Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдаған депутаттық сауалында мектепте ауыр жұмыстарды істейтін қызметкерлердің жалақасы көтеруді ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат атап өткендей, жыл сайын Үкімет азаматтық қызметшілердің жалақысында біліктілік санаттарына қолданылатын коэффициенттерді арттыру қарастырып, жалақыларын өсіріп келеді.
Бірақ мекемелердің қызметін еден жуушы, аула тазалаушы, сантехник, плотник, электрик секілді қарапайым еңбек адамдарының күнделікті ауыр жұмыстарынсыз жүзеге асыру мүмкін емес болса да бүгінде осы аталған жұмысшылар азаматтық қызметшілер реестірінде жоқ. Сондықтан Үкімет тарапынан азаматтық қызметшінің айлығын арттырғанда, осы еңбегі ауыр жұмысшылардың мүддесі ескерілмей келеді.
Әсіресе, денсаулық сақтау, оқу-ағарту саласындағы ең ауыр жұмыстарды атқаратын жұмысшылардың айлық жалақысы төмен. Мысалы, мектептердегі еден жуушы – 82 856 теңге, электрик 81 575 теңге, аула сыпырушы – 79 317 теңге. Бүгінгі таңда, тек орта білім саласында 216 мыңнан астам осы санаттағы жұмысшылар бар, олардың 254 мыңы қолына тиетін айлық жалақысы 74 мың теңгеден 85 мың теңге аралығында, – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Депутаттар білім беру, денсаулық сақтау мекемелеріндегі орта және кіші буын мамандары мен қызметшілердің еңбекақысын кемінде екі есеге көтеру қажет деп санайды.
Атқаратын жұмысының күрделілігіне және ауырлығына әрі ерекшелігіне қарай лайықты жалақы тағайындалуы тиіс деп есептейміз. Себебі, жалақы әлеуметтік жағдайды, күнкөріс деңгейін, денсаулығына және балаларын өсіп-жетілдіруге жеткілікті болуы шарт. Әлеуметтік әділдік заманында жұмысы ауыр, еңбегі адал жұмысшылардың жалақысы артуы қажет, – деп айтты мәжілісмен.
Депутат мынадай ұсыныстарды енгізді:
Оқу-ағарту министрлігі 2016 ж. 29 қаңтардағы № 123 Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі бұйрығымен бекітілген Білім және ғылым саласындағы азаматтық қызметшілер лауазымдарының тізілімін қайта қарап, еден жуушы, плотник, сантехник, аула тазалаушы, электрик санатындағы жұмысшылардың осы тізілімге енгізілуін қарастырсын.
Оқу-ағарту министрлігі Ұлттық экономика министрлігімен бірлесе отырып, республикалық бюджетті нақтылау кезеңінде аталған жұмысшылардың базалық лауазымдық жалақысын инфляцияға және жұмыстардың күрделілігіне сәйкес ұлғайтуды қарастырсын.
Оқу-ағарту министрлігі Қаржы министрлігімен бірлесе отырып, еден жуушы, плотник, сантехник, аула тазалаушы, электрик санатындағы жұмысшылардың еңбек демалысына төленетін төлем мөлшеріне сауықтыру жәрдемақысы қосу мүмкіндігін қарастырып, республикалық бюджеттен шығындарын есептесін.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!