Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

22°C

, Сенбі, 27 шiлде, 06:32

Еңбек мерекесі – елдің берекесі

28.10.2023

349

0

Астық – ел байлығы. Жыл он екі ай бойы еңбек етіп, төккен тердің нәтижелі жемісін таразыға салар шақ, диқандарымыз асыға күткен күн де жетті. Киелі Жалағаш жері биыл да күріштен тау тұрғызып, ауданымыздың мәртебесін асқақтатты. Күз мерекесі киелі өлкемізді өрісті, кемелдігімізді кенішті етті. Кеше аудандық Қонысбек Қазантаев атындағы өнер ошағында «Алтын дән 2023» салтанатты шарасы өтті.

Мерекелік шараға аудан әкімі Ардақ Ибраимов бастаған ел ағалары мен ауыл шаруашылығы саласының еңбек­кер­лері, аудан тұрғындары қатысты.
– Халқымыз «Несібелі мол елдің егіні бітік шығады» дейді. «Ақ күріштің Қостанайы» атанған Жалағаштың ди­қан­дары биыл да толайым табысқа қол жеткізіп, үлкен сенімнен шықты. Жа­лағаш ауданы ауыл шаруашылығы са­ласы бойынша жыл сайын толайым та­быс­қа қол жеткізіп, өңір қазы­на­сының ұлғаюына айтарлықтай үлес қосуда. Мемлекеттік қолдауларды тиімді пайдаланудың арқасында ауданның ауыл шаруашылығы өндірісінің да­муын­да оң нәтижелер қалыптасты. Биыл 9 айда ауыл шаруашылығы өнім­дерінің өндірісі 23 млрд 128,8 мың теңгені құрап отыр. Ауданда ауыл шаруашылығы тех­никаларын жаңарту жұмыстары үнемі жүргізіліп, биыл 375 млн теңге қаржыға 15 дана жаңа техника сатып алынды. Биыл аудандағы шаруашылық құрылымдары 37 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орна­лас­тырды. Оның 19800 гектары – Сырдың бағалы дақылы күріш. Биыл күріштің әр гектарынан 58 центнерден немесе 114 мың 840 тонна өнім жиналды. Осылайша биыл өткен жылмен салыстырғанда 130 мың центнерге артық өнім алынды. Дала дарабоздарының ел бай­лығын мо­лайтудағы тынымсыз еңбек­тері мен толағай табыстарына өз ризашы­­лы­ғымды білдіре отырып, қам­бамыз дән­ге, қорамыз малға толып, хал­қы­мыздың ырыс-құты артып, несі­беміз мол болсын деген ақ тілегімді арнай­мын, – деді аудан басшысы Ардақ Әбдіғап­парұлы.
Биыл еңбекші қауым ала жаздай күтіп-баптаған егіндерін жинап, ауыл шаруашылығы дақылдарының барлық түрінен жоғары өнім алды. Жер-Ананы идіріп, төрт түлікті түлетіп отырған ағайынның ел байлығын молайтудағы ерен еңбектері елеусіз қалмады. Шарада еңбек озаттары күрішшілер, сушылар, комбайншылар жыл қорытындысымен түрлі номинацияларды иеленді. Олар ҚР Премьер-Министрінің ал­ғыс ха­тымен, Ауыл шаруашылығы қызмет­кер­лері салалық кәсіподағының І дәрежелі «Еңбек даңқы» медалімен, «Елеулі ең­бегі үшін» медалімен, облыс, аудан әкімінің алғыс хаттарымен, «Озат шаруашылық», «Озат бригадир», «Озат күрішші» және тағы да басқа номина­циялармен марапатталды.
Мемлекет басшысы «Әділетті Қа­зақ­станда еңбек адамы ең бірінші орында тұрады. Себебі – отаншылдық – ең алдымен туған елінің игілігіне қызмет ету» деген болатын. Аудандағы ақжолтай жаңалықтың бірі – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елі­міздегі ең жоғары мемлекеттік награда – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы мен айырықша ерекшелік белгісі – «Алтын жұлдыз» бен «Отан» орденімен «Таң ЛТД» жауапкершілігі шектеулі се­рік­тестігінің төрағасы Имамзада Шағыр­­таевты елорда төрінде өткен сал­та­натты жиында марапаттаған бола­тын.
Ауданның «Алтын дән» мере­келік ша­расына қатысқан Имамзада Қуа­ныш­байұлы аудан жұртын мерекемен құт­тықтап, жылы лебізін білдірді. Ол Ел Президентінің еңбек адамдарына қашан да құрметі жоғары екенін айтып, ыстық сәлемін жеткізді. Шілденің ыстығына, тынымсыз соққан желге, аяқ судың аздығына қарамастан, маңдай терімен мол өнімге қол жеткізген дала еңбеккерлеріне қан­дай құрмет көр­сетсек те жарасымды. Мерекелік кеш аудан өнерпаздарының концерттік бағ­дар­ламасымен жалғасып, жергілікті тұр­ғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: