Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

7°C

, Сенбі, 23 қараша, 14:27

Зейнетақы жинағына қандай ем алуға болады?

25.02.2021

447

0

Биыл 2 қаңтарда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы жинағының бір бөлігін мақсатты түрде пайдалануға қатысты заңға қол қойған соң, қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарын пайдалану үшін жаңартылған «жеткіліктілік шегі» жарияланғаны белгілі. Зейнетақы жинағынан алуға болатын соманы БЖЗҚ сайтынан көруге болады. Сонымен қатар зейнетақыны пайдалану бойынша медициналық қызметтердің тізімі бекітілді.

Жуырда елімізде біржолғы зейнетақы төлемін ем-домға пайдалану Ережесі қоғам талқылауына ұсынылған болатын. Тиісті құжат Нормативті-құқықтық актілер ашық порталына орналастырылды. Біржолғы зейнетақы төлемдерін емделуге пайдалану Қазақстан Республикасының азаматтарына кепілдендірілген тегін медициналық көмек және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақ­тан­­дыру аясында қарастырылмаған ме­ди­циналық қызметтерді қосымша алуға мүмкіндік береді.

Отандастарымыз өздерінің зейнетақы жинақтарының бір бөлігіне еліміздегі клиникаларда қандай ем ала алады? Жуырда Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Гүлнар Сәрсенбаева осы сауалға жауап берді.

«Азаматтар Қазақстандағы кез келген клиникада және стоматологиялық қызметтерді қоспағанда шет елдер­де барлық қызметті ала алады. Бірақ бұл ретте келісімшарт жасалатын ме­ди­ци­налық ұйымда аталған меди­ци­на­лық қызмет түрін көрсетуге арналған лицензия болуы тиіс. Оны алу үшін азамат БЖЗҚ-ның интернет-ресурсы немесе «электронды үкімет» веб-порталы арқылы біржолғы зейнетақы төлемінің қолжетімді сомасын анықтауы қажет. Егер қордағы сома жеткілікті болса, онда азамат тіркелген жері бойынша медициналық ұйымға жүгініп, дәрігерлік комиссияның біржолғы зейнетақы төлемдері есебінен емделуге жіберу туралы қорытындысын алуы қажет», деді Г.Сәрсенбаева.

Маманның түсіндіруінше, дәрігерлік комиссия өтініш берген күннен бас­тап 5 жұмыс күнінен кешіктірмей зейнетақы төлемдері есебінен емделуге жіберу туралы не медициналық көрсеткіш болмаған жағдайда бас тарту туралы шешім қа­былдайды. Қорытынды дәрігерлік ко­миссияның отырысы өткізілген күннен бастап 2 жұмыс күні ішінде беріледі. Жинақталған зейнетақы қаражаты есебінен азаматтар орфандық ауруларды емдеу, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан медициналық ұйымдарда көрсетілетін стоматологиялық қызметтер (тісті протездеу, имплантация), операциядан кейінгі тыртықтар мен туа біткен ақауларды түзету мақсатында реконструктивті және қалпына келтіру операциялары (пластикалық), сондай-ақ мастэктомия, радионуклидтік және радиойодтерапия, радиохирургиялық емдеу (гамма-пышақ, кибер пышақ), протонды терапия, офтальмологиялық қызметтер сияқты қымбат тұратын қызметтерді ала алады. Аталған тізбе халықтың қажет­ті­лігін ескере отырып өзгеруі де ықтимал.

Медициналық комиссияның оң қоры­тындысы болған жағдайда өтініш беруші медициналық ұйымды таңдап, шарт жасасуы қажет. Содан кейін ЭЦҚ көмегімен уәкілетті оператордың интернет-ресурсында өзінің жеке кабинетін ашу, онда сомасы мен пайдалану мақсатын көрсете отырып, біржолғы зейнетақы төлеміне электронды өтінішті толтыру, дәрігерлік комиссия қорытындысының сканерленген көшірмелерін, медициналық ұйыммен емдеу туралы шартты бекіту және өзінің ЭЦҚ-мен куәландыру қажет. Өтініш берушінің ЭЦҚ-сы қойылған, уәкілетті операторда тіркелген Төлемге арналған өтініш туралы мәліметтер БЖЗҚ-ға электронды хабарлама шеңберінде келіп түседі. БЖЗҚ уәкілетті оператордан электронды хабарлама алған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде біржолғы зейнетақы төлемінің сомасын өтініш берушінің уәкілетті операторда ашылған арнайы шотына аударады. Уәкілетті оператор алушы ұсынған біржолғы зейнетақы төлемдерінің нысаналы мақсаты бо­йынша құжаттарды тексереді және олар сәйкес келген жағдайда оларды алған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде өтініш беруші таңдаған медициналық ұйымның нысаналы мақсаты бойынша қаражатты аударады.

«Сондай-ақ жұбайының (зайы­бының), жақын туыстарының бір­жолғы зейнетақы төлемдерін емдеуге пайд­а­ла­нуға болатынын атап өткім келеді. Мұндай жағдайда тараптар жеке каби­нетте туыстық қатынастарды растайтын құжаттарды қоса көрсетіп, олардың ЭЦҚ-мен куәландырылатын біржолғы зей­нетақы төлемдерін беру туралы келісім жа­сасады», деді Г.Сәрсенбаева.

Бір айта кетерлігі, емделуге берілетін біржолғы зейнетақы төлемдеріне ЭКҰ жасатуға болмайды.

«Бастапқыда тізімде болған кейбір ауру түрлері соңғы сәтте алынып тас­талды. Қазіргі уақытта біз бүкіл теті­гін пы­сықтап жатырмыз», деді «От­басы банкі» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова. Бұл ретте Гүлнар Сәрсенбаева тізімнен ЭКҰ жасату проце­ду­расының неліктен алынып тастал­ға­нын түсіндірді. Оның айтуынша, биыл елімізде «Аңсаған сәби» атты арнаулы бағдарлама іске қосылды. Осыған орай жыл сайын Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында 1 мың квота бөлу жоспарланған. «Биыл квота саны 7 есеге артып, 7 мыңға жетті. Сондықтан Міндетті әлеуметтік меди­циналық сақтандыру аясында бұл қызметтер өлшемшарттарға сәйкес мұқтаж отбасыларға көрсетіледі. Алдағы уақытта қараймыз. Егер шынымен де мұндай қажеттілік болса, онда бұл мәселені аталған тізімге қосуды қарастырамыз», деді ол.

Ертең, яғни 25 ақпан күні емделуге берілетін біржолғы зейнетақы төлемдерін алуға өтініш беруге арналған портал іске қосылады. Жуырда Емделуге берілетін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану ережесі ресми түрде жарияланып, күшіне енді.

Айта кетелік, биылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының шотында 13,1 трлн теңге зейнетақы жинағы қалыптасты. Бір жыл ішінде оның сомасы 2,2 трлн теңгеге артты немесе 21%-ға өсті. Зейнетақы жинағының негізгі сомасы міндетті зейнетақы жарнасы есебінен құралды, оның мөлшері – 12,8 трлн теңге. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасы бойынша – 324,4 млрд теңге, ал ерікті зейнетақы жарнасы 2,2 млрд теңгеге жетті.

www.egemen.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: