Астық – ел байлығы. Жыл он екі ай бойы еңбек етіп, төккен тердің нәтижелі жемісін таразыға салар шақ, диқандарымыз асыға күткен күн де жетті. Киелі Жалағаш жері биыл да күріштен тау тұрғызып, ауданымыздың мәртебесін асқақтатты. Күз мерекесі киелі өлкемізді өрісті, кемелдігімізді кенішті етті. Кеше аудандық Қонысбек Қазантаев атындағы өнер ошағында «Алтын дән 2023» салтанатты шарасы өтті.
Мерекелік шараға аудан әкімі Ардақ Ибраимов бастаған ел ағалары мен ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлері, аудан тұрғындары қатысты.
– Халқымыз «Несібелі мол елдің егіні бітік шығады» дейді. «Ақ күріштің Қостанайы» атанған Жалағаштың диқандары биыл да толайым табысқа қол жеткізіп, үлкен сенімнен шықты. Жалағаш ауданы ауыл шаруашылығы саласы бойынша жыл сайын толайым табысқа қол жеткізіп, өңір қазынасының ұлғаюына айтарлықтай үлес қосуда. Мемлекеттік қолдауларды тиімді пайдаланудың арқасында ауданның ауыл шаруашылығы өндірісінің дамуында оң нәтижелер қалыптасты. Биыл 9 айда ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі 23 млрд 128,8 мың теңгені құрап отыр. Ауданда ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту жұмыстары үнемі жүргізіліп, биыл 375 млн теңге қаржыға 15 дана жаңа техника сатып алынды. Биыл аудандағы шаруашылық құрылымдары 37 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырды. Оның 19800 гектары – Сырдың бағалы дақылы күріш. Биыл күріштің әр гектарынан 58 центнерден немесе 114 мың 840 тонна өнім жиналды. Осылайша биыл өткен жылмен салыстырғанда 130 мың центнерге артық өнім алынды. Дала дарабоздарының ел байлығын молайтудағы тынымсыз еңбектері мен толағай табыстарына өз ризашылығымды білдіре отырып, қамбамыз дәнге, қорамыз малға толып, халқымыздың ырыс-құты артып, несібеміз мол болсын деген ақ тілегімді арнаймын, – деді аудан басшысы Ардақ Әбдіғаппарұлы.
Биыл еңбекші қауым ала жаздай күтіп-баптаған егіндерін жинап, ауыл шаруашылығы дақылдарының барлық түрінен жоғары өнім алды. Жер-Ананы идіріп, төрт түлікті түлетіп отырған ағайынның ел байлығын молайтудағы ерен еңбектері елеусіз қалмады. Шарада еңбек озаттары күрішшілер, сушылар, комбайншылар жыл қорытындысымен түрлі номинацияларды иеленді. Олар ҚР Премьер-Министрінің алғыс хатымен, Ауыл шаруашылығы қызметкерлері салалық кәсіподағының І дәрежелі «Еңбек даңқы» медалімен, «Елеулі еңбегі үшін» медалімен, облыс, аудан әкімінің алғыс хаттарымен, «Озат шаруашылық», «Озат бригадир», «Озат күрішші» және тағы да басқа номинациялармен марапатталды.
Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанда еңбек адамы ең бірінші орында тұрады. Себебі – отаншылдық – ең алдымен туған елінің игілігіне қызмет ету» деген болатын. Аудандағы ақжолтай жаңалықтың бірі – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі ең жоғары мемлекеттік награда – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы мен айырықша ерекшелік белгісі – «Алтын жұлдыз» бен «Отан» орденімен «Таң ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрағасы Имамзада Шағыртаевты елорда төрінде өткен салтанатты жиында марапаттаған болатын.
Ауданның «Алтын дән» мерекелік шарасына қатысқан Имамзада Қуанышбайұлы аудан жұртын мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Ол Ел Президентінің еңбек адамдарына қашан да құрметі жоғары екенін айтып, ыстық сәлемін жеткізді. Шілденің ыстығына, тынымсыз соққан желге, аяқ судың аздығына қарамастан, маңдай терімен мол өнімге қол жеткізген дала еңбеккерлеріне қандай құрмет көрсетсек те жарасымды. Мерекелік кеш аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасып, жергілікті тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!