Жексенбіде аудан орталығында аймағымыздың әр өңірінен келген мемлекеттік қызметшілер футболдан сынға түсті. Салауатты өмір салтын қалыптастыруға және мемлекеттік қызметшілер арасында достық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған доп додасында барлығы 8 команда өзара мықтыны анықтады.
Қатысушылар кәнігі кәсіби аяқдоп шеберлері секілді қызықты және тартысты ойын өрнегін көрсетті. Бір сөзбен айтқанда, командалардың дайындығы мықты екені байқалды.
Ойын барысында аладопты жанына серік еткен спортшылар өзінің шеберліктерін көрсетіп, ерекше ептілігі мен өзгеше ойын өрнегін көрсеткен командалар жеңіс тұғырынан көрінді. Нақтырақ айтсақ, І орынды Қызылорда қаласынан келген команда иеленсе, ІІ орынды жерлестеріміз еншілеп, үздік үштікті Шиелі ауданы түйіндеді. Сондай-ақ Арал, Қармақшы, Сырдария, Қазалы және Жаңақорған аудандарына ынталандыру сыйлықтары үлестірілді.
Қазалы ауданынан О.Ахметовке «Үздік қақпашы», Жалағаш ауданынан Н.Төлегеновке «Үздік қорғаушы», Шиелі ауданынан Б.Ермағанбетовке «Үздік ойыншы», Қызылорда қаласынан Д.Махамбетовке «Үздік шабуылшы» аталымы табысталды. Барлық жеңімпаз командалар арнайы кубок, дәрежелік дипломдар, алғыс хаттар және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
«ЖЖ» ақпарат
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!