді, – дейді тәжірибелі дәрігер.


Бұл бөлімшеде балаларға негізінен антивактериалды емдік шаралар жүр­гі­зілуде. Дәрігер балалар арасындағы аурушаңдық бұрын көктем және күз ай­ларында өршігенін айтады. Ал қазір жыл­дың 4 мезгілінде де дерт дендеген.


Сұхбатымыз аяқталар шақта медби­кенің бірі дәрігердің үшінші палатаға ба­руын сұрады. Соған қарағанда тағы бір науқастың дерті күрделенген болуы керек, қанша дегенмен жұмысы ғой, жауап­кер­шілік тағы бар, Назира Алтаева әлгі медбикенің артынан асыға жүріп кетті.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: