Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

4°C

, Сәрсенбі, 16 қазан, 02:20

Бірлік бәрінен маңызды

03.05.2023

503

0

«Байлық – байлық емес, бірлік – байлық» деген екен. Расында бір тудың астында өмір сүріп, алауыздықтан арыла алмаса, ондай елдің берекесі қашып, іргесі сөгілері анық. Ал ауызбіршілігі жоқ елдің өзін де, жерін де иемдену кім көрінгеннің қолынан келері шүбәсіз. Ықылым заманнан бері қазақтың жері кең. Қазақтың сол ұланбайтақ жеріндей дархан көңілі де бар.Қазір егемен елдің ауызбіршілігі мығым.

Бүгінде тұғырлы тәуелсіздікке қол жеткіздік, баянды отыз жылымызда көптеген биіктерді бағындырып, же­тіс­тіктерге де жеттік. Ең бастысы, ата-баба аманаттаған өз иелігіміздегі қасиетті қара топыра­ғымызды алаң­сыз басып жүрміз. Көңіл сыйса, бәрі сыятынын дәлелдеп, жүз отыздан аса ұлт пен ұлысқа пана бола алдық. Бір тудың астында, бір шаңырақты бірге көтеріп, берекелі күн кешудеміз. «Не берсе де пейіліңе береді» демекші, бүгінгідей бейбітшіліктің бедері бұзыл­май, бірлігіміз бен татулығымыз жарасып, тыныш заманда өмір сү­руіміз қазақтың кеңпейіліне берген Тәңірдің сыйы болса керек.
Апта басында орталық алаңда Қазақстан халықтарының бірлігі күні қарсаңында салтанатты шара өтті. Онда бір мемлекетті Отаным деп, бір шаңырақ астына біріккен түрлі этнос өкілдері мен аудан халқының қарасы қалың екенін көріп, мерекенің маңыздылығын терең түсінетінін аңғармау қиын емес еді. Аудан халқын айтулы мерекемен құттықтаған аудан әкімі Асқарбек Темірбекұлы халықтар достығы бар берекенің бастауы екенін жасырмады.


– Киелі Жалағаш мекенінде сан­түрлі ұлттар бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай бірлікпен ғұ­мыр кешуде. Бұл дегеніміз ұлты басқа болғанымен жүрегі бір, тілі басқа болғанымен тілегі бір, қазақ же­ріндегі жүздеген ұлттың елді бір­лікке, жарқын болашаққа шақы­ра­ты­нын білдіреді. Кез келген ата-ана үшін бала – қасиетті, бала – құнды. Сол себепті баланың көзінде жас, көңілінде мұң болмас үшін әрбір ата-ана маңдай терімен қызмет етеді. Дәл сол секілді ел бақытты болу үшін бірлікті ту етіп, ын­тымақты, тату өмір сүруіміз қажет. Бірлігі бекем елдің түтіні түзу ұшады. Нағыз достықтың, бауырмалдықтың нышаны болған айтулы мереке құтты болсын, – де­ген өңір басшысы татулығымыз бен тұрақтылығымызды сақтап тұру үшін жұдырықтай жұмылу керектігін жеткізді.
Мереке күні орталық алаңға жиыл­ған жалағаштықтар этнос өкіл­дерінің ұлттық киімдері және тағам­дарымен танысты. Тәжік ұлтының өкілі Чулаев Искандар қазақ еліне күйеу бала екенін, қазақпен құда болып, бүгінде 22 немересі барын жет­кізіп, Жалағаш жұртшылығына алғыс білдірсе, Қара­кеткен ауылының тұрғыны, әзір­байжан ұлтының өкілі Нурейева Зейнеп апамыз әннен шашу шашты. Мұнан соң жалағаштықтар аудан өнер­паздары дайындаған ме­рекелік кон­цертті тамашалады.
Біз – көпұлтты мемлекетпіз. Сонау бір жылдары тағдыр тәлкегімен жылы ұясын тастап, атамекендерінен үде­ре көшіп, пана іздеп келген жан­дар­ды құшақ жайып қарсы алдық, төрімізден жай ұсындық, қоныс бер­дік. Олар діні мен тіліне, нәсіліне қарамай, ата-баба­дан аманатқа қалған ұлан-ғайыр да­ла­мызға да, көлдей көңілімізге де сыйды, сіңді. Олардың әрқайсысын өз бауырымыздай көріп, қолымыздағы барымызбен бөлістік. Олар да хал­қы­мыздың қонақжай көңіліне, қылаусыз пейіліне қарыздар екенін біледі.

Ақтоты БҮРКІТБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: