Жаңа Үкімет жасақталып, оған экономикалық дамуды өрістету міндеті қойылды. Үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысқан Президент макроэкономикалық көрсеткіштермен қатар халықтың нақты табысы да қарқынды түрде артуы керек деді. Қарапайым халық түсінбейтін цифрларды сапырып өте шығатын министрлер енді елмен етене бола бастайтын шығар деген үміт бар. Кәсіби сарапшылар биылғы экономикалық ахуалға қатысты болжамдарын жария етті. Олардың меңзеуінше, биыл былтырға қарағанда даму үдерісі біршама өспек.
2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы тәуір өсім – 5,1 пайыз көрсетті. Экономиканы қолданбалы зерттеулер орталығы (AERC) экономика 2024 жылы да ілгерілейді деп күтеді. Олардың болжамынша, биылғы ішкі жалпы өнім (ІЖӨ) көрсеткіші 4,6 пайызды құрауы мүмкін. Сонымен қатар AERC орташа жылдық инфляция деңгейін 8,8 пайыз болады дейді. Бұл Ұлттық банк межелеп отырған деңгейден жоғарырақ.
Brent маркілі мұнай бағасы биыл барреліне 85 доллар деңгейінде тұрақтауы мүмкін. Бұл болжам алдыңғы қазан айындағы шолумен салыстырғанда түзетілді (ол кезде барреліне 88 доллар деп айтылған). Болжамның төмендеуі мұнай өнімдеріне сұраныстың тұрақсыз болып қалуына байланысты. 2023 жылға арналған шикі мұнай фьючерстері құбылмалы сауда жағдайында өз құнының 10 пайыздан астамын жоғалтты және 2020 жылдан бергі ең үлкен жылдық төмендеуін тіркеді. Бұл кезең Таяу Шығыстағы геосаяси қақтығыстар және бүкіл әлемдегі негізгі өндірушілердің мұнай өндіру деңгейіне қатысты алаңдаушылығымен тұспа-тұс келді. Мұнай нарығындағы тұрақтылық пен тепе-теңдікті қамтамасыз ету мақсатында алдын алу шаралары ретінде ОПЕК+ елдері 2024 жылғы бірінші тоқсанда мұнай өндіру көлемін қосымша қысқарту туралы келісімге қол жеткізген еді. Осы келісімнің аясында Сауд Арабиясы мұнай өндірісін төмендетуді тәулігіне 1 млн баррельге дейін ұзартты. Бұл келісімнің Қазақстанға да қатысы бар. Біз өндірісті тәулігіне 82 мың баррельге дейін қысқартуға тиіспіз.
«Айта кету керек, мұнай өндірісін қысқарту ОПЕК+ мүшелерінің өндіріс бойынша бекіткен міндетті квотасына кірмейтін, ерікті әрекет саналады. Қазақстанның биылғы бірінші тоқсандағы міндеттемесі шамамен тәулігіне 1,5 млн баррелді құрайды. Теңіз кен орнындағы келешек кеңею жобасын іске қосу 45 млрд долларлық шығындарды қамтитын әзірлеудің соңғы кезеңдерінің кешігуіне байланысты 2024 жылдың соңына шегерілгені белгілі. Дегенмен осы шолуда 2024 жылға арналған мұнай өндіру көлеміне қатысты алғышарт 2023 жылы байқалған мұнай өндіру динамикасын ескере отырып, 88,0 млн тоннаға (бұрын – 86,0 млн тонна) дейін көтерілді. 2023 жылы елде 89,9 млн тонна мұнай өндірілді. Дәл қазір әлем экономикасын белгісіздік жайлап тұр. Қытай мұнай импорты көлемін қысқартуы мүмкін. Еуропа экономикалық рецессия шегіне келіп тірелді. Осының бәрі мұнай өнімдерінің бағасы түсуі мүмкін екенін меңзейді. Morgan Stanley корпорациясының да Brent маркалы мұнай бағасына қатысты биылғы болжамын 9 пайызға дейін, барреліне 77 доллар деңгейіне төмендеткенін айта кетейік», делінеді AERC шолуында.
Сарапшылар серіктес-мемлекеттер экономикасының өсім қарқыны 2024 жылы 1,7 пайыз болады деп күтеді. Алғышарт қазан айынан бастап сақталып тұр.
AERC-тің қазандағы шолуында орташа айлық жалақының номиналды өсімі жылдық 17 пайыз деп көрсетілген еді. Алайда бұл жолы 15,7 пайыз деп түзетіліпті. Деректің жаңаруы өткен жылы үй шаруашылықтары табысының салыстырмалы түрде жоғары өсу қарқынына байланысты. Тиісінше, бұл 2024 жылы жылдық негізде жоғары база жасайды.
«Рубль мен теңгенің айырбас номиналды бағамы орташа алғанда биыл 5,2 теңгені құрауы мүмкін. Бұл көрсеткіш қазанмен салыстырғанда теңгенің 0,1 пайыздық тармаққа аздап әлсіреуі бағытында жаңартылды. Түзету Ресей Орталық банкінің 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында күніне 11,8 миллиард рубль мөлшерінде шетел валютасын сатуды қалпына келтіру туралы шешіміне байланысты. Мұндай шешім ресейлік рубльге қолдау көрсетеді. Ал 2023 жылы доллар мен теңге жұбының бағамы 456,3 пайыз деңгейінде қалыптасты. Орталық қазандағы шолуында USD/KZT жұбының орташа деңгейі 458,2 деп көрсетті. 2023 жылға арналған нақты валюта бағамы AERC күткеннен сәл жоғары болды. Себебі республикалық бюджетке аударымдарды қамтамасыз ету және «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ акцияларын сатып алуды қамтамасыз ету үшін Ұлттық қордан валюта сату көлемі күтілгеннен көбірек болды. Тек өткен жылдың желтоқсанында ұлттық валютаның курсы қарашамен салыстырғанда 0,8 пайызға күшейіп, 1 доллар 454,7 теңгеге сатылды», дейді.
Ұлттық банк тарапынан валюта сатудан бөлек, желтоқсанда америкалық доллардың әлсіреуі де теңгенің нығаюына әсерін тигізді. Желтоқсанда доллар индексі қарашамен салыстырғанда 2,1 пайызға төмендеп кеткен. AERC болжамынша, 2024 жылы төл теңгенің курсы 473,2 деңгейінде болады. Қазандағы шолуында орталық әлдеқайда әлсіз курсты болжаған еді – 474,3 теңге. Қазақстандағы мұнай өндірісінің үлкен көлемін күту және нақты экспорт өсімінің үлкен қарқынына байланысты ол болжам біршама жақсартылды.
Орталық аналитиктері тұтынушылық инфляцияға қатысты болжамдарын да жариялады. Орташа есептегенде былтыр инфляция 14,5 пайыз болды. Жоғарыда атап өткеніміздей, биылғы орташа инфляция деңгейі 8,8 пайыз болуы мүмкін. Қазан айында 8,6 пайыз деген еді. Осы жолы оны жоғарылатуға себеп болған фактор – Ресейдегі жоғары инфляцияның күтілуі. Сондай-ақ желтоқсанда Қазақстанда ақша массасының өсу қарқынының күрт жеделдеуі де ескерілген. Былтыр соңғы айда елдегі ақша массасы айлық мәнде 7,4 пайызға өсіпті.
«Өткен жылдың соңында ақша массасы өсімінің жоғары қарқыны биылғы инфляцияға кейінге қалдырылған өсім әсерін тигізуі мүмкін, Қазақстандағы өнеркәсіптік инфляция 2024 жылы болжамға сәйкес 3,2 пайызды құрайды. 2023 жылғы орташа есеппен елде (-)1,1 пайыз деңгейінде өнеркәсіптік дефляция тіркелді. Тұтыну және өнеркәсіптік инфляция болжамын ескере отырып, ІЖӨ-нің орташа жылдық дефляторы 2024 жылы 9,9 пайызды құрайды», делінеді шолуда.
Сонымен қатар Экономиканы қолданбалы зерттеулер орталығы биыл мемлекеттік бюджет тапшылығы 6,4 трлн теңгені құрауы мүмкін дейді. Бұл ІЖӨ-нің шамамен 5,5 пайызы.
«ІЖӨ-ге қатысты бағалау жақсартылды (қазан айында тапшылық ІЖӨ-нің 5,7 пайызы деңгейінде деп болжанды). Осы жылдың бюджет тапшылығын бағалау да қазан айындағы шолу деректерімен салыстырғанда (бұрын – 6,56 трлн теңге) экономикалық белсенділіктің жақсартылған болжамы аясында төмендеді, сондықтан бюджетке салық түсімдерінің жоғарылауы күтілуде. 2023 жылғы қаңтар-қарашадағы мемлекеттік бюджеттің атқарылуы жөніндегі деректер аясында, сондай-ақ экономиканың бірнеше салаларында 2024 жылға арналған шығарылым болжамының оң түзетілуіне байланысты корпоративтік табыс салығынан түсімдердің 4,52 трлн теңгеге дейін ұлғаюы күтіледі (бұрын – 3,66 трлн теңге)», деп болжам жасайды AERC.
egemen.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!