Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-5°C

, Сенбі, 21 желтоқсан, 20:43

Бірлігі бекем, тірлігі тиянақты

19.09.2023

408

0

Бұл ауылға мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтың есімі берілгеніне де он жылға жуықтапты. Қазіргі таңда елді мекенде 300-ден астам отбасы бар. 1800-ден астам халық мекен еткен қайраткер атындағы ауылдың алдағы уақытта екінші тынысы ашылатындай. Былтыр да елді мекеннің еңсесін тіктейтін екпінді жобалар бұл ауылда жүзеге асқан. Қуантарлығы, биыл да Темірбек Жүргеновтың 125 жылдығы аясында бірқатар жоба қолға алынды. Әрбір жобаның түбін түртсең, мақсаты қайреткер рухына тағзым ету мақсатында қолға алынғандай. Бүгінде оның барлығының жергілікті халық игілігін көріп отыр.

Иә, ауыл халқының негізгі тіршілік көзі – егін және мал шаруашылығы. Бұған дейін Сыр салысынан мол астық жиған жергілікті шаруашылықтар был­тырдан бері бақша өнімдеріне ба­сымдық берген. Мұнан бөлек бірнеше гектарды құрайтын ауылдағы алмабақ өнімдері бүгінде еліміз бойынша үлкен сұранысқа ие.
Жалпы қайраткер атындағы ауыл­­да халық санына шаққанда жұ­мыс­сыздық деңгейі 2,4 пайызды құрайды. Оның деңгейін төмендету үшін ауыл әкімі тиісті жобалар қолға алы­на­ты­нын айтады. Ауыл әкімі әлі де кәсіп бастаймын деген жерлестерін сүйе­мел­деумен келеді. Олар қайткен күнде мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көреді, пайыздық үстемақысы төмен не­сиеге қалай қол жеткізеді? Осы са­уал­­дардың түйінін тарқатуға Баукең бар уақытын арнаған. Нәтиже де жоқ емес.
– Ауылда кәсіпке бет бұрған аза­маттар жетерлік. Бұл бір жағынан елді мекеннің еңсесін тіктеуге үлкен қол­ғабыс болып отыр. Бұрын іс бастаған азаматтардың барлығы егін және мал шаруашылығы саласында жұмысын жүргізсе, бүгінде ауылда сала түрленген. Қазірдің өзінде Мақпалкөл ауылдық округінде шаштараз, компьютерлік ор­талықтар халыққа сапалы қызмет етуде. Енді бұл азаматтар кәсібін кеңейтуге басымдық беруде. Демек егін және мал шаруашылығы саласынан өзге де кәсіпорындар өніміне ауылда сұ­раныс бар деген сөз. Болмаса олар мұндай қадамға бармас еді, – дейді ауыл әкімі Бауыржан Тұңғышбаев.
Темірбек Жүргенов ауылында бү­гінде 90-ға жуық кәсіпорын бар. Тіркел­ген кәсіпкерлік субьектісінің бүгінде 99 пайызы жұмыс жасап тұр. Бұ­­­рын елді мекенде тек егін және мал ша­­руа­шылығында жергілікті тұрғындар кәсібін дөңгелентсе, бүгінде сала түр­ленген.
Былтыр екі ауыл тұрғыны кәсіп бастауға бел буған. Алайда оларға ша­руасын ширатуға қолдағы азғантай қаражат қолбайлау болыпты. Осы­лай­ша екеуі де мемлекеттік грантқа өтінім беріп, оны қорғап шығады. Нәти­жесінде комиссия мүшелері қос жобаны да қаржылай қолдауға лайық деп тауыпты. Қазіргі таңда екеуі де ауыл халқына сапалы қызмет етуде. Оның бірі Гүлша Мырзалиеваның шаштаразы болса, келесісі – Гүлжан Төкештің компьютер орталығы.
Гүлжан мен Гүлша – ауылдық елді мекендерде егін және мал шаруа­шы­лығы саласынан өзге де кәсіп­орын­дар өніміне сұраныс жоғары екенін жұ­мысымен дәлелдеген кәсіпкерлер. Кешегі сапарымызда олардың жұ­мы­сымен де арнайы таныстық. Тіпті Гүлжан Төкеш алдағы уақытта кәсіпорынның көк­жиегін кеңейтуді көздеп отыр. Мем­лекеттік бағдарлама шеңберінде па­йыз­дық үстемақысы төмен несиеге қол жеткізсе, алға қойған мақсаттары жү­зеге асатынына сенімді.
Жалпы жергілікті тұрғындар кәсіп ашуда мемлекет жасап жатқан барлық мүмкіндікті тиімді пайдаланып отыр. Кәсіпкерлік саласына серпін беруге бағытталған қандай бағдарлама бар, басым бөлігіне ауыл тұрғындары құ­жат тапсырып, шаруасын ширатуда.
Биылдың өзінде ауылдағы екі аза­мат грантқа құжат тапсырып, қайта­рымсыз қаржыға ие болған. Олардың әрқайсысына 1 млн 380 мың теңгеден қаражат үлестірілген. Жобасы қаржылай қолдауға ие болған Медет Қызбалаев пен Руслан Ермаханов 8 бас жылқы алып, ауылдың мал шаруашылығын дамытуға білек сыбана кіріскен.
Мұнан бөлек Мақпалкөлден тағы да 4 азамат мемлекеттік грантқа жобасын дайындап қойыпты. Олардың да жо­балары қолдау тапса, аталған сала дамыған ауылда әлі де жұмыстың ши­рауына қолғабыс болары сөзсіз. Биыл тағы 3 азамат мемлекеттік бағдар­лама шеңберінде кәсіп бастауға құ­жат­тар тапсырған. Барлығы да мал ша­руа­шылығын дамытуға негізделген. Нәти­жесінде оларға жалпы құны 14 млн теңгеге жуық қаражат үлестірілген.
«Аграрлық несие корпорациясы» ар­қылы қаржылай қолдауға ие болғандар қатарында ауыл тұрғыны Қайыр Тоғыз­баев та бар. Ол елді мекенде жылқы шаруашылығын дамытуды мақсат еткен. Жобасы қаржылай қолдауға лайық деп танылған ауыл тұрғыны жалпы құны 7 млн 500 мың теңге пайыздық үстемақысы төмен несиеге ие болған. Оның да бұл кәсіпті қолға алудағы мақсаты сол, жем-шөптен мәселе жоқ және жылқы етіне нарықта сұраныс жоғары. 4 млн теңге қаржылай қолдау тапқан Назарбай Жаметов те ауылда жылқы шаруашылығын қолға алған. Ал Жандос Ибраев 1 млн 750 мың теңгеге ірі қара сатып алып, бүгінде оның басын көбейтуге басымдық берген.
Биыл мемлекет және қоғам қай­раткері Темірбек Жүргеновтың 125 жыл­дығы, қайраткердің мерейтойы бүгінде түркі тілдес мемлекеттер арасында кең көлемде атап өтілуде. Туған жерінде де мерейтой аясында бірнеше жоба қолға алынған. Солардың бірі – Темірбек Жүргенов атындағы сая­бақ. Бұл жобаға қазынадан 60 млн 444,9 млн теңге қаралған.
– Жаздай тұрғындар мұнда тал­дар мен жеміс ағаштарын отыр­ғызды. Саябақ құрылысы да қар­қын­ды әрі сапалы жүрді. Жергілікті тұрғын­дар­дың бұл жерді жасыл желекке айнал­дырудағы құлшынысын баба рухына тағзым, бір жағынан құрмет деп түсі­немін. Қайраткер атындағы ауылда мұнан өзге де жобалар жоқ емес. Бас­тысы, алдағы уақытта ел игілігін көрсе дейміз. Ауылда қоғам қайраткері Темірбек Жүргенов атында көше де бар. Ұзындығы 1,1 шақырымды құ­рай­тын ішкі көшеге биыл жай жөндеу жұ­мыстары жүрді. Оған қазынадан 15 млн 229 мың теңге қаралған. Темірбек Жүр­генов ауылында бұған дейін қоғам қай­раткері атында көше болса, енді саябақ ашылғалы тұр, – дейді ауыл әкімі.
Ауылда қай саланы алып қарасақ та өрлеу бар, өсу бар, даму динами­касы тағы жақсы. Әсіресе жергілікті ша­руашылықтар мол астықтан тау тұр­ғызып, жыл сайын рекордтық өнімге қол жеткізуде. Олар бүгінде егінді әрта­раптандыруға басымдық берген. Аяқ су мәселесі қат болған шақта бұл бастама ақылға қонымды.
Ауылда 1 серіктестік, 10 ша­руа қо­жалық егін шаруашылығымен айна­лысады. Олар биыл 4021 гектар жерге егін екті. Оның 1896 гектарына Сырдың басты дақылын сепкен. Мұнан бөлек 1135 гектар ескі жоңышқа күтімге алы­нып, 492 гектар жаңа жоңышқа егіл­ген. Шаруашылықтар биыл 84 гек­тар алқапқа жаздық бидай және 414 гек­тарға мақсары дақылын сеуіпті.
Егінді әртараптандыру бағытында былтыр жергілікті «Ер-Әлі» шаруа қо­жалығы бірнеше гектарға картоп, қы­зылша, сәбіз еккен еді. Төраға Әліби Бек­жанов одан алған өнімді апта сайын жәр­меңке ұйымдастырып, аудан және аймақ жұртына арзан бағада ұсынған болатын.
Жалпы атпал азаматтың елім деп қолға алған жобаларының игілігін бү­гінде жергілікті халық көріп отыр. Бұған дейін ауылда жалпы құны 15 млн тең­геден асатын балалар ойын алаңын салып берген еді. Қазір ауыл балаларын іздесеңіз, сол жерден табасыз. Мұнан бөлек бірнеше отбасына үй салып берді. Ауылдағы алтын ұяда білім алып жатқан жастардың ішінде озат оқу­шыларға шәкіртақы төлейді. Тізе бер­сек, Әліби Бекжановтың ауылға жасап жатқан жобаларын жазуға көп уақыт кетеді. Бастысы, оның барлығы бүгінде елдің игілігіне жарап тұр.
Биыл «Ер-Әлі» шаруа қожалығы там­­шылатып суару арқылы 12 гектарға бақша дақылдарын орналастырған. Оның ішінде 7,5 гектарына картоп егіл­се, 2,6 гектар жерге қауын-қарбыз, 1,9 гектар алқапқа сәбіз тұқымын сеп­кен. Биыл да шаруашылық ұжымы ала­жаз­дай баптаған сапалы өнім нарыққа шығады.
Ауылда мал шаруашылығы да қар­­қынды дамыған. Бүгінде Темір­бек Жүр­генов ауылындағы мал шаруа­шы­лығымен айналысатын кәсіп­кер­лерде 545 бас мүйізді ірі қара, 206 бас жылқы мен бірнеше түйе бар. Ал ауылдық округтің жеке отбасыларында 1 903 бас мүйізді ірі қара, 512 бас жылқы, 4 114 бас уақ мал мен 40 бас түйе бар екен.
Жалпы ауыл халқы қай істе де ауыз­біршілікті, ынтымақты ту етеді. Біз айтып отырған жобалардың сәтті жү­зеге асуына да басты себеп осы ма дедік. Шаруасы шираған ауылда береке бар, тындырымды іс бар, бірлігі болса да мығым. Бақ осындай елге қонатынын бұрынғылар да айтып кеткен ғой, ал біз соған бүгінгі сапарда көз жеткіздік.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: