Әне-міне дегенше тағы бір оқу жылы аяқталуға жақын. Енді «Балалардың жазғы демалысын қалай қызықты өткізуге болады?» деген сұрақ әрбір ата-ананың көкейінде туындайтыны рас. Иә, қуаныш пен шаттыққа толы ұмытылмас естеліктер қалдыратын жазғы лагерь оқушылар үшін таптырмас мүмкіндік болары сөзсіз. Бірақ бүгінде жазғы лагерьлерге жолдама сатып алуды кез келген ата-ананың қалтасы көтере бермейді. Десе де өңірімізде ұлттың болашағы дегенде ішкен асын жерге қоятын атпал азаматтарымыздың табыла кететіні бар. Мәселен, Ақсу ауылындағы №116 орта мектепте балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалыс уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасы балаларына Жаңақорған ауданы «Талдысу» лагеріне демалуға 10 жолдамаға қолы ашық ауыл азаматтары тарапынан демеушілік көрсетілді.
Білікті ұстаз – сапалы білім негізі
«Мұғалім қандай болса, мектеп һәм сондай болмақшы. Яғни мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң ең әуелі мектепте керегі – білімді, педагогикалық методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім» деген А.Байтұрсынов.
Иә, ол үшін мұғалім өзінің білім беру ісінде қазіргі заманға лайық рухани, шығармашылық ізденіспен жұмыс істейтін, өмірге еніп жатқан жаңа технологияны меңгерген, білігі мен білімі жоғары ұлағатты тұлға болуы міндетті.
Ұстаз деген атқа кір келтірмей, дәл осы ұстанымды ұстауды құп көретін Ақсу ауылындағы №116 орта мектептің ұжымын ерекше атап өтуге болады. Аталған білім ордасы бүгінде өскелең ұрпақты оқытып, тәрбиелеуде қалтқысыз еңбек етіп келеді. Мұғалімдер мен оқушылар республикалық, облыстық, аудандық білім байқаулары мен олимпиадаларына қатысып, жүлделі орындарды алып жүр.
Биылғы оқу жылында мектеп директорының міндетін атқарушы Күміскүл Иманқалиеваның бастамасымен мектептің әдістемелік кеңес жоспарына сәйкес әр тоқсанға төрт бағыт бойынша мұғалімдердің ашық есік күнін ұйымдастыру жоспарланған. Бірінші тоқсанда бастауыш пәні бірлестігі «Сабақ процесінде бастауыш сынып оқушыларының қабілеттерін үйлесімді дамытуға бағытталған әдістер мен үдерістер» тақырыбында, ал екінші оқу тоқсанында “Жаратылыстану-математикалық пәндерде функционалдық сауаттылықты дамыту” тақырыбында аудандық ашық есік күні өтті. Үшінші оқу тоқсанында қоғамдық-гуманитарлық бағыт пәні мұғалімдерінің «Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту арқылы сөйлеу, сыни ойлау, жазу, тыңдау, зерттеу дағдыларын қалыптастыра отырып, тиімді нәтижеге жету» тақырыбындағы ашық күні ұйымдастырылған.
Жобаға мектептегі барлық ұстаздар мен білім бөлімінің әдістемелік кабинет әдіскерлері толық тартылған. Тек мектеп іші ғана емес, ауданның барлық білім ошақтарынан ұстаздардың қатысуына мүмкіндік жасалған. Ауданның 19 мектебінен әр ашық есік күніне 50-ге жуық мұғалім қатысып, мектеп ұстаздарының озат іс-тәжірибелерін көріп, өз қоржындарын пайдалы ақпараттармен толықтырды. Өткен аптада өнер бірлестігінің мұғалімдері ашық есік күнін өткізіп, жобаны жоғары деңгейде аяқтады. Нәтижесінде шараға қатысушы мұғалімдер мен оқушылар еңбекке баулу, сурет салу, мектеп театры, қолөнер бағытында бір-бірімен ауқымды ақпаратпен алмасты.
– Қазіргі таңда білім саласы үнемі жетіліп, жаңарып отыруды қажет етеді. Иә, 21 ғасыр – жаңа дәуір, сондықтан жаңа көзқарасты, жаңашылдықты талап етеді. Соның ішінде білім саласында болып жатқан жаңа өзгерістердің мәні мен маңызы зор. Соған сай мұғалімдер де өздерінің біліктіліктері мен білімдерін үздіксіз жаңғыртып отыруға міндетті. Бұл бағытта біздің мектепте бірқатар жұмыс жасалды. Мәселен, жоғарыда айтып өткенімдей, ашық есік күнін өткізу – мектебіміздің бірегей жобасы. Сол арқылы мұғалімдер аудандағы өзге де әріптестерімен тәжірибе алмасып, бала оқытудағы жаңа әдістерді үйренеді. Алдағы уақытта да осындай тиімді жобаларды жүзеге асыруға жұмыс жасайтын боламыз, – дейді Күміскүл Иманқалиева.
Ауыл мектебінде бүгінде 318 оқушы білім алуда. Олардың 27-сі – түлектер. Бір қуантарлығы, түлектердің барлығы дерлік ҰБТ-ға қатысып, бақ сынамақ. Түлектер қатарында “Алтын белгіге” үміткер 1 оқушы, “Үздік аттестатқа” үміткер 3 оқушы бар. ҰБТ-ға дайындықтары жоғары деңгейде, себебі алдын ала өтетін дайындық сынақтан түлектердің орташа деңгейі 80 баллға жеткен. Сондай-ақ тағы бір мақтанышпен айтатын жайт, былтыр бітірген мектеп түлектерінің барлығы да мемлекеттік грантты жеңіп, бүгінде еліміздің белді оқу орындарында білім алып жатыр.
Бұл нәтиженің бірден бір себебі ауылдағы білім ордасы оқушыға сапалы білім беруге қажетті заманауи технологиялармен, ақпараттық ресурстармен жоғары деңгейде қамтылған. Атап айтсақ, мультимедиа, интерактивті және лабораториялық кабинеті жұмыс істейді. Бұл аталған кабинеттерге сапалы интернет желісі де тартылған. Сонымен қатар мектепте оқушыларды жаратылыстану бағыты бойынша тереңдетіп оқытуға ерекше көңіл бөлінген. Өйткені жоғары сыныптағы оқушылардың басым бөлігі өзінің болашақ мамандығы осы бағытта өрбігенін құп көреді.
Өткен аптада білім ордасынан 41 оқушы жаратылыстану бағыты бойынша, яғни математика, физика, химия, информатика, география және биология пәндерінен өтетін «TIMSS-2023» халықаралық зерттеуіне қатысқан.
Сондай-ақ оқушылар «Жасыл мектеп» жобасын да қолға алып, іске асырып жатыр. Бұл жоба аясында мектеп қабырғасында арнайы кабинет те жасақталған. Кабинетке жауапты биология пәнінің лаборанты Жанар Боранқұлованың айтуынша, мұнда оқушылар құлпынай, қызанақ, қызылша және қияр сияқты түрлі жеміс-жидектер мен көкөністерді өсіреді. Яғни практикалық лаборатория ретінде қарайды. Әрбір бала өзі өсіріп, өз қолымен таңдауы бойынша өсімдіктерді баптайды. Ауыл шаруашылығы дақылдарын егіп, оны баптауға машықтанады. Осы жоба арқылы оқушылардың биология және өсімдік шаруашылығы саласындағы білімі кеңейеді, экологиялық қағидаттарды ұстануды және еңбекке құрметпен қарауды қалыптастырады.
Мұнан бөлек мектепте оқушыларды жан-жақты дамыту мақсатында бірнеше үйірме мен секция жұмыс істейді. Әрине үйірменің үйретері көп. Оқушылар робототехника, домбыра, қолөнер, театр үйірмесіне, сондай-ақ тоғызқұмалақ, волейбол, футбол, баскетбол, шахмат және дойбы секцияларына қатысады.
Озат оқушы – мектеп мерейі
«Халықты халықпен, адамды адаммен теңестіретін – білім» деп М.Әуезов айтқандай, елдің жарқын болашағы кемел білім мен ұлағатты тәрбиеге байланысты. Иә, баланың бойындағы табиғат берген ерекше қабілетті, дарындылықты тани білу, оның әрі қарай дамуына бағыт-бағдар беру қажеттілігін әр мұғалім түсінуі керек. Ол үшін дарынды оқушымен жұмыстың әлеуметтік қажеттілігін сезінуі, нәтижелі әдіс-тәсілдерді талмай ізденуі, жоғары нәтижелерге жетуге ұмтылуы сияқты талаптарды орындайды. Әрине осы тұста білімге құштар озат оқушы мектептің абыройын көтеріп қана қоймай, қатарластарын да жоғары жетістіктерге жетуге жол ашады.
Осындай білімге құштар, озат оқушының бірі Дархан Мырзабекке ұстаздары үлкен үміт артып отыр. 8 сынып оқушысы аудан көлемінде ұйымдастырылған білім байқауларында жақсы қырынан көзге түсіп, топ жарып жүр. Мәселен, география пәнінен аудандық олимпиадада 1 орынды жеңіп алып, облыста білімімен күш сынасты. Осылайша Дархан облыстық олимпиада резервінің құрамына енді. Яғни ол облыстағы өзінің қатарластарымен білім байқауларына бірге дайындалуға мүмкіндік алды. Ізденімпаз, белсенді болып өсуді мақсат еткен Дархан – бүгінде мектептегі үздік оқушылардың бірі, үлгерімі де өте жақсы.
«Жігітке жеті өнер де аз» демекші, озат оқушы біліммен қатар спортты да қатар алып жүр. Баскетболдан мектеп құрамасында өнер көрсетеді. Тоғызқұмалақтан биыл оқушылар арасында облыс көлемінде өткен жарыста жүлделі орынды иеленіп, республикаға жолдама алды. Сонымен қатар мектептің мәдени өміріне де белсене араласады. Әдебиет пәнінен өткен аудандық мәнерлеп оқу байқауында да үздік өнер көрсетті. Бүгінде озат оқушы алдағы уақытта өтетін бірнеше жарыс пен байқауға дайындық үстінде. Жазғы демалыста Қостанай, Тараз қалаларына жарысқа баруды жоспарлап қойыпты.
Дарханның ұстазы, ғылыми жетекшісі, география пәнінің мұғалімі Гүлсім Әбуованың да өз саласында жеткен жетістігі көп. 27 жыл еңбек өтілі бар ұстаз, 2014 жылы география пәнінен авторлық бағдарламасын бекітіп, облыстық деңгейде 1 орын алса, 2017 жылы “Облыстың ең үздік географы” атанады. Сондай-ақ оқушылары олимпиадалар мен ғылыми жобалардан үздік көрініп, білім ордасының абыройын асқақтатып жүр.
Мектептегі кітапхана
«Кітап – білім бұлағы» демекші, осынау білімнің тұнық та мөлдір бұлағынан шәкірттерді сусындатып, олардың рухани дүниесін молайтып, тағылымы мол тәрбие ошағына айналып отырған кітапхананың мектепте алар орны орасан. Иә, жас ұрпақтың санасында туған еліне деген құрмет пен мақтаныш сезім ұялатып, ұлттық рухты сіңіру, сондай-ақ ана тілі мен әдебиетін, тарихы мен өнерін қастерлеп, халықтың салт-дәстүрін ардақтай білуге тәрбиелеу кітаптың еншісінде. Сондықтан мектеп кітапханасы оқушылардың шығармашылық жұмыстармен шұғылдануына көп ықпалын тигізеді. Осы орайда кітапханада «Оқуға құштар мектеп жобасы» аясында көптеген танымдық іс-шара өткізіліп, көрмелер ұйымдастырылады.
Кітапханашы Ғалия Жүнісованың айтуынша, мектеп қабырғасында Алаш қозғалысына 105 жыл толуына орай «Қазақ әдебиетіндегі тұңғыш роман – Бақытсыз Жамал» тақырыбында кітап оқу айлығына байланысты танымдық сағат өткізілген. Сондай-ақ «Тағдыр жолы» деректі фильмінен үзінді алынып, «Алаштың Әлиханы» тақырыбында театрлық қойылым қойылса, «Арда туған алаш алыптары» тақырыбында эссе байқауы да өткен. Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 130 жыл толуына орай ұлы тұлғаның өмір жолы мен шығармашылығының тарихи мазмұны мен мағынасы туралы білімдерін жетілдіру мақсатында «Шәкәрім – ұлы тұлға» тақырыбында танымдық сағаты ұйымдастырылды. Төменгі сынып оқушылары үшін «Бабалар үні» челленджі аясында батырлар жырын жатқа оқу акциясы да жалғасын табуда. Бұл іс-шаралардың мақсаты бір, яғни оқушыларға қазақ халқының ғасырлар бойы өткен қиыншылықтарын айта отырып, зұлмат жылдары елінің азаттығын аңсаған ұлт зиялыларының өмір жолына тоқталу, өз елін, жерін қорғайтын ұрпақ тәрбиелеу. Бір қызығы аталған танымдық шараларға тек оқушылар ғана тартылып қоймай, мектеп мұғалімдері мен техникалық қызметшілер де белсене қатысады.
Жалпы, кітапханада кітап қоры ауқымды, нақтырақ айтсақ, 21 554 кітап түрі жинақталған. Рухани орда үнемі жаңа еңбектермен толығып тұрады. Қоғамның дамуына қарай ақпаратты жан-жақты алу, яғни аудио, видео, интернет жүйесі арқылы мүмкіндік туғанымен кітапхана арқылы әдеби кітаптарды оқи отырып, алған білім мен сауаттылықтың орны ерекше екенін мектеп ұжымы жақсы түсінеді. Сондықтан бұл орын мектептің жүрегі, бір бөлігі болып қала береді.
Мектеп психологының тәжірибе тәсілі
Бүгінгі таңда мектептің негізгі міндеті баланың бастапқы тұлғалық қалыптасуын қамтамасыз ету, оның қабілеттерін айқындау және дамыту, психологиялық денсаулығын нығайту болып отыр. Әрине баланың жеке басының дамуына, жеке тұлға болып қалыптасуына жағдай жасайтын, бәсекеге қабілетті, елдің ертеңі болатын жас ұрпақты өсіріп, дамытатын мектеп болуы тиіс. Осы тұрғыда білім ошағында арнайы кабинет жасақталып, психолог маман қызмет атқарады. Психолог Райкүл Байғанаеваның айтуынша, оқушылармен жұмыстың өзі бірнеше бағытқа бөлінеді. Мысалы, дарынды балалармен, үлгерімі төмен оқушылармен, құқық бұзушылыққа бейім оқушылармен, яғни аутодеструктивті мінез-құлық байқалған топтармен жеке-жеке жұмыс істейді.
– Мектептің педагогикалық ұжымы психологпен, яғни менімен тікелей байланыс орната отырып, баланы түсініп, оларды психологиялық жағынан зерттеп біліп, түрлі бағытта жұмыстар жүргізеді. Бүгінгі таңда ешқандай мектепте балалардың жан дүниесін, ішкі сырын, жеке басының тәртібін, олардың ата-анамен, ұстаздармен қарым-қатынасын, балалардың өзара қарым-қатынасы, олардың арасында болатын түрлі конфликтілерді психологсыз шешу мүмкін емес. Сондықтан біз, психологтар оқушылармен әрдайым бір толқында жүреміз. Қандай бағытты, көзқарасты ұстансын, білім алушыларды қабылдап, сөйлесеміз, көмек береміз. Балалар көбінесе құрдастар арасындағы мәселелер, ата-анасымен қарым-қатынас, жігіт пен қыз арасындағы мәселелерін айтып келіп жатады. Педагогтермен түсініспеушілік бойынша сирек келеді, – дейді Райкүл Байғанаева.
Сонымен қатар оқушының мұғалімге немесе ата-анасына тікелей айта алмайтын мәселесіне құлақ түріп, кері байланыс жасау үшін мектепте сенім жәшігі де орнатылған. Сенім жәшігі 1 айда бір рет ашылып, сол бойынша кеңес беру, жеке сөйлесіп, мәселесін тыңдау жұмыстары жүреді.
Сондай-ақ мектеп қабырғасында дефектолог маманның кабинеті жасақталған. Онда дефектолог Темірхан Нұртуған мүмкіндігі шектеулі, арнайы диагнозы бар балалармен жұмыс жасайды.
Оқушыны жан-жақты қолдау маңызды
Қазіргі уақытта өскелең ұрпақты тәрбиелеу ең маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Олардың әлеуметтік ортаға бейімделуі, қоғамда өз орнына дұрыс бағыттай алуы, құқықтарының қорғалуын қадағалайтын бүгінде әлеуметтік тәрбие беретін мамандар жұмыс жасайды. Осы тұста ауылдағы мектепте оқушылардың әлеуметтік жағдайын көтеру, материалдық көмек көрсету, білім алуға кедергі келтіретін факторларды шешуде бірқатар шара ұйымдастырылған. Мәселен, мектепте әлеуметтік тұрмыс жағдайы төмен отбасылардың 101 оқушы, 1-4 сыныптағы жеке санаттағы 68 оқушы, барлығы 169 бала тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілген.
Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасымен, «Мектепке жол» жалпы республикалық қайырымдылық акциясы жыл бойы өтетін форматқа ауыстырылды. Осы орайда демеушілер арқылы әлеуметтік көмекті қажет ететін осал топтағы отбасы балаларын жаңа оқу жылына дайындау бағытында біршама жұмыс атқарылған.
Атап айтатын болсақ, «Сәрке батыр» ЖШС 17 оқушыға және 1 сыныпқа қабылданған 28 оқушыға оқу құралдарына көмек көрсетті. «Талап» ШҚ төрағасы О.Бекетов 3 оқушыға, «Мақсат» ШҚ төрағасы М.Дәулетбеков 4 оқушыға, «Ақбостай» ШҚ төрағасы А.Боранқұлов 6 оқушыға, «Аманат» партиясы 3 оқушыға, жеке кәсіпкер А.Айтуғанов 1 оқушыға, Ақсу ауылының әкімі М.Шілдебаев 1 оқушыға, “Бәйтерек” ШҚ төрайымы Г.Абуова 2 оқушыға, жеке кәсіпкер М.Скақова 1 оқушыға, №116 орта мектеп директорының міндетін атқарушы К.Иманқалиева 2 оқушыға, мектеп мұғалімі А.Ноғайбаева 2 оқушыға, және мәслихат депутаты 1 оқушыға, мектеп дерекциясы 2 оқушыға мектепке пайдаланатын қажетті оқу құралдарымен, яғни сөмке, дәптер, қаламсап, түрлі-түсті қарындаш, сурет дәптері, сызғыш, қалың дәптер, дәптер қап, кітап қап, өшіргішпен қамтамасыз етіп, қаржылай көмек көрсетті.
Сонымен қатар «Қайырымды іс жаса, қайырлы болар әр ісің» атты акцияны өткізу барысында мектеп мұғалімдері көпбалалы, аз қамтылған отбастылардан шыққан 6 оқушыға киім-кишек алып берді. Мектепте ерекше қолдауды қажет ететін отбасына мектеп ұжымы жылу маусымында көмір түсіріп берді.
«Наурыз шапағаты» атты қайырымдылық акциясына «Мақсат» ШҚ төрағасы М.Дәулетбеков 2 оқушыға демеушілік жасады. Қасиетті рамазан айында Ақсу ауылының «Беркімбай кәлпе» мешітінің бас имамы Б.Қапановтың бастамасымен ауыл жастарының демеушілігімен аз қамтылған және көпбалалы 13 отбасына көмек көрсетілді.
Сонымен қатар «Сәрке батыр» ЖШС-ның құрылтайшысы Ж.Шажанбаев 3 оқушыға, «Талап» ШҚ төрағасы Б.Бекетов 1 оқушыға, «Ақбостай» ШҚ төрағасы А.Боранқұлов 3 оқушыға, жеке кәсіпкер Д.Ильясов 1 оқушыға, «Бәйтерек» ШҚ төрайымы Г.Абуова 1 оқушыға Жаңақорған ауданы «Талдысу» лагеріне демалуға демеушілік жасады. Пәндік олимпиада жеңімпаздарына және олардың ұстаздарына «Ақсу» ШҚ төрағасы С.Қалтаев қаржылай сыйлық берді. Осы бағыттағы жұмыстарды үйлестіруде әлеуметтік педагог Гүлзия Абылованың еңбегі зор.
«Қайырымдылық білектен, мейірімділік жүректен» демекші, ауыл азаматтары осындай игі істерімен өзгелерге үлгі болып жүр. Әрине ауыл халқының мақсаты бір, ол – болашақ ұрпақтың бойына мейірім мен қамқорлықты тәрбиемен сіңіру.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!