Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

21°C

, Жұма, 26 сәуiр, 12:36

Ер азаматтың қадірі төмендемесін

18.10.2022

385

0

Алладан кейінгі шеберім,
Жан әке, жан жүрегім.
Самғасам, күш қуат демедің,
Сүрінсем, тірегім.
Қасиет киеңнің шыңына,
Арнадым алғыс тағзым.
Еш мектеп жете алмас құныңа,
Ең мықты ұстазым.
Әр қашанда биік көретін,
мен басқадан
Менің әкем, менің әкем –
ең жақсы адам.


Бұл өлең жолдарын тебіреніп тұрып әртістер айтқанда, бой-бойымыз шымырлап, ет бауырымыз елжіреп кететіні өтірік емес. Осы әуенге елтімейтін, әсерленбейтін қазақ жоқ шығар. Шынында сол асқар таудай ерлеріміздің балалары алдындағы абыройын асқақтатып жүрміз бе? Мәселе осында жатыр. Балаларымыз әкелерін ерекше құрметтеу үшін әйелдер қауымы ерлерді баласы мен өзі алдында «қолқанат» қылып, не болса соған жұмсаудан сақ болуымыз керек. Балалар аналары әкесін қалай құрметтесе, олар соған дағдыланады. Ертең жаңа келген келін де ата сыйлауды енесінен үйренеді. Бірде жақын құрбымның үйіне барып, оғаштау келеңсіздікке куә болғанмын.
Әлгі құрбымның алты жасар баласы «су ішем, мама, су ішем» деп безек қақпасы бар ма. Үйде бала емізіп отырған құрбым кітап оқып отырған еріне «анаған су құйып бере салшы» деді. Әкесі ұшып түрегеліп жүгірмей, сабыр сақтап отырды. Байқаймын, естісе де міз бақпады. Естімеген кісідей кітабын оқи берді. Бір кезде емшектегі баланы сілке тастап, әлгі құрбым жұлқынып, «Кішкентай ғана нәрсе ғой, тұяғың қимылдаса, өліп кетесің бе?» деп шаптыға жөнелді. Ер кісі үндемеді. Күн күркіреп, найзағай жарқылдап, жаңбыр сіркіреп басылған соң, ештеңе болмағандай, жұмсақ дауыспен құрбымды жанына шақырды. «Мен де мұны кішкентай нәрсе деп ойлайтынмын. Жоқ, бұл әсте кішкентай нәрсе емес екен, отыр, сөйлесейік» деді менің көзімше. «Бүгіннен бастап баламның жұмысына мені қолқанат қылуды тоқтат. Оның шамасы келмейтін, әке ретінде атқаратын, көмектесетін жұмыстарды, көрсетер мейірімнің мөлшерін өзім білемін. Ол он минут кешігіп су ішсе, шөлден өліп қалмайтын еді, балаңды емізіп болған соң жұлқынбай, бұлқынбай барып, құйып бере сал. Әйтпесе өзі құйып ішетіндей қылып үйрет. Дәл осылай кете берсек, бұл балалар ертең екеумізді де «құл» қылып, дегенімен жүргізетініне көзім анық жетеді. Қысқасы, сен мені құрметтейтіндей етіп балаларды тәрбиелеуің керек. Балаларымыздың бойына қорық­қан­нан емес, құрметтегеннен сыйлай­тындай дән егіп үлгеруіміз керек. Ертең үлкейгенде кішкене кезінде қорқытып басқарған амалың жүзеге аспай қалады. Сонда не амал істемексің? Міне, алты жас! Кешіктік, сонда да «ештен кеш жақсы».


Шынында әлгі жұбайлардың арасындағы әңгіме мені алыс қалған ауылдағы анам мен әкемнің арасындағы сызат түспеген сыйластыққа алып барды. Анам жарықтық әкеміздің атын өле-өлгенше атамай өмірден өтті. Үнемі бізге «Қызым, әкеңнің киімін жоғары көтеріп қой», балам, әкеңнен ұят болмасын, әкеңнің аяқ киімін дұрыстап қой, әкеңді тамаққа шақырыңдар, әкеңнен рұқсат сұра, әкеңді шығарып сал, әкең келе жатыр, үйді жинастырыңдар, әкеңнің мазасын алма» деп біздерге үнемі жазылмаған ережедей ескертіп отырушы еді. Енді ойлап отырсам, осындай сөздердің бір күнде кем дегенде біреуі айтылып тұруы керек және мұны балаға істете білу де үлкен тәрбие екен.
Ал әкем болса «Аналарыңа рахмет айтыңдар, аналарың ренжіп қалмасын, аналарыңа сыйлық әперейік, аналарыңмен ақылдасыңдар» деген сөздерді жиі айтатын. Сондықтан ер-азаматыңды өзіңе қолқанат, балаңа «құл» қылмау керек. Жаман әдеттен тыймасаң, ертең келінге де сыйлы болмасың анық қой.


Баяғыда Жиреншеге біреу «Қолқанатың бар ма?» дегенде ат үстінде тұрған Жиренше «бар» деп үш жастағы баласын көрсетіпті. «Ойбай-ау мынау да қолқанат па?» депті жолдасы. Сонда Жиренше жерге қамшысын тастай салып, үш жастағы баласына «Балам, қамшымды алып беріп жіберші» депті.


Баласы домалаңдап келіп қам­шыны жерден көтеріп, әкесінің қолына жеткізіпті. Сонда Жиренше «Қол­қанат деген осы емес пе?» деген екен. Баласына әкесін сыйлата алған әйел – нағыз әйел! Ол әйелдің басы баласының алдында да, жарының алдында да қадірлі боларына күмәніңіз болмасын. Сондықтан ер-азаматтың жүзін төмендетпейік, арулар!

Г.АСҚАРҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: