Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

28°C

, Жексенбі, 21 шiлде, 21:13

Биыл ел экономикасын не күтіп тұр?

12.02.2024

311

0

Жаңа Үкімет жасақталып, оған эконо­микалық дамуды өрістету міндеті қойылды. Үкіметтің кеңей­тілген отырысына қатысқан Пре­зи­дент макроэкономикалық көр­сет­кіштермен қатар халықтың нақты табысы да қарқынды түрде артуы керек деді. Қарапайым халық түсінбейтін цифрларды сапырып өте шығатын министрлер енді елмен етене бола бастайтын шығар деген үміт бар. Кәсіби сарапшылар биыл­ғы экономикалық ахуалға қатыс­ты болжамдарын жария етті. Олардың меңзеуінше, биыл был­тырға қарағанда даму үдерісі біршама өспек.

2023 жылдың қорытындысы бо­йынша Қазақстан экономикасы тәуір өсім – 5,1 пайыз көр­сетті. Экономиканы қолдан­­ба­лы зерттеулер орталығы (AERC) эко­но­мика 2024 жылы да ілгері­лей­ді деп күтеді. Олардың болжамын­ша, биылғы ішкі жалпы өнім (ІЖӨ) көрсеткіші 4,6 пайызды құрауы мүмкін. Сонымен қатар AERC орташа жылдық инфляция деңгейін 8,8 пайыз болады дейді. Бұл Ұлттық банк межелеп отырған деңгейден жоғарырақ.

Brent маркілі мұнай бағасы биыл барреліне 85 доллар деңгейін­де тұ­рақ­тауы мүмкін. Бұл болжам ал­дың­ғы қазан айындағы шолумен салыс­тырғанда түзетілді (ол кезде бар­реліне 88 доллар деп айтылған). Бол­жамның төмендеуі мұнай өнімдеріне сұраныстың тұрақсыз болып қалуына байланысты. 2023 жылға арналған шикі мұнай фьючерстері құбылмалы сауда жағдайында өз құнының 10 пайыздан астамын жоғалтты және 2020 жылдан бергі ең үлкен жылдық төмендеуін тіркеді. Бұл кезең Таяу Шығыстағы геосаяси қақтығыстар және бүкіл әлемдегі негізгі өндірушілердің мұнай өндіру деңгейіне қатысты алаңдаушылығы­мен тұспа-тұс келді. Мұнай нарығын­дағы тұрақтылық пен тепе-теңдікті қамтамасыз ету мақсатында алдын алу шаралары ретінде ОПЕК+ елдері 2024 жылғы бірінші тоқсанда мұнай өндіру көлемін қосымша қысқарту туралы келісімге қол жеткізген еді. Осы келісімнің аясында Сауд Арабиясы мұнай өндірісін төмендетуді тәулігіне 1 млн баррельге дейін ұзартты. Бұл келісімнің Қазақстанға да қатысы бар. Біз өндірісті тәулігіне 82 мың баррельге дейін қысқартуға тиіспіз.

«Айта кету керек, мұнай өндірісін қысқарту ОПЕК+ мү­ше­лерінің өндіріс бойынша б­е­кіткен міндетті квотасына кір­мейтін, ерікті әрекет са­на­лады. Қазақстанның биыл­ғы бірінші тоқсандағы міндет­те­месі шамамен тәулігіне 1,5 млн баррелді құрайды. Теңіз кен орнындағы келешек кеңею жобасын іске қосу 45 млрд долларлық шығындарды қам­титын әзірлеудің соңғы кезеңдерінің кешігуіне бай­ла­нысты 2024 жылдың соңы­на шегерілгені белгілі. Дегенмен осы шолуда 2024 жылға ар­налған мұнай өндіру көле­мі­не қатысты алғышарт 2023 жылы байқалған мұнай өндіру динамикасын ескере отырып, 88,0 млн тоннаға (бұрын – 86,0 млн тонна) дейін көтерілді. 2023 жылы елде 89,9 млн тонна мұнай өндірілді. Дәл қазір әлем экономикасын белгісіздік жайлап тұр. Қытай мұнай импорты көлемін қысқартуы мүм­кін. Еуропа экономикалық рецессия шегіне келіп тірелді. Осының бәрі мұнай өнімдерінің бағасы түсуі мүмкін екенін меңзейді. Morgan Stanley корпора­ция­сы­ның да Brent маркалы мұнай ба­­ға­сына қатысты биылғы бол­­жамын 9 пайызға дейін, бар­реліне 77 доллар деңгейіне тө­мендеткенін айта кетейік», делінеді AERC шолуын­да.

Сарапшылар серіктес-мем­лекеттер экономи­ка­сының өсім қарқыны 2024 жылы 1,7 пайыз болады деп күтеді. Алғы­шарт қазан айынан бастап сақталып тұр.

AERC-тің қазандағы шолуында орташа айлық жалақының номиналды өсімі жылдық 17 па­йыз деп көрсетілген еді. Алайда бұл жолы 15,7 пайыз деп түзетіліпті. Деректің жа­ңаруы өткен жылы үй шаруа­шы­лықтары табысының салыстырмалы түрде жоғары өсу қар­қынына байланысты. Тиі­сінше, бұл 2024 жылы жылдық негізде жоғары база жасайды.

«Рубль мен теңгенің айырбас номиналды бағамы орташа алғанда биыл 5,2 теңгені құрауы мүмкін. Бұл көрсеткіш қа­занмен салыстырғанда тең­генің 0,1 пайыздық тармаққа аздап әлсіреуі бағытында жаңар­тылды. Түзету Ресей Орта­лық банкінің 2024 жылдың бірін­ші жартыжылдығында күніне 11,8 миллиард рубль мөлшерінде шетел валютасын сатуды қалпына келтіру туралы шешіміне байланысты. Мұндай шешім ресейлік рубльге қолдау көрсетеді. Ал 2023 жылы доллар мен теңге жұбының бағамы 456,3 пайыз деңгейінде қалыптасты. Орталық қазандағы шолуында USD/KZT жұбының орташа деңгейі 458,2 деп көрсетті. 2023 жылға арналған нақты валюта бағамы AERC күткеннен сәл жоғары болды. Себебі республикалық бюджетке ауда­рымдарды қамтамасыз ету және «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ ак­цияларын сатып алуды қамтамасыз ету үшін Ұлттық қордан валюта сату көлемі кү­тіл­геннен көбірек болды. Тек өткен жылдың желтоқсанында ұлт­тық валютаның курсы қа­ра­шамен салыстырғанда 0,8 пайызға күшейіп, 1 доллар 454,7 теңгеге сатылды», дейді.

Ұлттық банк тарапынан валюта сатудан бөлек, жел­тоқ­санда америкалық доллар­дың әлсіреуі де теңгенің ны­ғаюына әсерін тигізді. Жел­тоқ­санда доллар индексі қара­шамен салыстырғанда 2,1 пайызға төмендеп кеткен. AERC болжамынша, 2024 жылы төл теңгенің курсы 473,2 дең­ге­йін­де болады. Қазандағы шолуында орталық әлдеқайда әлсіз курсты болжаған еді – 474,3 теңге. Қазақстандағы мұ­най өндірісінің үлкен көле­мін күту және нақты экспорт өсі­мінің үлкен қарқынына байланысты ол болжам біршама жақсартылды.

Орталық аналитиктері тұ­тыну­шылық инфляцияға қатыс­ты болжамдарын да жариялады. Орташа есептегенде был­­тыр инфляция 14,5 пайыз болды. Жоғарыда атап өткені­міз­дей, биылғы орташа инфляция деңгейі 8,8 пайыз болуы мүмкін. Қазан айында 8,6 па­йыз деген еді. Осы жолы оны жоғарылатуға себеп болған фактор – Ресейдегі жоғары инфляцияның күтілуі. Сондай-ақ желтоқсанда Қазақстанда ақша массасының өсу қарқы­нының күрт жеделдеуі де еске­ріл­ген. Былтыр соңғы айда ел­дегі ақша массасы айлық мәнде 7,4 пайызға өсіпті.

«Өткен жылдың соңында ақша массасы өсімінің жоғары қар­қыны биылғы инфляцияға кейінге қалдырылған өсім әсе­рін тигізуі мүмкін, Қазақ­стан­дағы өнеркәсіптік инфляция 2024 жылы болжамға сәйкес 3,2 пайызды құрайды. 2023 жылғы орташа есеппен елде (-)1,1 пайыз деңгейінде өнер­кәсіптік дефляция тіркелді. Тұтыну және өнеркәсіптік инфляция болжамын ескере отырып, ІЖӨ-нің орташа жылдық дефляторы 2024 жылы 9,9 пайызды құрайды», делінеді шолуда.

Сонымен қатар Эконо­ми­каны қолданбалы зерттеулер орталығы биыл мемле­кеттік бюджет тапшылығы 6,4 трлн теңгені құрауы мүмкін дейді. Бұл ІЖӨ-нің шамамен 5,5 пайызы.

«ІЖӨ-ге қатысты бағалау жақсартылды (қазан айында тапшылық ІЖӨ-нің 5,7 пайызы дең­гейінде деп болжанды). Осы жылдың бюджет тап­шылығын бағалау да қазан айындағы шолу де­ректерімен салыстырғанда (бұрын – 6,56 трлн теңге) экономикалық белсенділіктің жақсартылған болжамы аясында төмендеді, сондықтан бюджетке салық түсімдерінің жоғарылауы кү­тілуде. 2023 жылғы қаңтар-қара­шадағы мемлекеттік бюд­жеттің атқарылуы жөнін­дегі деректер аясында, сондай-ақ экономиканың бірнеше салаларында 2024 жылға арналған шығарылым болжамының оң түзетілуіне байланысты кор­поративтік табыс салығынан түсімдердің 4,52 трлн теңгеге дейін ұлғаюы күтіледі (бұрын – 3,66 трлн теңге)», деп болжам жасайды AERC.

egemen.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: