Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

5°C

, Сенбі, 23 қараша, 20:07

Білікті ұстаздың мәртебесі биік

09.12.2022

1087

0

Аудандағы, қала берді республикадағы үздік мектептердің қатарынан ойып тұрып орын алған Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицей мұғалімдері дарынды балаларды, білікті шәкірттерді тәрбиелеуде оқ бойы озып тұр. Осындай еңбегі жемісті ұстаздардың бірі – Салтанат Қосжанова. Осы мектептің қазақ тілі мен әдебиеті, шетел тілі пәндерінің мұғалімі.

Әр мамандықтың өз қиындығы, соған тән ерекшелігі болады. Бірақ ұстазды көрсең оларға артылар жауапкершілік жүгі айтарлықтай ауыр екенін айтпай-ақ сезінесің. Оған мектеп табалдырығын аттаған сәтте көзім жетті. «Ана тілі – халық болып жасалғаннан бері жан дүниесінің бір айнасы, өсіп-өніп, түрлене беретін мәңгі құламайтын бәйтерегі» деп Жүсіпбек Аймауытов айтпақшы, тіл – өлшеусіз қазына, өрісі кең әлем. Туған тіл туралы қанша толғақты ой қозғасақ та шегіне жетіп, тауыспасымыз анық. Бұл өз алдына бөлек әңгіме. Балалар ынталы, бәрі үй тапсырмасын мүлтіксіз орындап келген. Әрине, сынып болғасын әртүрлі бала болады. Бірі ашық, бірі тұйық, енді бірі алғыр. Арасында мұғалімнің айтқанын әп-сәтте қағып алып, жалғастырып әкететін оқушылар да жоқ емес. Үзіліс кезінде Салтанат Орынтайқызымен әңгімелесіп, біраз жетістікке жеткенін де білдім. Ол кісінің ұстаздық жолға келгеніне де 15 жылдай уақыт болыпты. Бұл уақыт аз да емес, көп те емес. Ең алғашқы еңбек жолын сонау Астана қаласындағы №49 орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастаған. Кейіннен осындағы мемлекеттік гуманитарлық колледжінде ағылшын тілі пәнінен, Астана медицина университетінде шетел тілдері кафедрасында ағылшын тілі пәні бойынша, 2012 жылдың қыркүйек айынан бастап Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейінде қазақ тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі пәндерінің мұғалімі, гуманитарлық ғылымдардың магистрі. Салтанат апай сабақ беретін сыныптың оқушылары талай білім бәйгесінде қатарларынан оза шауып, ұстаз мерейін асқақтатты. Өз ана тілін, әдебиетін, қазақтың ақын-жазушыларының өнегелі өмірлерін, шығармашылығын тереңінен оқып білген оқушылар сайыстарда, байқауларда топ жарып жүр. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген осындайда айтылса керек.

Білім жолының қызығымен қатар қиындығы да соншалықты көп. Ерінбей, шыдамдылық пен жауапкершілікті жанына серік еткен мұғалім атаулының – ұлы мамандық иелері аталуының да сыры осында екен. «Осы отырған балалардың барлығы тұлға болып қалыптасады. Бірі ұстаз жолын қуар, бірі ақ халатты абзал жан болар, енді бірі халық үшін қызмет етер, әйтеуір бәрінің де білікті ұстаздың арқасында өмірден өз орнын, бағытын табары сөзсіз. Ана бала алғыр екен, ал мына бала үнсіз тыңдап, соңында сұрақтың жауабын дөп басып айтып отыр. Әйтеуір бір-бір мамандық иесі отыр осында» деген ой келді.

Шәкірттердің білім бәйгесін үздіктер қатарынан көрінуі де заңдылық. Себебі ұстазы Салтанат Қосжанова да білім саласының дамуына қосқан үлесі мен нәтижелі жұмысы үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталған. Сонымен бірге 2017 жылы іскер, қабілетті басшыны анықтау мақсатында ұйымдастырылған республикалық «Менің басшым – ең үздік директор» атты эссе байқауда жүлделі ІІ орын алса, осы жылы облыстық білім басқармасының «Құрмет грамотасы», «Үздік сындарлы сабақ», педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру, «Жас ғалымдардың заманауи көзқарасы» тақырыбында өткен білім бәйгелерінде жүлделі орындармен марапатталған. Бұдан бөлек «Үштілділік – білім берудің жаңа мүмкіндігі» облыстық байқауында ІІ орын, 2018 жылы оқушыларды ҰБТ-ға жүйелі дайындағаны үшін «Облыстық олимпиадалар және қосымша білім беру» орталығының дипломымен, 2018 жылы «BILIM LAND» сайты ұйымдастырған «Жаңашыл мұғалім-2018» байқауының финалисі атанғаны үшін «Алғыс хатпен», 2018 жылы Арал қаласында Ә.Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романы бойынша өткізілген облыстық командалық дебатта ІІІ орын иеленген. Сонымен қатар «Қызылорда облысының білім беру саласын дамытудағы еңбегі үшін» жергілікті ерекшелік белгісімен,  инклюзивті сыныпқа арналған сабақты жоспарлау облыстық байқауында ІІ орынмен, шығармашыл мұғалімдердің облыстық тәжірибе алаңында көрсеткен үздік жұмыстары үшін Құрмет грамотасымен, Әл-Фараби – әлемдік тұлға республикалық-ғылыми конференцияға қатысып, кәсіби шеберлік көрсеткені үшін республикалық «Дарын» орталығының дипломымен, республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы ұйымдастырған «Білім беру жүйесіндегі бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеудің маңыздылығы» атты республикалық конференцияда І орынмен, өткен жылы «Педагогикалық идеялар фестифалі – 2020» республикалық байқауында ІІІ  орынмен марапатталып, ҚР Білім және ғылым вице министрінің грамотасы мен медалін иеленді. Бойынан мамандыққа деген шексіз құрмет пен жауапкершілік  табылатын білікті ұстаз ҚР Білім және ғылым министрлігі «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арналған жолдауындағы білім саласына байланысты бағыттарын кеңінен насихаттау мақсатында өткен «Білім беру ісінің үздік педагогі – 2020» атты республикалық байқау жеңімпазы атанып, жүлделі І орынды иеленген. Салтанат Орынтайқызының марапат тақтасын ҚР Білім және ғылым министрлігі «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын білім беру ұйымдары мн білім алушылар арасында кеңінен насихаттау мақсатында өткен «Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша оқытудағы жаңа әдіс-тәсілдер» атты республикалық байқауда иеленген І орын дипломы, Мемлекеттік тілдің дамуына қосқан елеулі үлесі мен қоғамдық жұмыстарға белсене қатысқаны үшін халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Құрмет грамотасы, «Педагогикалық идеялар фестифалі – 2020» республикалық байқауында  алған ІІІ  орын дипломы, ҚР Білім және ғылым вице министрінің грамотасы мен медалі толықтырып тұр.

Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп тұратын республикалық «Үздік педагог – 2022» байқауы жуырда мәресіне жетіп, қорытындыланды. Биыл аталған білім бәсекесіне республика бойынша 5 500 талапкер қатысса, соның 123-і облыстан іріктеліп, республикалық кезеңге өтті. Яғни байқаудың соңғы кезеңінде білім беру саласының 123 қызметкері бақ сынады. Олардың ішінде Жалағаш ауданынан бір үміткер болды. Ол – Темірбек Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Салтанат Қосжанова. Сонымен байқаудың қорытынды нәтижесінде алғаш рет өңіріміздің төрт ұстазы әртүрлі пәндер бойынша жеңімпаз атанды. Атап айтсақ, Темірбек Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Салтанат Қосжанова, Мәншүк Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің оқытушысы Ұлжан Есмаханова, №9 дарынды балаларға арналған облыстық «Білім-инновация» лицей интернатының география пәні мұғалімі Ләззат Құлымбетова және Жәлел Қизатов атындағы №23 мектеп-лицейдің биология пәні мұғалімі Айгүл Қиясова 2022 жылдың үздік педагогы деп танылды.

Елордадағы «Radisson Hotel Astana» қонақ үйінде өткен байқаудың салтанатты марапаттау рәсіміне Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов арнайы қатысып, жеңімпаздарды құттықтады және 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 3 млн теңге сыйақы мен «Үздік педагог» төсбелгісін табыс етті. – Мұғалім – ең қастерлі мамандықтың бірі. Сіздер Ахмет Байтұрсынов, Ыбырай Алтынсарин сынды ұлтына адал қызмет еткен көрнекті ағартушылардың ізін де, ісін де жалғастырып келесіздер. Мемлекет басшысының өзі білім саласына, ұстаздарға көп көңіл бөліп отыр. Соның нәтижесінде «Педагог мәртбесі туралы» заң қабылданды. Мұғалім мәртебесін көтерудің алғы шарты – мұғалімдердің айлық жалақысын көтеруді көздеді. Сонымен бірге ұстаздарды өзінің қызметтік міндетіне жатпайтын функциялардан босатуға мүмкіндік берді. Мұғалімдерге одан да басқа қолайлы жағдайлар жасала бастады. Алайда білім сапасына қатаң талап қойылды. Бүгін мәресіне жетіп отырған байқау да білім сапасын жақсартудың бір тетігі. Жылдан-жылға бұл байқаудың маңызы артып келеді және соған орай қатысушылардың да қатары көбейіп отыр. Бұл байқау мұғалімдерге өзінің білім деңгейін анықтап, салада жинаған тәжірибесін саралауына, еңбегін бағалауына мүмкіндік береді. Қай салада да бәсеке болуы керек. Сонда ғана даму болады, алға ілгерілеу болады. Әрине бүгінгі байқаудың жеңімпаздары өздерінің білім деңгейі мен біліктіліктерін дәлелдеп шықты. Сіздерді жеңістеріңізбен құттықтаймын және білім саласын дамытуға қосқан үлестеріңіз үшін алғысымды білдіремін, – деді Асхат Қанатұлы. Салтанат Қосжанова – үнемі ізденіс үстінде жүретін жаңашыл мұғалім және жиған білімі, тәжірибесімен шәкіртті ғана емес, өзін де үнемі жетілдіріп отыратын нағыз ұстазға тән бекзат болмыстың иесі. Оқырмандардың ойына тағы да сала кеткенді жөн көрдік, Салтанат Қосжанова – Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі ұсынған «Абайтану» оқулығын әзірлеген авторлардың бірі. Нақтырақ айтсақ, биыл жаңа оқу жылынан бастап мектеп бағдарламасына еніп, пән ретінде оқытыла бастаған қосымша әдістемелігі бар «Абайтану» хрестоматиясын жазып, даярлаған республика бойынша үш мұғалімнің бірі. Сондай-ақ Салтанаттың өз пәні бойынша дайындаған оқушылары облыстық, республикалық, халықаралық олимпиадалардан жүлделі орындар иеленіп келеді. – 2012 жылдан бері өткізіліп келе жатқан бұл байқауға қойылатын талап өте жоғары. Байқаудың ережесі бойынша әр қатысушы мұғалімнің республикаға тараған педагогикалық тәжірибесінен жинақталған әдістемелері, авторлық бағдарламасы, республикалық конкурстарға, фестивальдарға, конференцияларға қатысқаны, ондағы жасалған баяндамалары болуы тиіс. Сонымен бірге түсірген телевизиялық сабақтары, «Оқуға құштар мектеп» жобасы, дебаттық қозғалыс бойынша атқарған жұмыстары және ата-аналармен қарым-қатынас жұмыстары, волонтерлық қызметтері, қайырымдылық іс-шараларына белсенділігі және басқа да педагог атқаруы тиіс жұмыстардың барлығы сұралады. Мен байқаудың облыстық кезеңінде өзге әріптестерімнен басым ұпай жинап, республикалық кезеңге өттім. Байқаудың ережесі бойынша бұрын көрмеген мектебімізде болып, танымайтын оқушыларға сабақ бердік. Сабақтарымды талдау кезеңінде комиссиядан жоғары баға алдым. «Сабақтың құрылымы, сабақ барысында қолданылған тың әдістәсілдеріңіз, сабақтың әр кезеңінде оқушылармен қарым-қатынас орнатуыңыз, соның ішінде олардың әрбір сөзі мен әрекетіне жіті мән беруіңіз, оқушылармен жұмыстарды саралауыңыз көңілімізден шықты және біз оны тәжірибе ретінде өз сабағымызда қолданатын боламыз» деді. Шынымды айтсам, комиссия мүшелері мен әріптестерімнің осындай бағасы мен үшін байқаудың жүлдесінен де қымбат болды, – дейді Салтанат Қосжанова. Иә, бүгінде Мемлекет басшысы білім саласына айырықша назар аударып, мұғалімдердің жағдайына жіті мән беріп отыр. Қабылданған жаңа заңның аясында педагогтардың мәртебесін көтеруде көптеген жұмыстар атқарылып келеді. Оның мақсаты – мұғалімдердің жағдайын жасау арқылы жаңашыл, ізденімпаз мұғалімдердің қатарын көбейту, жас ұрпаққа ұлттық тәрбие бере отырып, оларды жаңа методикалар арқылы әлемдік стандарттарға сәйкес оқытуға мүмкіндік туғызу. «Үздік педагог» байқауы нағыз ұстаздарды анықтайды. Сол үздік педагогтардың қатарынан жерлесіміздің көрінуі – ауданымыз үшін, тіпті аймағымыз үшін үлкен абырой.

Жалпы есімі елге танылған тұлға, туған жері мен халқына елеулі қызмет жасаған, саналы ғұмырында Қазақстандағы мәдениет, әдебиет, өнер саласының талантты ұйымдастырушыларының бірі, республиканың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, тағы басқа да абыройлы әрі жауапты қызметтерді атқарған Темірбек Жүргеновтың атын арқалаған білім ошағынан дарынды шәкірттердің көптеп шығуы заңдылық та болар. Туған елі мен жеріне адал қызмет етіп, оған қоса сан алуан тақырыпта қалам тербеп, оқырманын тапқан талантты азаматтың басшылық, ұйымдастырушылық, іскерлік қабілеттері көпке үлгі боларлықтай.

Біз мектептің тыныс-тіршілігімен, мұғалімдердің жұмысымен танысу барысында жеткен жетістіктерінің де аз еместігін байқадық. Бұған дейінгі жетістіктерін айтпағанның өзінде өткен жылдан бері мектеп ұжымы талай биікті бағындырған екен. Ерекше атап өтетін жетістіктердің қатарында облыстық білім басқармасы және облыстық кәсіподақ ұйымымен бірлескен «Үздік әлеуметтік әріптес – 2020» номинациясын 5 жыл қатарынан иеленгенін, жыл сайын білім саласындағы жетістіктері үшін берілетін аудан әкімінің «Үздік білім беру ұйымы» номинациясына ие болып жүргенін айтуға болады.

Қазіргі таңда көптеген шәкірттері аяулы ұстаздың тәлімі мен тәрбиесін алып, алтын ұясынан түлеп ұшып, арман-мақсаттарына қол жеткізіп, еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет етуде. Осындай жүрегі мейірім мен жылылыққа толы, бала бойын білім нәрімен сусындатып, ұрпақ тәрбиелеуде ұлттық құндылықтарды ұштастыра білетін нағыз маман иелерінің қатары көбейсін демекпіз.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: