Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

35°C

, Сәрсенбі, 21 мамыр, 15:24

Ерлігі ұрпаққа үлгі жауынгер

21.05.2025

10

0

Ұлы Отан соғысы қаншама отбасына қасірет әкелді. Қаншама бала әкесіз қалды, қаншама ананы баласынан айырды. Жеңіс жолында боздақтар майдан даласында ерен ерліктің үлгісін көрсетіп, Кеңес жерін жаудан азат етті. Солардың қатарында менің әкем Наурызбай Мысықбаев та бар.

Мен де майдангердің баласымын. 1942 жылы 21 маусымда Жалағаш кентінде дүниеге келдім. Әкем Наурыз­бай Мысықбаев 1910 жылы дүниеге кел­­ген. Анаммен 1938 жылы отау құ­рып, 1940 жылы ағам, араға екі жыл салып мен дүниеге келдім. Жалпы бізде ба­қытты балалық шақ болған жоқ. Әке­міз Отан қорғауға кеткенде мен ше­шем­нің ішіндегі 6 айлық бала екенмін. Нау­рызбай Мысықбаев оған дейін Жалағаш ауданындағы колхоздарға бірінші болып өгіз арбамен кино қойған екен. Шешем Шоқатай Теңізбаева 27 жасында же­сір қалды. Бізді бағып-қағып, аяққа тұрғызды. Ол кездегі қиыншылықты айтудың өзі ауыр. Мі­не, осыдан-ақ бұл соғыстың тек қазақ әскерлеріне ғана емес, тұтас қазақ от­басына қандай қасірет болғанын түсі­нуге болады.
Анамыз бізді жеткіземіз деп қандай қиыншылық көрмеді дейсіз, РТС-те қарауыл да боды. Аудандық жұмыспен қамту бөлімінде еден жуушы болып та жұмыс жасады. Сондағы алатын айлығы небәрі 27 сом болатын. Соған қанағат етті, сонымен бізді асырады.
Мен шешемнің қасында жүріп, жас­тайымнан кесек құйдым. Анам лай шы­ғарып береді, мен кесек құямын, қыста есекпен қатынап қамыс орып са­та­мыз. Міне, бізде бақытты балалық шақ деген болған жоқ, керісінше бізді еңбек ерте есейтті. Осындай әкесіз қиын­шылықта өстім. Әсіресе анама қол­ға­быс бола жүріп, оның қайнаған жұ­мыс­тың орта­сын­да бейнетке қалып жат­қанын көр­генде іштей қатты қинала­тынмын. Осын­дай ауыр бейнеттің бар­лы­ғын ең­серген анамыз 1969 жылы небәрі 54 жасында дүниеден өтті. Ешқай­сымыз­дың қызы­ғы­мызды көре алмады. Ана­мыздың ағалары Жақия мен Қияз Теңіз­баевтар да соғыс жылдары Отан қор­ғауға атта­нып, хабарсыз кетті. Сол тұста сұм соғыс кімге жеңіл болды дейсіз…
Анамыз бізді асырап, адал еңбекті дәріптеді. Әлі есімде, кара нанның ке­зегінде тұрамыз, ағайын-туыс жоқ, ше­шеміз бағып-қағып, оқытып, үлкен өмірге қадам бастырды.
Мен сол кезден бастап әкемді іздеумен болдым. 1964 жылы әскерге барғанымызда Ивановский қаласында болдым. Онда жүріп те әкемді іздедім, бірақ сан сауалдың жауабы болмады. 2010 жылы Қазақстан мен Ресей бірігіп, Ржевскі деген жерде қаза тапқан жауын­герлерге ескерткіш орнатқан. Соны облыстық әскери комисариаттан білдім. Ржевскі қаласында әкем жерленген екен, ауылдан топырақ алып барып, ол жақтан топырақ әкеліп, әкеме ас беріп, көктас койдым. Сол кезде «Әкемді 69 жылдан кейін таптым» деп газетке көлдей мақала жазғаным бар.
Мен Жалағаштың көркейту-көгал­дандыруына үлес қосқан осы елдің кұр­метті азаматымын, мамандығым – құрылысшы, Қазақстанның Құрметті құрылысшысымын және қаншама орден-медальдармен марапатталдым. Жала­ғаштың көпсалалы коммуналдық-шаруа­шылық мекемесінде 25 жыл кызмет аткардым. Коммунизм совхозында 15 жыл құрылыс салдым. Кенттегі біз сал­ған құрылыстар, клуб, дүкендер, ба­ла­бақша, жазғы клуб, парк, жол, оларға көше жарығын орнату жұмыс­тарында белсенді болдық. Сол кездегі «Колхозстрой» кұрылыс мекемесінде 5 жыл жұмыс істеп, елдің алғысын алдық. Мұның барлығында әкемнен қанға сіңген қасиет пен анамнан алған тәлімімнің өзіндік орны бар.
Әкеміз Отан қорғау жолында каза таппаса, мұндай қиыншылық көрмейтін едік. Қазір менің өзім 83-ке келдім. Ұлы Отан соғысында ерен ерліктің үлгісін көрсеткен әкеммен мақтанамын. Осындай ержүрек азаматтардың есімін ұлықтап, өскелең ұрпаққа өнегелі өмір жолын насихаттауымыз керек. Осын­ша жасқа келгенде іште жалғыз тілек бар, Ұлы Отан соғысында ерен ер­лік­тің үлгісін көрсеткен ардагердің са­налы ғұмыры кеңінен насихатталып, ау­дан­дағы көшелердің біріне аты бе­рілсе деймін. Алдағы уақытта ер еңбегі еленсе, біз де марқайып қалар едік.

Базарбай НАУРЫЗБАЕВ,
Майдангердің баласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: