Балалар мен әрекетке қабілетсіз азаматтардың қамқоршылары eGov.kz порталы арқылы емханаға өз қамқорлығындағыларды тіркей алады, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
«Мемлекеттік қызметтің функционалын кеңейту қамқоршыларға балаларын және он сегіз жастан асқан әрекетке қабілетсіз адамдарды емханаларға тіркеуге мүмкіндік береді. Цифрлық мемлекеттік қызмет көрсетудің инклюзивті тәсілі әртүрлі санаттағы азаматтардың, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі адамдардың әлеуметтік құқықтарын қорғауға оң әсер етеді», – делінген хабарламада.
Бұрын бала кезінен мүгедектігі бар баланың заңды өкілдері балаларын емханаға тікелей жүгінгенде ғана тіркей алатын. Процедура өтініш берушінің жеке қатысуын ғана емес, сонымен бірге қамқоршылықты немесе қорғаншылықты растайтын сот шешімін немесе басқа құжатты ұсынуды талап ететін.
«Жаңартылған мемлекеттік қызмет көмегімен қамқоршылар, қорғаншылар, патронат тәрбиешілері және балаға немесе әрекетке қабілетсіз деп танылған адамға қамқорлық жасап, білім беру, тәрбиелеу және олардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды жүзеге асыратын басқа да адамдар өздерінің қамқорлығындағы тұлғаларды емханаға өтініш бере алады».
Көрсетілетін қызметті алу үшін пайдаланушыға:
- eGov.kz порталында авторизациядан өтіп, «Денсаулық сақтау» бөлімінде «Емханаға тіркелу» қызметін таңдау қажет;
- өтініш берушінің санатын: «Балаға (18 жасқа дейін, оның ішінде қорғаншылық пен қамқоршылықтағы)» немесе «Заңды өкілге (әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі кәмелетке толғандарға)» таңдау керек;
- аймақ пен ауданды, емхананы, тіркеу себебін (көшу немесе еркін тіркеу), емдеуші дәрігерді таңдап, сонымен қатар көрсетілетін мекенжай мен байланыс телефон нөмірін толтыру қажет;
- қажетті жолдарды толтырып, ЭЦҚ/QRCode немесе sms-растау арқылы өтінімге қол қою керек.
Қызметтің нәтижесімен пайдаланушы өтінімді тікелей медициналық ұйымның қарауынан кейін Жеке кабинетінде таныса алады.
Қызметті тек тұрғылықты жері өзгерген жағдайда ғана емес, сонымен қатар жылына бір реттен жиі емес бір әкімшілік-аумақтық бірлік шеңберінде медициналық ұйымды ауыстырғыңыз келсе де пайдалануға болады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!