Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

2°C

, Жексенбі, 24 қараша, 09:15

Жаңа вакциналар туралы 8 факт

31.01.2021

1652

0

Қазіргі күн тәртібінде коронавирусқа қарсы вакциналар туралы ақпарат аз емес. Мұндай ақпарат ағынында бір-біріне қарама-қайшы деректер кездесіп, жалған ақпарат пен фейктер көбейе түседі. Осы орайда оқырманға өзіне керек маңызды әрі нақты нәрсені бөліп қарастыру оңайға түспейді, деп жазады informburo.kz.

Біздің фактчекингпен айналысатын PolitiFact ұйымындағы әріптестеріміз бұл мәселеге зер салып, коронавирус вакциналары туралы әзірге белгілі және белгісіз фактілер туралы мақала дайындаған екен. Нақты айтқанда бұл материалда Pfizer-BioNTech және Moderna компанияларының вакциналары туралы айтылады. Біз әріптестеріміздің мақаласын аударып, кейбір мәліметтермен толықтырдық. Енді назарларыңызға жаңа вакциналар туралы 8 факт пен әзірге жауабы жоқ 4 сұрақты ұсынамыз.

Қысқа қайырғанда…

  • Белгілі нәрсе: вакциналар қауіпсіз. Алайда басқа вакциналардан кейін сияқты мұнда да түрлі жанама әсерлер пайда болуы мүмкін. Олардың көбі жеңіл және орташа деңгейде өтеді. Екпеден кейін жағдайы нашарлап кеткен адамдардың саны аз, олар негізінен аллергиясы бар адамдар. Егер сізде бұрын вакцинаға аллергиялық реакция болса, онда дәрігермен бір кеңесіп алған жөн.
  • Вакцинация міндетті де, мәжбүрлі де емес.
  • Белгісіз нәрсе: болашақта коронавирус мутацияға ұшырап, оған жыл сайын жаңа вакцина жасап отыру қажет пе; вакцинацияланған адам вирусты таратуы мүмкін бе; жүкті әйелдер үшін вакцина қауіпсіз бе; сондай-ақ балаларға вакцинация қажет пе?.

Дисклеймер (ескерту): Бұл мақалада тек Pfizer-BioNTech және Moderna вакциналары туралы айтылады. Сондықтан мұнда келтірілген барлық фактілер мен сұрақтар тек аталған вакциналарға қатысты. Ал Ресейдің «Спутник V» вакцинасы туралы бөлек мақала дайындап жатырмыз.

Осыған қоса бұл вакциналардың Қазақстанда қолданылуы екіталай екенін атап өткен жөн. Себебі, Pfizer вакцинасын өте төмен температурадағы (-80°C) мұздатқыштарда сақтау керек. Мұндай жағдай вакцинаны елімізге жеткізуді едәуір қиындатады, сондықтан оны бізде қолдану мүмкін емес десе де болады. Moderna вакцинасын сәл жылы жерде, яғни -20°C температурада 6 ай және тоңазытқышта (шамамен 4°C) 30 күн сақтауға болады. Алайда еліміздің екпе жасату бөлмелерінің көбінде мұндай жағдай жоқ.

Жаңа вакциналар туралы 8 факт

№1. Вакциналар тез арада жасалғанымен, олар ондаған жылдар бойы жүргізілген ғылыми зерттеулерге негізделген

Коронавирусқа қарсы Pfizer және Moderna әзірлеген алғашқы екі вакцина матрицалық (ақпараттық) РНҚ деп аталатын жаңа технологияны қолдана отырып, рекордтық уақытта жасалды. Алайда бұл зерттеушілер қауіпсіздік протоколдарын айналып өтті немесе жеткілікті дәрежеде сынақтар өткізбеді дегенді білдірмейді. Вакцинаға қажетті жаңа технологияға негіз болған зерттеулер біраз уақыттан бері жүргізіліп келеді.

«Бұл жаңа стратегия емес, – дейді Филадельфиядағы балалар ауруханасы жанындағы Вакцина бойынша білім беру орталығының директоры, доктор Пол Офит. – Вакцинада матрицалық РНҚ-ны қолданудың бұл ерекше идеясы 20 жылдан бері бар. Тек қазір көпшілікке белігілі болып, коммерциялық жобаға айналған алғашқы өнім».

Адам ағзасы вируспен күресу үшін дәстүрлі вакциналар вирустың белсенді емес немесе әлсіреген нұсқасын енгізеді. Мәселен Pfizer-BioNTech және Moderna әзірлеген COVID-19-ға қарсы вакциналары вирустың генетикалық материалының бір бөлігі саналатын матрицалық РНҚ-ны (мРНҚ) қолданады. Ол ағзаға коронавирус бетіндегі ақуыздың көшірмелерін жасауға нұсқау береді және адамды ауыртпайды. Содан кейін иммун жүйесі сол ақуыздарды анықтап, оған қарсы антиденелер жасауды үйренеді.

№2. Вакциналар қауіпсіз деп саналады

Олар қатаң тексеруден өтті. Мысалы Pfizer-BioNTech жасаған вакцина шамамен 44 мың адам қатысқан клиникалық сынақтан өтті, қатысушылардың жартысы вакцинаны, қалғаны плацебоны қабылдады. Тамақ өнімдері мен дәрі-дәрмектер сапасын санитариялық қадағалау басқармасынан (FDA) вакцинаны шұғыл пайдалануға рұқсат алу үшін өндірушілер вакцинациядан кейін қатысушылардың кем дегенде жартысын кемінде екі ай бойы қадағалап отырды. Сондай-ақ, вакцинаның осы адамдар үшін қауіпсіз әрі тиімді екені дәлелденуі керек еді.

Осы вакцинаға қатысты деректерге талдау жүргізген FDA 16 жастан асқан адамдар үшін вакцинаны қолдануға қатысты қандай да бір проблемалар анықтаған жоқ.

Дегенмен вакциналарды бақылау жұмыстары жалғасады. Қас-қағым сәтте басталып кеткен пандемия салдарынан вакциналар әдеттегіге қарағанда әлдеқайда қысқа мерзімде жасалды. Сондықтан вакцинаны шұғыл қолдануға берілген рұқсат клиникалық зерттеулердің аяқталғанын білдірмейді. Мысалы Pfizer компаниясы қатысушыларды әлі 2 жыл бойы бақылауда ұстайды. Бұл қауіпсіздіктің басқа да мәселелерін және вакцина ұсынған қорғаныс қаншалықты сақталатынын анықтау үшін қажет.

№3. Екпе алғаннан кейін сіз өзіңізді әлсіз сезінуіңіз мүмкін, бірақ жанама әсерлерінің көбі жеңіл және орташа деңгейде өтеді

Осы мақалада көрсетілген Covid-19-ға қарсы вакциналарды қабылдаған адамдар өзін әлсіз сезінгенін, кейбірі бас пен қолдың ауырғанын немесе ыстығы көтерілгенін айтқан, яғни екпеден кейінгі әсер жеңіл немесе орташа деңгейде болған. Әдетте мұндай жағдай бір-екі күн болып, еш асқынусыз өткен.

«Егер сізде екпеден кейін қандай да бір реакция болса, онда бұл оның шынымен жұмыс істейтінін білдіреді, – дейді педиатриялық медбике, Жұқпалы аурулар ұлттық қорының сайланған президенті, доктор Патрисия А.Стинчфилд. – Сіздің иммун жүйеңіз жауап беріп жатыр. Ол жаман жігітті көріп, жақсы жігіттерді шығарады. Сіз өзіңізді бір-екі күн жайсыз сезінуіңіз мүмкін, бірақ бұл коронавируспен ауырғаннан әлдеқайда жақсы».

№4. Коронавирусқа қарсы вакцина міндетті/мәжбүрлі емес

Жақында Денсаулық сақтау министрлігі «вакцинация міндетті болады» деген ақпаратты жоққа шығарды. «Вакцинация ерікті болады, яғни азаматтар екпе алуға өз еркімен келісім беруі тиіс», деп түсіндірді Денсаулық сақтау министрлігі.

Естеріңізге сала кетейік, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» жаңа Кодекс бойынша азаматтың «емделуге және басқа да медициналық араласуларды, оның ішінде профилактикалық екпелерді жүргізуге хабардар етілген келісім беруге немесе олардан бас тартуға» құқығы бар.

Осыған қоса Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да вакцинацияның міндетті болғанына қарсы. Олардың айтуынша, адамдарға барынша нақты ақпарат берілу керек, ал екпе жасату не жасатпауды олар өздері шешеді.

Алайда ДДСҰ-ның Иммундау бөлімінің директоры Кэтрин О’Брайанның айтуынша, екпе жасату белгілі бір мамандық иелеріне, мәселен, жан сақтау бөлімінде еңбек ететін дәрігерлерге қажет, сондықтан олар үшін екпе жасату міндетті болуы мүмкін.

Бұған дейін ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой вакцинаны бірінші болып қауіпті топтағы адамдар қабылдайтыны туралы хабарлады. Бұл топқа дәрігерлер, мұғалімдер және күш құрылымдарының қызметкерлері кіреді.

№5. Вакцина адамның ДНҚ-сына әсер етпейді

Матрицалық РНҚ немесе мРНҚ деп аталатын кандидат вакциналардағы генетикалық материал адам жасушасының ДНҚ-сын өзгертпейді. «Матрицалық РНҚ жасуша ядросына ешқашан енбейді, ол адамның ДНҚ-сына әсер етпейді және онымен әрекеттеспейді», делінген АҚШ Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының (CDC) сайтында.

Колумбия университетіндегі жасуша және молекулалық биологияны зерттейтін профессор Брент Стоквеллдің айтуынша, кейбір вирустардың құрамындағы арнайы ферментті пайдаланбай, РНҚ-ны ДНҚ-ға айналдыру мүмкін емес.

«Демек адамның ДНҚ-сын мРНҚ вакцинасы арқылы өзгерте алатын нақты механизм жоқ», – деді ол.

№6. Егер сізде бұрын вакциналарға жағымсыз реакция болса, онда алдымен дәрігеріңізбен кеңесіңіз

CDC мәліметі бойынша, клиникалық зерттеулер Pfizer вакцинасы ілеспе аурулары бар адамдар үшін тиімді және қауіпсіз болатындығын көрсетті (вакцинацияға қарсы жағымсыз реакциясы болмауы тиіс) және ол, әсіресе, Covid-19-дың ауыр түрімен ауырып қалу қаупі бар адамдарға өте қажет.

Вакцина бұрын инъекциялық өнімге ауыр аллергиялық реакциясы бар адамдарға ұсынылмайтын, дегенмен егер адамдар сақтық шараларын сақтаса, аллергияның басқа ауыр түрімен ауыратын адамдарға жарамды.

«Мысалы, адамда жержаңғаққа, жұмыртқаға немесе басқа да тамақ өніміне аллергия болуы мүмкін, бірақ ол бәрібір бұл вакцинаны қабылдай алады, – дейді доктор Оффит. – Сізге бар болғаны екпе алған жерде 30 минуттай күту керек. Себебі, егер сізде аллергиялық реакция пайда болса, онда біреу ағзаны қалпына келтіру үшін адреналин бере алуы қажет».

Қалған адамдар үшін денсаулық сақтау қызметкерлері вакцинациядан кейін шамамен 15 минут күтуге кеңес береді, бұл адамда реакцияның бар-жоқтығын анықтау үшін керек.

Аляскадағы Джуно қаласындағы Бартлетт аймақтық ауруханасының екі медицина қызметкерінде Pfizer вакцинасына қатты аллергиялық реакция болған. Осыдан кейін біреуі ауруханаға түседі, ал екіншісінде аллергия белгілері бір сағаттың ішінде кетеді. Мұндай жағдай Ұлыбританияда да кездескен, онда да вакцинациядан кейін аллергиясы бар екі адамда анафилактикалық реакция болған. Қазір барлығы аман-сау, денсаулығы қалпына келген.

Осы орайда Пол Оффиттің айтуынша, вакцинаның миллион дозасының тек біреуі ғана ауыр аллергиялық реакцияға әкелуі мүмкін. Денсаулық сақтау қызметкерлерінің хабарлауынша, мұндай жағдайлар олардың вакцинацияға қатысты жоспарын еш өзгертпейді.

№7. Covid-19-бен ауырған адамдардың вакцина алғаны жөн

Медицина зерттеушілері мен иммунология саласының сарапшыларының айтуынша, сирек болса да, Covid-19-бен ауырып шыққан науқастар вирусты қайтадан жұқтыруы мүмкін, себебі олардың ағзасында табиғи антиденелер деңгейі уақыт өте келе төмендейді. Сондықтан вакцина күшті әрі ұзаққа созылатын иммунитет қалыптастыруға көмектеседі деп күтіліп отыр.

№8. Тиісті қорғаныс үшін сізге екі доза да қажет

Аурудан тиісті деңгейде толық қорғану үшін Pfizer де, Moderna да екі доза жасату қажет дейді. Клиникалық сынақтарда бір реттік дозаның тиімділігі қандай екені анықталмаған.

Pfizer вакцинасының дозалары үш апта арасында жасалады. Екінші дозаны 4 күн жеңілдікті кезеңінде (17-21-ші күні) салған дұрыс деп саналады. CDC-тің хабарлауынша, егер бірінші дозадан кейін 21 күн өтсе, онда екіншісін «барынша тезірек» жасату керек. Алайда дозаны қайталау қажет емес. Moderna вакцинасының дозалары 28 күн арасында жасалады.

«Ең дұрысы – екі дозаны да жасату. Біреуінен де пайда болады, алайда барынша толық емес. Біз иммундау аясында адамдарды қайта вакцинацияладық және ревакцинация кезінде адам иммунитеті айтарлықтай жақсаратынын білеміз», – дейді америкалық медицина қауымдастығының президенті, доктор Сьюзан Бэйли.

Зерттеушілердің айтуынша, Pfizer вакцинасын жасатушылар екінші дозадан кейін 7 күн өткен соң толық қорғалады.

Әзірге жауабы жоқ 4 сұрақ

№1. Вирус тұмау сияқты мутацияға ұшырып отыра ма, оған қарсы жыл сайын жаңа вакцина жасату қажет пе?

Жаңа коронавирус – қызылша, паротит және тұмау сияқты бір тізбекті РНҚ вирусы. FDA вакциналар жөніндегі кеңес комитетінде қызмет ететін доктор Пол Оффиттің пікірінше, Covid-19-ға қарсы иммунитет ондаған жылдарға болмаса да, бірнеше жылға дейін сақталады.

Зерттеушілер вакцинадан пайда болған иммунитеттің қанша уақытқа созылатыны туралы көбірек 2021 жылдың ортасына қарай біле алады. Сол кезде вакцинаның ұзақ мерзімді сынақтарының нәтижесі белгілі болады.

№2. Вакцинацияланған адам вирусты тарата беруі мүмкін бе?

Медицина сарапшыларының айтуынша, вакцина бәрін емдей алатын сиқырлы дәрі емес және «қалыпты өмірге» қауіпсіз оралу біраз уақытқа созылуы мүмкін. Қазіргі кезде біреудің вирусты вакцинациядан кейін де еш симптомсыз тарата алатынын не алмайтынын анықтау үшін мәлімет жеткіліксіз. Сарапшылардың айтуынша, вакцина алған адамдар жаңа ақпарат пайда болмайынша бетперде киіп, әлеуметтік қашықтықты сақтауды жалғастыруы керек.

№3. Жүкті әйелдер үшін вакцина қауіпсіз бе?

Вакцина әлі жүкті әйелдерге арналып сыналған жоқ. Пол Оффиттің айтуынша, жүкті әйелдер де вакцинация туралы ойлануы керек, себебі вирус оларға қатты әсер етуі мүмкін.

«Бұл жүкті әйелге немесе оның ішіндегі баласына зиян келтіреді» деп айтуға биологиялық негіз жоқ», – деді ол.

CDC-тің жақында жарияланған вакциналар туралы ұсыныстарында былай деп айтылған: егер жүкті әйел Covid-19 вакцинасын алуы керек топқа кірсе, мысалы, медицина немесе азық-түлік дүкенінің қызметкері болса, онда оның екпе жасатуға таңдауы бар және ол дәрігермен ақылдаса отырып, дұрыс шешім қабылдай алады.

Жақында PolitiFact «жаңа мРНҚ вакциналары плацентаға зиян келтіріп, әйелдер бедеулігін тудырады» деген жалған ақпаратты жоққа шығарды. Егер сол жаңалықта айтылғанның бәрі рас болса, онда мұндай жағдай Covid-19 кезінде де қайталанушы еді. Сондай-ақ қазір аурудың бедеулікпен немесе түсікпен байланысы бар екенін растайтын еш дәлел жоқ.

№4. Вакцина балаларға қашан қолжетімді болады?

Кішкентай балалар вакциналардың алғашқы сынақтарына қатысқан жоқ. Pfizer вакцинасын тексеру 2020 жылғы қазанда 12 жастан асқан балалар арасында басталды, енді зерттеу жұмыстары тағы бірнеше айға созылады деп күтіліп отыр.

Әдетте балаларда Covid-19-дан ауыр асқынулар болмайды. Дәрігерлердің айтуынша, балаларға вакцинация жасамас бұрын тиісті мәліметтер жинап алу өте маңызды.

Контекст: Бұған дейін елімізде Ресейдің «Спутник V» вакцинасының өндірісін бастау бойынша жоспар бар екені хабарланған еді. Сонымен қатар 25 желтоқсанда қазақстандық вакцина сынағының үшінші кезеңі басталады, сынақ аясында 3 мың еріктіге екпе жасалатыны айтылды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: