Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

2°C

, Бейсенбі, 05 желтоқсан, 18:13

Ел қорғаны – тәртіп сақшысы

01.09.2022

775

0

Елдің тыныштығы мен халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін полиция қызметкерлерінің жүктемесі көп, міндеті де ауыр. Сол себепті “полиция қызметкері – халықтың қорғаны” десек, еш қателеспейміз. Аудан тұрғындарының амандығы мен тыныштығы үшін күні-түні аянбай қызмет ететін сала қызметкерлерінің бір күні қалай өтетінін біз білеміз бе? Осы сұраққа жауап алу мақсатында тәртіп сақшыларының біркүндік жұмысын бірге атқаруды жөн көрдік.

Аудандық полиция бөлімінде жұмыс уақыты ерте басталды. Таң атысымен ғимарат ішінде тіршілік қайнап жатыр, сірә үйреншікті жағдай болар, ұйқысын аша алмай, маужырап жүрген ешкім бай­қал­мады. Қызметкерлер таңғы са­ғат 7.00-де кезекші бөлімнен қару ала­ды екен. Содан кейін бүгінгі жұмыс кү­ні­нің мін­деттері мен тап­сыр­малары бе­ріліп, сағат жеті жарым шама­сында сап­тық жиын басталды. Жиында міндетті бө­ліністерін айқын­даған полиция қыз­мет­керлері дереу жұ­мыс­тарына кірісіп кетті.


Бұл жолы әріптесім Созақбаев Ерлан екеуміз АПБ Жергілікті полиция бөлімшесіне қарасты патрульдік поли­ция тобының қызмет инспекторы Нұрлы­бек Жолдастың біркүндік кезекшілігіне түсіппіз. Орда бұзар жаста тұрған жігіттің бұл жұмыста келе жатқанына 7 жылдан асыпты. Өз ісіне деген жауапкершіліктің қандай боларын ол жақсы біледі. Қысқасы, бұл саладағы жұмыстың бар­лығы оған бес саусағындай таныс.


Бізде полиция қызметкерінің форма­сын киіп, аға лейтенант Нұрлыбек­тың «Нива» маркалы жұмыс көлігіне отыра кеттік. Әрине қобалжу бар. Полиция қызмет­кері де­реу бізден қауіпсіздік белдігін тағу­ды талап етті. «Бүгін менің әріптесім екен­сіз, сол себепті тәртіпті әуелі өзі­міз­­ден бастағанымыз жөн», деген қыз­мет­кердің бір ауыз сөзі біз үшін жауап­кершілікті одан бетер еселегендей бол­ды.
Көлігіміз кент орталығына жол тартты. Дәуімбай елді мекенінде көлік саны аз ба, ереже бұзғандар кездесер емес. Әрине қуантарлық жағдай. Осы сәтті пайдаланып, полиция инспекторын әңгімеге тартуды жөн көрдік.


Нұрекеңнің айтуынша, қазір кентте көлік саны көбейген. Сол себепті жол жүру ережесі жиі бұзылып жататын көрінеді. “Біздің негізгі мақсат – тек айыппұл салумен шектелмей, жүргізушілерге түсіндірме жұмыстарын жасап, мейлінше олардың қауіпсіздігіне жұмыс жасау” деп түйді ол әңгімесін. Әріптесімнен көп сөздің емес, істің адамы екені көрінді.


Кент орталығындағы базар маңына тұрақ­тап, кейіпкерім көлік қозғалысын реттеуге кірісіп кетті. Көлік қозғалысын реттеуде полицейлердің рөлі зор. Өйткені базар маңында таңертең көлік саны көбейеді, көлік жүрісі қиындай түседі. Сол сәтте көлік жүргізушінің жол белгі талабын орындамай тұрғанын байқап қалса керек. Қолындағы арнайы аппаратпен “Вольфсваген” автокөлігін тізгіндеген азаматтың сәл аялдауын сұрады. Осы­лай­ша жұмы­сымыз одан әрі қыза түсті. Аман­да­сып, өзін таныстырған Нұрлыбек көлік иесінен көлік құжаттарын көрсетуді талап етті, құжаттары түгел екен, инспектор қолына планшетін алып, хат­тама толтыра бастады. Хат­таманы толтырып болған соң, көлік иесімен белгі тұрған жерге барып, түсіндірме жұмысын жүргізді.


Стадион алдындағы айналма жолдан өте бергенде тағы да “Вольфсваген” маркалы көлік назарымызға ілікті, бі­рақ түсі бөлек екен. Автокөліктегі ды­­быс күшейткішпен көлікке оң қап­талға аялдауды талап етті. Жүргізуші де дереу талапты орындап, көлік қоз­ғалт­қышын сөндірді. Дәл жоға­ры­да­ғыдай реттілікпен құжаттарын сұрады. Құ­жаттары түгел. Бір айыбы көлік жүр­гі­зушісі қауіпсіздік белдігін тақ­па­ған, оған қоса көліктің жарық шамын жақпаған. Әрине заң бәріне ортақ, көлік иесіне заң талабын сақтай отырып, 2 хаттама толтырылып, ескерту жасалды. Түсіндірме жұмыстарын да назардан қалдырмады.


Араға 30 минут сала Дәуімбай елді мекеніне өтетін «тесік көпірден» өтке­німізде “LADA” автокөлігінің ережені бұзып келе жатқанын байқадық. Біз де қырағылана бастадық па, жан-жақ­та­ғы көліктердің барлығын көзбен сүзгі­ден өткізіп келеміз. Әріптесім көлік тізгін­деген азаматқа оң қапталға тоқтауды талап етті. Тәртіп бұзған көлік иесіне “Қауіпсіздік өзіңіз үшін, сондықтан белдік тағып жүруді қаперден шығармаңыз” деп ауызша да, жазбаша да ескерту жасалды.


Нұрлыбектің айтуынша, жалпы жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге Жала­ғашта 3 полицей қызмет етеді. Күніне жүгенсіз көлік жүргізушілерге 10-нан аса айыппұл салынатынын айтады. Демек, көлік жүргізушілер тарапынан жол ере­же­сін сақтауға әлі де құлықсыздық басым деген сөз.


– Мен бала кезден полиция қыз­меткері боламын деп армандай­тын­мын. Тек ар­мандап қана қоймай, осы маман иесі атануды мақсат еттім. Оқуымды бітіргесін «Кім боламын?» деп көп ойланбадым, дереу осы сала­ға жұмысқа орналастым. Жаман емес, шүкір, қызығы мен шыжығы мол жауап­ты қызмет атқарудамын. Қыз­метте жүр­ген соң жұмыс барысында қойыл­ған талаптарды уақытында орын­дауға міндеттіміз. Өйткені бұл – адам өмі­рі мен қауіпсіздігіне жауап беретін қыз­мет саласы. Сол себепті полицей қыз­меткері дене дайындығымен қатар психологиялық дайындықта жүруі қа­жет. Қызмет болған соң, әртүрлі оқыс оқиғалар, яғни көлік апаты, адам өлімі секілді жайттар орын алып жатады, – дейді полицей Нұлыбек Жолдас.


Әрине мұндай өте жауапты қызметке төзу оңай шаруа емес. Себебі полицейлер де адам баласы. Оларда да жүрек бар екенін естен шығармағанымыз абзал. Қарбаласы мол біркүндік жұмыс күні аяқталғасын, қызметтік қару қайтадан кезекші бөлімге тапсырылды. Сырттай қарағанда форма киіп жүретін қызмет болып көрінгенімен, жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл қызмет – жауапкершілігі мол жұмыс. Ең басты міндеттері – адам өмірі, тұрғындар қауіпсіздігі. “Қауіпсіз ортаны қалыптастыруда тек полиция қызметкерлері ғана жауапты” деген түсініктен арылып, қоғам болып сол жауап­кершілікті сезінуіміз қажет деп санаймын.

Жандос Жазкен

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: