Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

3°C

, Бейсенбі, 05 желтоқсан, 17:48

Дерттінің дәруі – ақ халаттының жүрек жылуы

27.08.2022

1014

0

Дәрігерлер, жалпы ақ халатты жандар дегенде алғашқы ойыңа келетіні мейірім мен жылы сөз, жұмсақтық, аялы алақанның жылуын сезіну. Әрине дертке дауа таппай қиналып келген адам соңғы үмітін үкілеп, осы ауруханадан жанды қинаған дертіне шипа іздеп келеді. Оның үстіне қазір адамдар пандемиядан соңғы күйзелістен кейін иммунитеті әлсіреп, жүйкесі де жұқарған. Соңғы кезде аурухананың да, дәрігерлердің де есігін көп қағып жүрген соң медицина саласындағы көп жайға куә болдым десем қателеспеймін. Әсіресе ұзақ-сонар кезек күткен науқастарды көргенде өзіңнің ауруыңды ұмытып, Аллаға шүкір айтасың. Иә, мұнда тағдырдың сан сынағы пешенесіне бұйырған мүгедек сәбилер, арбаға таңылған үлкенді-кішілі жалпы дерттілер көп.

Әңгіме ауанынан байқап отырсаң, үлкендер жағы бұрынғы дәрігерлердің керемет қасиеттерін айтып, оларға бар­саң дәрі-дәрмексіз-ақ жылы сөзде­рінен жадырап шыға келетінін жыр қып айтады. Шынында біздің бала кезіміздегі ақ халаттылар келген науқастың жанына жақындап, ауырған жерін қолымен ба­сып, жүрегін тыңдап, айналасында бәйек қағатын. Қағазбастылық деген аты­мен жоқ еді. Дәрігер де, медбике де келген дерттіге ерекше қиналыспен қа­рап, қағаз жайына қалатын. Күңіреніп кел­ген науқас дәрігердің алдынан күліп шы­ға­тын. Сол құдірет неде деп ойлауы­ңыз мүмкін. Ол бір ауыз жылы сөздің, саған қараған жылы көзқарастың шипа­сы болатын. Ол кезде дәрілердің, укол­дар­дың тізімі де дәл қазіргідей көп бол­майтын. Осындай сәтте әйгілі әнші Мақпал Жүнісова қазақтың қара домбы­ра­сымен тебірене орындайтын «Бір ауыз сөз» термесі ойға оралады.
Бір ауыз сөз қасіретті тыяды,
Бір ауыз сөз айықпас дерт жияды,
Бір ауыз сөз ұшса бақыт кұсы боп
Бір ауыз сөз жаман атқа қияды.

Бір ауыз сөз таң шолпанын әперер,
Бір ауыз сөз анаңдай боп мәпелер
Бір ауыз сөз ұл туды деп қуанса,
Бір ауыз сөз әке өлімін әкелер.

Бір ауыз сөз мұхиттарды жалғайды,
Бір ауыз сөз ұран болып самғайды
Бір ауыз сөз әлемге әйгі еткізсе,
Бір ауыз сөз арсыз жанды алдайды.

Бір ауыз сөз жан тетігін табады
Бір ауыз сөз мың әуреге салады
Қимас жандар көз жұмарда қоштасып,
Бір ауыз сөз айтысып қалады.

Бізді құртқан осы қағазбастылық па деп те кейде мұңға батасың. Соның кесірінен алдыңа батпандай ауру­мен келіп отырған науқасқа кейбір дәрігер­ле­ріміз мысқалдай да жылы сөз айтпай, жансыз компьютердің мониторына қа­да­лумен уақыт өткізіп жүр. Біздің медици­намыздағы бетіміздің қызаратын бір тұсы осы деонтология мәселесі екен. Бұл термин сөз болған соң түсінбеуіңіз мүмкін, сондықтан тоқтала кетейін. Медициналық деонтология дегеніміз – медицина қызметкерінің адам баласы алдындағы, қоғам алдындағы атқаруға тиіс кәсіптік парызы мен өтеуге тиіс борышын оқытатын ілім.
Біздің дәуірімізге дейін ІХ ғасырда өмір сүрген атақты үнді дәрігерінің «Өмір кітабы” атты еңбегінде дәрігерге былай деген өсиет айтады: «Дәрігер іс жүзінде табысқа жету үшін: өзінің дені сау, мұнтаз­дай таза, қарапайым, шыдамды, сақалы қысқа етіп бастырылған, тыр­нақ­тары алынған, ақ жиде жұпыны киім киген болуы керек. Сөйлеген сөзі жұмсақ, жағымды, тартымды және үлкен үмітпен айтылуы қажет.
Дәрігердің ақ жүректі адал, қайғыға ортақтасқыш, сезімтал, тура мінезді, байсалды, ерекше сабырлы, асқан ақылды әрқашанда жақсылық істеуге тырысып тұратын адам болғаны абзал. Медицина қызметкерінің орта және кіші буынды қызметкер әріптестері ара­сында сабырлы әрі ашық жарқын сөйлесуге міндетті. Дөрекі немесе тым ресми сөйлесуге болмайды. Бұдан артық дәрігерге қандай даналық сөз, келелі кеңес айтуға болады?
«Сөз менеджменті» кітабында бір дәрігердің өз басынан өткен өкінішті оқиға­сының жазбасын оқып, өз қателі­гін түсінген ақ халаттыға риза болдым. «Курсқа келгендегі себебім жұмыста жасы үлкен бір ақсақалға система салып жүргенмін. Ол кісі бірде таңғы уақытта келсе, бірде кеш келеді. Кейде тіпті келмей қалады. Ал система күнде­лікті бір уақытта құйылмаса, нау­қасқа еш әсері болмайды. Содан бiр күнi әлгі атамызға «Ата, 10 күндiк систе­маңыз 20 күнге созылып кетті ғой. Бірде таңда, бірде кешке келмей үнемi бiр уакытта келмейсіз бе? Алыста тұрса­ңыз, бала-шағаңызға айтыңыз, күн­делікті бір уақытта әкеліп тұрсын» деп айтқаным сол еді, қарт кici еңкiлдеп жылай бастады. Сақалынан жас там­шы­лап отырған үлкен адамды көріп бәріміз абдырап «Ата, тыныштық па, денсаулығыңыз мазалады ма?» деп бәйек болдық. «Еее, шырағым-ай, мен жетіскеннен кешiгiп жүргем жоқ. Отба­сым жол апатына түсіп, қартайған шағымда бала-шағамнан көз жазып қалдым. Жүрек мазалаған соң келіп жүрген жоқпын ба осы системаға?…» дегенде, төбемнен жай түскендей болды. Университет қабырғасында жүргенде аудиторияда «Адамның тәнінен бұрын жанын емде» деген Ибн Синаның сөзіне мән бермейтін едік. Соны енді түсіндім. «Өзі қалт-құлт етіп отырған қарияның қайғысын үдетіп, жүрегін ауырттым-ау. Енді оған қандай дәрі берсем де жазыла қоймайды ғой» деген ой жегідей жеді. «Неге мен науқас адаммен тілдеспедім, неге алдымен оның тыныс-тіршілігімен танысып, көңіл-күйіне әсер ететін сөздің ретін тауып айта алмадым» деген өкініш өзегімді өртеді» дейді.
«Адамның тәнінен бұрын жанын емде» деген Ибн Сина неткен данышпан. Әлем­ді мойындатқан ғалымның сөзіне құлақ асып, Гиппократ антына адал бол­ғанымыз жөн-ау.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: