Елдің тыныштығы мен халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін полиция қызметкерлерінің жүктемесі көп, міндеті де ауыр. Сол себепті “полиция қызметкері – халықтың қорғаны” десек, еш қателеспейміз. Аудан тұрғындарының амандығы мен тыныштығы үшін күні-түні аянбай қызмет ететін сала қызметкерлерінің бір күні қалай өтетінін біз білеміз бе? Осы сұраққа жауап алу мақсатында тәртіп сақшыларының біркүндік жұмысын бірге атқаруды жөн көрдік.
Аудандық полиция бөлімінде жұмыс уақыты ерте басталды. Таң атысымен ғимарат ішінде тіршілік қайнап жатыр, сірә үйреншікті жағдай болар, ұйқысын аша алмай, маужырап жүрген ешкім байқалмады. Қызметкерлер таңғы сағат 7.00-де кезекші бөлімнен қару алады екен. Содан кейін бүгінгі жұмыс күнінің міндеттері мен тапсырмалары беріліп, сағат жеті жарым шамасында саптық жиын басталды. Жиында міндетті бөліністерін айқындаған полиция қызметкерлері дереу жұмыстарына кірісіп кетті.
Бұл жолы әріптесім Созақбаев Ерлан екеуміз АПБ Жергілікті полиция бөлімшесіне қарасты патрульдік полиция тобының қызмет инспекторы Нұрлыбек Жолдастың біркүндік кезекшілігіне түсіппіз. Орда бұзар жаста тұрған жігіттің бұл жұмыста келе жатқанына 7 жылдан асыпты. Өз ісіне деген жауапкершіліктің қандай боларын ол жақсы біледі. Қысқасы, бұл саладағы жұмыстың барлығы оған бес саусағындай таныс.
Бізде полиция қызметкерінің формасын киіп, аға лейтенант Нұрлыбектың «Нива» маркалы жұмыс көлігіне отыра кеттік. Әрине қобалжу бар. Полиция қызметкері дереу бізден қауіпсіздік белдігін тағуды талап етті. «Бүгін менің әріптесім екенсіз, сол себепті тәртіпті әуелі өзімізден бастағанымыз жөн», деген қызметкердің бір ауыз сөзі біз үшін жауапкершілікті одан бетер еселегендей болды.
Көлігіміз кент орталығына жол тартты. Дәуімбай елді мекенінде көлік саны аз ба, ереже бұзғандар кездесер емес. Әрине қуантарлық жағдай. Осы сәтті пайдаланып, полиция инспекторын әңгімеге тартуды жөн көрдік.
Нұрекеңнің айтуынша, қазір кентте көлік саны көбейген. Сол себепті жол жүру ережесі жиі бұзылып жататын көрінеді. “Біздің негізгі мақсат – тек айыппұл салумен шектелмей, жүргізушілерге түсіндірме жұмыстарын жасап, мейлінше олардың қауіпсіздігіне жұмыс жасау” деп түйді ол әңгімесін. Әріптесімнен көп сөздің емес, істің адамы екені көрінді.
Кент орталығындағы базар маңына тұрақтап, кейіпкерім көлік қозғалысын реттеуге кірісіп кетті. Көлік қозғалысын реттеуде полицейлердің рөлі зор. Өйткені базар маңында таңертең көлік саны көбейеді, көлік жүрісі қиындай түседі. Сол сәтте көлік жүргізушінің жол белгі талабын орындамай тұрғанын байқап қалса керек. Қолындағы арнайы аппаратпен “Вольфсваген” автокөлігін тізгіндеген азаматтың сәл аялдауын сұрады. Осылайша жұмысымыз одан әрі қыза түсті. Амандасып, өзін таныстырған Нұрлыбек көлік иесінен көлік құжаттарын көрсетуді талап етті, құжаттары түгел екен, инспектор қолына планшетін алып, хаттама толтыра бастады. Хаттаманы толтырып болған соң, көлік иесімен белгі тұрған жерге барып, түсіндірме жұмысын жүргізді.
Стадион алдындағы айналма жолдан өте бергенде тағы да “Вольфсваген” маркалы көлік назарымызға ілікті, бірақ түсі бөлек екен. Автокөліктегі дыбыс күшейткішпен көлікке оң қапталға аялдауды талап етті. Жүргізуші де дереу талапты орындап, көлік қозғалтқышын сөндірді. Дәл жоғарыдағыдай реттілікпен құжаттарын сұрады. Құжаттары түгел. Бір айыбы көлік жүргізушісі қауіпсіздік белдігін тақпаған, оған қоса көліктің жарық шамын жақпаған. Әрине заң бәріне ортақ, көлік иесіне заң талабын сақтай отырып, 2 хаттама толтырылып, ескерту жасалды. Түсіндірме жұмыстарын да назардан қалдырмады.
Араға 30 минут сала Дәуімбай елді мекеніне өтетін «тесік көпірден» өткенімізде “LADA” автокөлігінің ережені бұзып келе жатқанын байқадық. Біз де қырағылана бастадық па, жан-жақтағы көліктердің барлығын көзбен сүзгіден өткізіп келеміз. Әріптесім көлік тізгіндеген азаматқа оң қапталға тоқтауды талап етті. Тәртіп бұзған көлік иесіне “Қауіпсіздік өзіңіз үшін, сондықтан белдік тағып жүруді қаперден шығармаңыз” деп ауызша да, жазбаша да ескерту жасалды.
Нұрлыбектің айтуынша, жалпы жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге Жалағашта 3 полицей қызмет етеді. Күніне жүгенсіз көлік жүргізушілерге 10-нан аса айыппұл салынатынын айтады. Демек, көлік жүргізушілер тарапынан жол ережесін сақтауға әлі де құлықсыздық басым деген сөз.
– Мен бала кезден полиция қызметкері боламын деп армандайтынмын. Тек армандап қана қоймай, осы маман иесі атануды мақсат еттім. Оқуымды бітіргесін «Кім боламын?» деп көп ойланбадым, дереу осы салаға жұмысқа орналастым. Жаман емес, шүкір, қызығы мен шыжығы мол жауапты қызмет атқарудамын. Қызметте жүрген соң жұмыс барысында қойылған талаптарды уақытында орындауға міндеттіміз. Өйткені бұл – адам өмірі мен қауіпсіздігіне жауап беретін қызмет саласы. Сол себепті полицей қызметкері дене дайындығымен қатар психологиялық дайындықта жүруі қажет. Қызмет болған соң, әртүрлі оқыс оқиғалар, яғни көлік апаты, адам өлімі секілді жайттар орын алып жатады, – дейді полицей Нұлыбек Жолдас.
Әрине мұндай өте жауапты қызметке төзу оңай шаруа емес. Себебі полицейлер де адам баласы. Оларда да жүрек бар екенін естен шығармағанымыз абзал. Қарбаласы мол біркүндік жұмыс күні аяқталғасын, қызметтік қару қайтадан кезекші бөлімге тапсырылды. Сырттай қарағанда форма киіп жүретін қызмет болып көрінгенімен, жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл қызмет – жауапкершілігі мол жұмыс. Ең басты міндеттері – адам өмірі, тұрғындар қауіпсіздігі. “Қауіпсіз ортаны қалыптастыруда тек полиция қызметкерлері ғана жауапты” деген түсініктен арылып, қоғам болып сол жауапкершілікті сезінуіміз қажет деп санаймын.
Жандос Жазкен
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!