Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

2°C

, Бейсенбі, 21 қараша, 21:09

“Салада салғырттыққа жол жоқ”

16.02.2021

367

0

Аманкүл МАХАНБЕТОВА,
аудандық аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы:

Дамыған елдердің тәжірибелерін меңгеру арқылы озық елдердің қатарына енуді мақсат тұтқан қазақстан соңғы жылдары денсаулық сақтау саласына аса мән беріп келеді. Нәтижесінде жыл сайын салада өзгерістер орын алып, тіпті шалғай аудандардағы емханаларға заманауи аппараттар үлестірілуде. Ал мемлекеттің басты байлығы адам десек, әрбіріміздің денсаулығымызды бақылайтын ақ халатты абзал жандардың қоғам алдындағы еңбегі еселі. «Әр науқастың өмірі үшін тікелей жауаптымыз» дейтін дәрігерлер қауымының жұмысы расында үлкен жауапкершілікті талап етеді. Осы тұрғыда аудандағы ахуалдан хабардар болу үшін аудандық аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы Аманкүл Маханбетовамен әңгімелестік.

– Аманкүл Өтегенқызы, қазіргі таңда аудандағы медициналық нысандардың материалдық-тех­ни­калық жағдайлары қандай? Нау­қастарға сапалы ме­дициналық көмек көр­сетуде кедергілер кездеспей ме?

– Халық үшін ең маңызды болып саналатын денсаулық сақтау саласында біраз жетістік, ауқымды шаралар жасалды. Соңғы жылдарда апатты жағдайдағы ғимараттардың орнына жаңадан денсаулық сақтау нысандары салынды. Сонымен бірге облыста алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандарының бірқатары жаңғыртылған. Облыс экономикасын қарқынды дамытуда біздің аудан да шет қалып жатқан жоқ. Денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық жағдайын қамтамасыз ету мақсатында ауданда 2018 жылы Жаңадария, Бұқарбай батыр және аудандық емхананың шұғыл бөліміне жедел-жәрдем автокөліктері пайдалануға берілді. Сонымен қатар Бұқарбай батыр, Аққұм және Дәуімбай елді мекеніндегі дәрігерлік емханаларына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Бұған дейін ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуы үшін жағдай жасалды. 2015 жылы аудан орталығынан жаңадан типтік жобадағы емхана бой көтеріп, пайдалануға берілді. Үш қабатты ғимарат заман талабына сай жаңа медициналық құрылғылармен жабдықталған. Ауысымына 250 келушіге қызмет көрсетуге толық мүмкіндік жасалған. Емханада аудан жұртшылығын спирография, электроэнцефалография, холтерлік мониторлау тексерулерінен өткізу де қарастырылған. Заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген емханадағы қызмет көрсету сапасы бұрынғыдан едәуір жақсарған әрі барлығы қолжетімді. Орталық ауруханада да дәрігерлердің жұмысын жеңілдету үшін, оларға тез әрі дұрыс шешім қабылдауына септігін тигізетін медициналық аппараттар жеткілікті. Электролиттерді жедел анықтайтын аппарат арқылы қан құрамына талдау жасалады. Бұл аппараттың тиімділігі сонша, 2-3 секунд ішінде қажетті ақпаратқа қол жеткізуге болады. Одан соң науқасты өкпені жасанды желдету аппаратымен демалдырып, тыныс алуын тоқтатуынан сақтандырады. Өздеріңізге белгілі, былтырға дейін емханаға келушілер медициналық кітапшасын арқалап, кезекке тұрып жүретін. Содан соң дәрігердің қорытындысын кітапшасына жазып бергенше тағы күтетін. Бұл уақыт шығынын келтірсе, бір жағынан кей науқастардың денсаулығына кері әсер ететін. Қазір бұл қиындық артта қалды. Барлық емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлық нұсқада жүргізуде. Денсаулық сақтау саласын цифрландыру, заманға сай аппараттармен толықтыру халыққа тиімді әрі сапалы қызмет көрсетуге жол ашуда.
– Жуырда ғана пайдалануға берілген аурухананың жаңа ғимараты талапқа сай ма?

– Жалағаштықтарды қуантқан жағымды жаңалықтардың көш басында аудандық аурухананың пайдалануға берілгені болатын. Құрылысы 2019 жылы басталған типтік жобадағы ғимарат қажетті заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. 100 төсектік аурухана үш қабаттан тұрады. Мұнда 1 терапия, 1 хирургия, 1 реанимация, 1 босану-гинекология, 1 балалар бөлімі, 1 асхана, 2 операциялық блоктар бар. Мұндағы әр палатада жуыну бөлмесі мен әжетханасы іске қосылған. Жарық әрі жылы ғимаратта пациенттерге сапалы медициналық қызмет көрсетуге бағытталған барлық жағдайлар жасалған. Әсіресе қабылдау бөлмесінде жаңадан түскен науқасқа шұғыл жасалу керекті медициналық қызметтерге, оның ішінде УЗИ аппараты, рентген аппараты, асқазан, ішек жолдарын зерттеуге арналған аппарат, қажет болған жағдайда жедел ота жасауға да мүмкіндік бар. Айта кету керек, ауруханадағы маңызды бөлім – реанимация бөлімі де жүз пайыз талапқа сай деп айтуға болады. Құрал-жабдықтар, қажетті медициналық аппараттар, төсек-орынға дейін заманауи үлгіде жасақталды. Хирургия бөліміндегі екі ота жасау бөліміне де жаңа күрделі аппараттар алынды. Бұлардың ерекшелігі бұрын біздің ауданда жасауға мүмкіндік болмаған кей операция түрлерін науқастарды облысқа жібермей-ақ жасауға болады. Мәселен, бүйректен, өттен тас алдыратын болса, яғни гинекологиялық операциялар осында жасала беретін болады. Бұл операцияларда науқасқа ешқандай қиындық келмейді, оңай жолмен жасалады. Бұл үшін арнайы маман да оқытылды. Қысқасы жаңа ауруханада материалдық-техникалық жағдай жоғары деңгейде.

– Қазақта «Жаман айтпай, жақсы жоқ» деген сөз бар. Қазақстандық мамандар көктемде індеттің қайта өршуі мүмкін екенін айтуда. Бұған біздің аудан дайын ба? Медициналық нысандардың дәрі-дәрмекпен қам­тамасыз етілуі қалай?

– Ауданда эпидемиологиялық ахуал күрделеніп, екінші толқын басталған жағдайда коронавирусқа қарсы күреске 25 дәрігер, 140 орта буын қызметкері, 20 кіші аяжан жұмылдырылады деп жоспарлануда. Аурухана бойынша 10 дана жасанды өкпені желдету ИВЛ аппараты бар. Қазіргі таңда осы аппараттың 3-еуі инфекция бөлімшесінде, 1-еуі перзентхана бөлімшесінде, 6 данасы орталық аурухананың реанимация бөлімшесіне үлестірілген. 2 дана рентген аппараты, 2 дана флюрограф аппараты бар. Бұдан басқа аурухана 44 дана оттегі концентраторы, 40 дана оттегі балонымен, 144 дана пульсоксиметр, 54 дана бесконтактный термометр және басқа да арнайы құрал-жабдықтармен толығымен жабдықталған.

Айта кету керек, былтыр көктемдегі төтенше жағдай кезінде аяқ асты жайлаған індетке дайындықтың аз болғаны рас. Бізге ай сайын бөлінетін дәрі-дәрмекке тосқауыл болып, бұл мәселеде қиындықтар туды. Дәріханаларда қажетті дәрі-дәрмектер саны азайды, халық жаппай сатып ала басатағандықтан кей жерлерде тапшылығы да сезілді. Енді беті аулақ дейміз, бірақ коронавирус қайта өршитін болса, мұндай келеңсіздіктер орын ала қояды деп ойламаймын. Себебі қазіргі таңда бізде қажетті дәрі-дәрмек қоры бар. Сонымен бірге тағы да қаржы бөліп, тапсырыс бердік. Сондай-ақ ауруханада бір реттік және көп реттік костюм де, медициналық бұйымдар да, оның ішінде бетперде, медициналық қолғаптар, қорғаныш көзілдірігі, шит маска және респираторлардың бес мыңға жуық қоры бар. Залалсыздандыру құралдарының ішінде қолға арналған антисептик сұйық түрінде 382 литр, таблетка түрінде 158 721 данасы жинақталған. КВИ инфекция мен пневмонияға арналған арнайы антибиотиктердің қажетті қоры қарастырылып отыр.

Коронавирус инфекциясымен және пневмониямен ауырған науқастарды үйде бақылауды ұйымдастыру бойынша бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсетуге жұмысшы 7 мобильді топ құрылған. Топтың құрамында 1 аймақтық жалпы тәжірибелі дәрігер, 1 аймақтық жалпы тәжірибелі мейіргер, күнделікті бақылау жұмыстарын жүргізуге арнайы автокөлік, жүргізуші бекітілген. Бүгінгі күнге дейін барлығы 1120 шақырту орындалған. 2021 жылдың қаңтар айында 474 шақырту болды.
– Вакцинация жұмыстарына тоқталсаңыз… Жалпы бұған қатысты қоғамда қалыптасқан екіұдай пікірге қатысты не айтасыз?

– Қаңтар айының аяғында аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасымен бірлескен бұйрық шығарылды. Онда білім деңгейлері бағаланатын медициналық қызметкерлер саны, комиссия құрамы, вакцинация ұйымдастыру мен жүргізу бойынша тест үлгісі, оперативтік штаб құрамы, емдеу-сауықтыру мекемелеріне кураторлар тізімі, тұрғындардың және БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап беретін спикерлер, иммунизациядан кейін қолайсыз жағдай туындағанда зерттеу жұмыстарын жүргізуге эксперттік комиссия құрамы бекітілді. Сонымен қатар аурухана бойынша вакцинациялауды ұйымдастыруға және жүргізуге арналған жоспар жасалды. Арнайы құрылған мониторнгтік топ егу пунктерінің халықты КВИ-ға қарсы жаппай вакцинациялауға дайындығына бақылау жүргізуде.

Аудан бойынша егу пункті аудандық емхана базасында ұйымдастырылған. Егу пункті вакцинаны сақтауға арналған қажетті жабдықпен қамтамасыз етілген және медицина қызметкерлерін оқыту жүргізіліп, мамандарға егуге рұқсат қағаздары берілді. Вакцинациялауға жататын контингенттің аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы қаулысы негізінде 3863 тұрғынға жалпы тізім жасақталды. Вакцинация жүргізуге арналған егу кабинеті емхананың келушілерінен оқшауландырылып, фильтр, дәрігер, егу және бақылау бөлмелері жасақталды. Сонымен бірге егу бөлімі егілетін пациент үшін бейдж, жадынамалармен толықтырылды. Вакцинация індетті ауыздықтаудың тиімді жолы деп білемін. Сондықтан оған күмәнмен қараудың қажеті де жоқ деп ойлаймын.

Былтыр емханада реабилизация орталығы жұмысын бастады. Ал жаңа ауруханада науқастарды қайта қалпына келтіруге мұндай мүмкіндік қарастырылған ба?

– Иә, өткен жылдан бері ауданда «Қалпына келтіру емі және медициналық оңалту» орталығы жұмыс жасауда. Мұнымен қоса жаңа аурухана ғимаратында да қалпына келтіру кабинеті жұмыс істеп тұр. Қажетті құрал-жабдықтармен толығымен қамтылған. Тіпті жүрек талмасына ұшыраған, аяқ-қолы қозғалыссыз қалған науқастарды да оңалтуға арналған күрделі аппарат бар. Бұл стационарларда науқастарға амбулаториялық-емханалық және стационарлық деңгейде ем-дом шаралары жүргізіледі. Науқастың физикалық, химиялық және әлеуметтік факторлардың әсерінен бұзылған денсаулығын, функционалдық жай-күйін, еңбекке қабілеттілігін қалпына келтіруде бұл кабинеттің маңызы зор. Елдегі төтенше жағдайдың салдарынан жоғары қарқынмен жұмыс жасауға мүмкіндік болмаса да, орталық жұмысы жанданып келеді. Қазіргі таңда аудандық аурухана жанынан ашылған қалпына келтіру орталығы бойынша 10 реабилитациялық төсек орын жұмыс жасауда. Орталық ересектерге 5 неврологиялық, 3 кардиологиялық, 1 травматологиялық және 1 балалар травматологиялық төсек орындарымен қамтамасыз етілген. Тәуліктік стационарлық реабилитациялық емді ми инсультын, миокард инфарктін, жүрекке жасалған, омыртқа жотасына жасалған отаны, буын алмастыру отасын, аяқ-қол сынығынан кейінгі отаны басынан өткергендер 9 айға дейін қабылдай алады.

Реабилитация бөліміне жауапты дәрігер реабилитолог Әсем Шамитаева – 2018 жылы осы салада білімін жетілдіріп, сертификат алған білікті маман. Орталықтағы медбикелер де осы салада тәжірибесі мол жандар. Өткен жылы амбулаториялық-емханалық оңалту түрі іске қосылып, бұл ем түріне жоғарыда аталған жағдайдағы науқастар 9 айдан 3 жылға дейін жүгіне алады. Яғни осы ауруларды басынан өткергендерге реабилитолог дәрігердің тағайындауы және бақылауымен, амбулаторлы түрде емдік дене шынықтыру, массаж, физиопроцедуралық ем, психокоррекциялық ем, логопед сабақтары ақысыз жүргізіледі. «Оңалтудың негізгі мақсаты – науқастарды тұрмыстық және еңбек процесіне, қоғамға тез арада қайтару, қандай жағдай болсын аурудың бетін қайтарып, отадан кейінгі күтімді басты назарда ұстау болып табылады. Жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін емдік қалпына келтіру құралдары қолданылады. Әсіресе сауықтыру шараларының ішіндегі ең маңыздысы физикалық жаттығулар, емдік шаралар, массаж, физиопроцедуралық ем және ортопедиялық құралдар мен логопедпен жұмыс. «Қалпына келтіру емі мен медициналық оңалтуды» көрсету деңгейі нозологияға, пациент жағдайының ауырлық дәрежесіне сәйкес оңалту бағдарының шкаласы бойынша анықталады. Бұл Мультидисциплинарлы тәртіп мамандарының қатысуымен қызмет етудің халықаралық жіктемесі немесе балалар мен жасөспірімдердің қызмет етудің халықаралық жіктемесі өлшемдері негізінде Биоәлеуметтік функция бұзылыстарының қалыптастыру тәртібіне сәйкес айқындалады.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан: Н.Алмасқызы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: