Қазақстанда атом электр стансасы құрылысын дауысқа салған жалпыұлттық референдум аяқталды. 7 820 918 азамат дауыс берді. Сарапшылардың айтуынша, бұл – жоғары көрсеткіш. Тұрғындар елдегі мәселелерге бейжай қарамай, жауапкершілікпен белсенділік танытты.
7.00 – АЭС салу мәселесі жөніне жалпыұлттық референдум басталды. Атырау, Ақтөбе секілді облыстардың кейбір аймақтарында, атап айтсақ, вахталық әдіспен жұмыс істейтін өндірістік орындардың қызметкерлері 6.00-ден бастап дауыс берді.
Орталық референдум комиссиясы күні бойы екі сағат сайын брифинг өткізіп, халықтың дауыс беру қарқынын хабарлап отырды. Мәселен, ОРК төрағасының орынбасары Константин Петров Орталық референдум комиссиясы облыстар мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларының комиссиялары ұсынған ақпаратқа сәйкес сағат 7.00-де өңірлерде 10 249 учаске дауыс беруге кіріскенін мәлімдеді.
– 84 учаскеде аумақтық комиссиялардың шешімдеріне сәйкес дауыс беру таңғы сағат 6.00-де басталды. Азаматтардың тізімдерінде 12 244 683 адам бар. Елде барлығы 10 323 референдум учаскесі бар. Оның ішінде шетелде 47 учаске жұмыс істеді, – деді К.Петров.
10.00 – Барлық өңірде 2 178 593 азамат дауыс берді. Орталық референдум комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерманның мәліметіне сәйкес бұл көрсеткіш тізімге енген азаматтардың 17,79%-ын құрады. Таңғы уақытта дауыс бергендер арасында Қарағанды облысының халқы белсенділік танытты. Сағат 7.00–10.00 аралығында қарағандылықтардың 30,63%-ы дауыс берді. Одан кейін Астана қаласы – 24,8%, Қызылорда облысы – 20,91%, Ақтөбе облысы 19,21%-бен көш басында болды. Алматы облысы 16,31%-бен орташа көрсеткішке ие болса, Алматы қаласы тұрғындарының белсенділігі (8,66%) төмен болды.
12.00 – Шымкент қаласы алға шықты. ОРК мүшесі Шафхат Өтемісов 4 804 102 азамат дауыс бергенін мәлімдеді, бұл – жалпы референдумға қатысушы халықтың 39,23%-ын құрады. Осы уақытта Шымкент қаласы тұрғындарының жартысынан көбі (57,03%) дауыс беріп, конституциялық құқын орындап келді. Ал Алматы қаласының көрсеткіші екі пайызға ғана көтеріліп, 11,88%-ды құрады. Елорда халқы 41,93%-ға жетті. Абай, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Түркістан, Ұлытау облыстарының да белсенділік көрсеткіші 40%-дан, ал Батыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік және Шығыс Қазақстан өңірлерінің көрсеткіші 30%-дан асты.
Сондай-ақ түске дейін азаматтардың уақытша болатын жерлеріндегі 358 учаскеде дауыс беру аяқталды.
14.00 – Референдум өткізілген деп саналады. Орталық референдум комиссиясының мүшесі Сәбила Мұстафина 14.00-дегі жағдай бойынша 6 339 425 азамат бюллетень алып, 51,77%-ға жеткенін хабарлады.
– «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 31-бабы 2-тармағына сәйкес, егер референдумға қатысу құқы бар азаматтардың жартысынан көбі дауыс беруге қатысқан болса, референдум өткізілген деп саналатынын атап өткен жөн, – деді комиссия мүшесі С.Мұстафина.
16.00 – Қызылордалықтар күш ала бастады. Еске салсақ, жалпы референдумға қатысуға 12 244 883 адамның құқы бар. Ал сағат 16.00-де 7 млн-нан аса адам дауыс берді. Орталық референдум комиссиясының мүшесі Анастасия Щегорцова: «7 062 358 азамат бюллетень алды. Бұл тізімге енгізілген азаматтардың 57,68 пайызын құрады», деп мәлімдеді.
Бұл уақытта да облыс халқының белсенділігі жоғары болды. Қызылорда облысы бойынша – 76,15%, Ақтөбе облысы – 68,41%, Қостанай облысы – 67,57%, Алматы облысы – 64,09%, Батыс Қазақстан облысы – 60,82%, Атырау облысы 56,61%-ды көрсетті.
Ал басты екі мегаполисте тұрғындардың қатысуы төмендеп, Астана қаласында – 46,3%, Алматы қаласында 20,57% көрсеткіш тіркелді. Шымкент халқының 66,48%-ы дауыс берді.
Сондай-ақ А.Щегорцова Астана уақыты бойынша сағат 16.00-де Вашингтон, Нью-Йорк, Оттава қалаларында референдум учаскелері ашылып, жұмысын бастағанын айтып өтті.
18:00 – Жағдай аса қатты өзгере қойған жоқ. Ел бойынша дауыс берушілер саны шамамен 4 пайызға ғана көтерілді, 7 537 675 адамға жетіп 61,56%-ды құрады.
20.00 – Дауыс беру аяқталып, референдум учаскелері жұмысын тоқтатты. АЭС бойынша республикалық референдумға 7,8 млн адам қатысты. Орталық референдум комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман дауыс беру қорытындысын жариялап, 7 820 918 азамат таңдау жасағанын мәлімдеді. Осылайша, халықтың 63,87%-ы дауыс берді. Атап айтсақ, Абай облысы – 69,57%, Ақмола – 71,63%, Ақтөбе – 75,11%, Алматы – 68,71%, Атырау – 63,28%, Батыс Қазақстан – 67,03%, Жамбыл – 61,28%, Жетісу – 68,01%, Қарағанды – 72,12%, Қостанай – 73,45%, Қызылорда – 82,48%, Маңғыстау – 54,03%, Павлодар – 65,09%, Солтүстік Қазақстан – 66,31%, Түркістан – 75,31%, Ұлытау – 70,69%, Шығыс Қазақстан облыстары – 73,79%, Астана қаласы – 50,81%, Алматы қаласы – 25,39%, Шымкент қаласы 70,57%-ды құрады.
– Еліміздегі барлық референдум учаскесінде дауыс беру 20.00-де аяқталды. Учаскелік комиссия дауыстарды санауға кірісті. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес референдум учаскелеріндегі дауыстарды санау уақыты дауыстарды санау басталған сәттен 12 сағаттан аспауға тиіс. Аумақтық комиссиялар бүгін таңертең Орталық референдум комиссиясын байланыстың электронды арналары арқылы дауыс берудің алдын ала қорытындысы мен санақ нәтижесін хабарлайды, – деді Орталық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары К.Петров.
Шетелдегі отандастардың белсенділігі
Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Орталық референдум комиссиясында шетелдегі отандастар референдумға белсенді қатысқанын айтты.
– Азаматтарымыздың конституциялық құқықтарын қамтамасыз етуге Қазақстанның шетелдердегі мекемелері жанынан 59 мемлекетте 74 учаскелік референдум комиссиясы құрылды. Дауыс беретін сайлаушылардың жалпы саны – 12 307 құрады. Жалпы, шетелдегі азаматтарымыздың дауыс беру қарқыны жоғары болғанын ерекше атап өткім келеді. Мәселен, сағат 8.15-тегі жағдай бойынша шетелде 26 учаскелік референдум комиссиясы жұмысын бастап кетті, – деді СІМ өкілі.
Вице-министр шетелдегі референдум учаскелерінің ең соңғысы АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында ашылғанын айтты. Қазақстан мен АҚШ арасындағы уақыт айырмашылығына байланысты Астана уақытымен сағат 16.00-де Вашингтон, Нью-Йорк, Оттава қалаларындағы, сағат 20.00-де Сан Франциско қаласындағы референдум учаскелері жұмысын бастаған.
Ал Жапониядағы №393 учаске жергілікті уақыт бойынша сағат 07.00-де бірінші болып ашылды. Сондай-ақ Корея Республикасындағы Қазақстан азаматтары референдумда өздерінің конституциялық құқығын алғашқылардың бірі болып жүзеге асырды.
Сеулдегі №390 учаскеде алғашқы болып халықаралық ұйым қызметкері Камила Маутова дауыс берді.
– Бұл шешімнің еліміздің болашағы үшін маңызы зор. Ал референдум – қоғамның көзқарасын ескеру, шешім қабылдауда ашықтықты қамтамасыз ету мүмкіндігі. Үкімет әркімнің пікірін тыңдауға тырысады және біз, азаматтар үшін бұл үдеріске белсенді қатысу өте маңызды, – деді К.Маутова.
Ол шетелде тұратын қазақ азаматтары біздің дипломатиялық өкілдіктердің күш-жігері арқылы референдумға қатысу мүмкіндігіне ие болғанын айтты.
– Бұл еліміздің болашағы үшін маңызды шешім қабылдаудың ұжымдық мүмкіндігі және экономикалық дамуға жол ашады деп ойлаймын, – деді дауыс беруші.
Шетелдегі барлық референдум учаскесі Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері аумақтарында ұйымдастырылды.
Сыртқы істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, Түркияда дауыс бергендердің басым бөлігі студенттер болды. Қазақстанның Ыстанбұлдағы бас консулдығына қарасты провинцияларда білім алып жүрген студенттер референдумға келіп, азаматтық ұстанымдарын білдірді. Олар дауыс беруге 40-тан аса университеттен келген. Сондай-ақ Измир, Сакария, Бартын, Бурса, Коджаелі, басқа да провинцияларда тұратын азаматтар бар.
Сонымен қатар Қазақстан азаматтары Анкарада референдумға белсенді қатысты. Қазақстанның Анкарадағы елшілігіне қарасты 20-дан аса провинциядан, соның ішінде Карабүк, Сивас, Самсун, Ескішехир, Кония, Кайсери, Күтахья, Афьон, Ушактан келген азаматтар АЭС-ке байланысты өз таңдауын жасады.
Қазақстанда атом электр стансасын салуға қатысты жалпыхалықтық референдум өтетін күні Қазақстанның Ресейдегі елшілігінде орналасқан №397 учаске де жергілікті уақытпен сағат 07.00-де (Астана уақытымен сағат 9.00-да) жұмысын бастады. Дауыс беру учаскесінің мүшелері мен Қазақстан дипломаттары дауыс беру учаскесін салтанатты түрде ашып, елдің Әнұранын орындады.
Жалпы, Қазақстанның Ресейдегі елшілігінде, сондай-ақ Санкт-Петербор, Қазан, Омбы, Астрахан қалаларындағы бас консулдықтарында дауыс беру учаскелері ашылды. Дауыс беру учаскелері сағат 07.00-ден бастап жұмыс істеп, дауыс беру Мәскеу уақытымен 20.00-де аяқталды. Дауыс беруге келген Қазақстанның әрбір азаматы төлқұжат немесе жеке куәлікпен дауыс беру учаскелеріне кіріп, конституциялық құқығын орындады. Мәселен, ондағы №397 учаскеде Қазақстанның барлық жастағы және кәсіптегі азаматтары, соның ішінде Ресейде уақытша тұратын, мемлекеттік органдар мен жеке компаниялардың қазақстандық өкілдіктерінің қызметкерлері, Мәскеу ЖОО студенттері мен Қазақстан Қорғаныс министрлігінің курсанттары, сондай-ақ референдум күні Мәскеу қаласында болатын басқа да санаттағы тұлғалар дауыс берді.
Ал Өзбекстанға халықаралық турнирге келген гандболшылар Ташкент қаласындағы №399 учаскеде дауыс берді. Елшілікке келген Астана қаласының әйелдер құрамасының 18 жастағы спортшысы Жәмила Сәрсенбекова алғаш рет дауыс берді.
– Мұндай саяси іс-шараға бірінші рет қатысып, дауыс бердім. Ташкентке жарысқа келген едік. Қуанып тұрмын, барлық халыққа және референдум жұмысына сәттілік тілеймін, – деді спортшы.
Өзбекстан кубогіне қатысуға Қазақстаннан 13 адам келген. Олардың барлығы дауыс беріп, референдумға үлесін қосқан.
Сондай-ақ СІМ баспасөз қызметі хабарлағандай, Душанбедегі әлем чемпионатына келген дзюдодан Қазақстан құрамасы Қазақстанның елшілігінде дауыс берген.
Қазақстанның Бельгиядағы елшілігінің ғимаратында орналасқан №373 учаске де жергілікті уақыт бойынша сағат 07.00-де жұмысын бастады. Мұндағы учаске Бельгия астанасынан 200 шақырым жерде орналасқан Люксембургте тұрақтанған Қазақстан азаматтарына да қызмет көрсетті. Олар арнайы дауыс беруге Брюссельге келді. Ондағы тізімде 200-ге жуық адам бар: дипломаттар, олардың отбасы мүшелері, Бельгияның жоғары оқу орындарында оқитын студенттер және жергілікті компанияларда жұмыс істейтін азаматтар.
Сондай-ақ референдум жұмысы Болгария, Грекия, Латвия, Литва, Румыния, Финляндия, Эстония, Аустрия, Бельгия, Германия, Испания, Италия, Мажарстан, Нидерланд, Норвегия, Польша, Словакия, Франция, Хорватия, Чехия, Швейцария, Швеция мен Ұлыбританияда өтті. Сонымен қатар Оңтүстік Африка, Эфиопия, Мысыр, Иордания, Қатар, Сауд Арабиясы, Кувейтті қоса алғанда, Таяу Шығыс пен Африка елдерінде тұратын ел азаматтары дауыс берді.
СІМ баспасөз қызметі хабарлағандай, Астана уақытымен кешкі сағат 17.00-де Оңтүстік Корея, Жапония, Қытай, Сингапур, Малайзия, Моңғолия, Вьетнам, Индонезия мен Таиландта шетелдік референдум учаскелері өз жұмысын аяқтады.
Осылайша, сағат 19.00-де Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко шетелде 13 референдум учаскесінің есігі жабылғанын мәлімдеп, 7 358 адамның дауыс бергенін айтты.
– Астанада халықаралық байқаушыларға қолғабыс көрсету орталығында ШЫҰ, Түркі мемлекеттері ұйымы және АӨСШК сияқты халықаралық ұйымдар байқаушыларының қатысуымен бірқатар брифинг өтті. Миссия басшылары мәлімдегендей, республикалық референдум Қазақстанның қолданыстағы заңнамасына және халықаралық міндеттемелеріне сәйкес өтті. Олардың пікірінше, референдум ашық, еркін әрі заңды саналады, учаскелерде бірде-бір заң бұзушылық анықталған жоқ. Сонымен қатар халықаралық байқаушылар дауыс берушілердің жоғары белсенділігін ерекше атап өтті. Референдумда 200-ден аса шетелдік журналист ақпарат таратты, – деді Р.Василенко.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!