Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

13°C

, Сенбі, 27 сәуiр, 03:03

Ерлік дәріптелген дода

14.02.2023

447

0

Ұлт азаттығы жолында ерен ерліктің үлгісін көрсеткен елжанды, біртуар ерлерді бүгінгі ұрпақ білуі тиіс. Ал тәуелсіздік жылдарында мұрағаттар мен деректер ашық айтылып, тарихқа жаңа баға берілген тұста біз кейінгі буынға рухани мұра қалдыруға тиіспіз. Әлбетте, осы мақсаттағы ізденісте батыр бабаларымыздың өмір жолын айналып өте алмайтынымыз тағы да анық. Сыр өңірінің белгілі батыры Тоғанас баһадүрдің болмыс-бітімі де бүгінгі ұрпаққа ашылған көмбедей құнды мұра.

Архивтегі деректер Тоғанас Бәйтікұлының шамамен 1804-1807 жыл-дары дүниеге кел­ге­нін растайды, сондай-ақ ол 1863-1864 жыл­дары өмірден өткен.
Иә, батырдың туған жылын әркім әртүрлі жазады. Бір жазбаларда 1812 жылы өмірге келген десе, енді бірінде Тоғанас батырдың 1814 жылы туғанын айтады.
Ол атақты Бәйтік батырдың перзенті екені тарихтан мәлім. Тоғанастың әкесі Бәйтік, атасы Бәймембет, бабасы Тойқожа да нағыз батыр атанған тұлғалар. Бүгінде баһадүрдің бабасы бір қауым ел Тойқожа батыр есімін еншілеген. Әкесі Бәйтік Бәймембетұлы Сыр өңірінде шамамен 1762-1841 жылдары өмір сүрген. Хиуа мен Қоқан хандықтарының жергілікті халыққа жасаған озбырлық әрекеттеріне қарсы тұрған. Бәйтік батыр жайында Балқы Базар жыраудан бастап Тұрмағамбет Ізтілеуов, Шораяқтың Омарына дейін көп жырлағанын аңғару қиын емес. Бүгінде батыр ұстаған байрақ әлі күнге дейін сақтаулы екен.


Көп ішінде Тоғанасты батырлыққа баулып, батасын берген өз әкесі Бәйтік пен Қыстаубай батыр екені айтылады. Ал батыр­дың арғы атасы Тойқожа батыр Ақжайық бойындағы құба қалмақпен болған кезекті ұрыста жасағымен қоршауда қалып, сол шайқаста мерт болған. Батыр ерлігін баласы Бәймембет, немересі Бәйтік, шөбересі Тоғанас, Бодаштар жалғастырып, халық арасында «Бәйтік-Тоғанас» деген атпен әкелі-балалы батырлардың ерлігі кең тараған.
Ата жолын қуған Тоғанас та батырлық жолды ұстанып, тағдырын айқындайды. Өмір сүрген кезеңі Ресей патшалығы мен Хиуа және Қоқан бектерінің үздіксіз шабуылы кезеңінде өткендіктен, тегінде бар қасиет қайсар жанға жастайынан қару алғызған еді. Батырдың алғашқы ерлігі де ерекше оқиғаға құрылған. 1830-1831 жылдары 16 жастағы Тоғанас атын іздеп жүріп «Тайкеткен» өзегінің қалың қамысы ішінен жолбарыс кезігеді. Ержүректігімен жолбарыс соғып, терісін жамылып ауылына келген бозбаланың атағы бір сәтте елге тараған екен.
Қоқандықтардың Сыр бойына еніп, елден түрлі алым-салық жинай бастаған кезі болса керек. Хиуа бегі Қожанияз мұндағы жұртты өзіне бағындыру үшін 500 жасағымен шабуылға шығады. Бұл хабарды естіген Шағырай, Қыстаубай, Сарман батырлар да 500-дей әскер¬мен қарсы тұрған деседі. Сол жасақтың ішінде Тоғанас батыр да болған. Қос тарап Күміс-қорған аралығында кездесіп, майданға енеді. Шайқас нәтижесінде қазақтар жеңіске жетіп, мерейі тасыған екен. Осылайша Тоғанас Бәйтікұлының даңқты жолы Күмісқорғандағы қоқандықтарды қуған сәттен бастау алыпты. Тіпті ол алаша Түлкібай, табын Бұқарбай батырлармен бірге Бейісбайды шабуға қатысады. Оған қоса Қуаңдария мен Жаңадария бойынан Қоқан, Хиуа бектері Қожанияз бен Бабажан, қарақалпақ Орынбай мен Нұртайды қуып жетіп өлтіргендер арасында қаһарман Тоғанас та бар екен.
Қазір өткенді ұлықтып, өшкенді қайта жаңғыртуға бет алған жалағаштықтар түрлі шаралар ұйымдастырып, ел үшін ерен ерліктің үлгісін көрсеткен батыр бабаларымыздың өмір жолын кейінгі буынға өнеге етуді дәстүрге айналдырды. Ал өткен сенбіде ұйымдастырылған спорттық шарада дәл осындай тарих кеңінен тарқатылады деп ойлаған жоқпыз. Батыр Тоғанас бабамыздың 210 жылдығына орай өткен спорттық шараның ашылу салтанатында «Наркескен» спорт клубының директоры Ғалымжан Ержанов тарихқа терең бойлай отырып, бүгінгі шараның маңыздылығына тоқталды.
– Жалпы, Тоғанас батыр хақында тарихта дерек көп. Барлығында батыр бабамыздың ел үшін ерліктің үлгісін көрсеткенін бағамдаймыз. Сондықтан қазақ жұртының тәуелсіздігі жолында жан алып, жан беріскен батырлардың ерлігі қай заманда болсын дәріптелуі тиіс деп есептеймін. Бүгінгі шараның да маңызы жоғары деуім сондықтан. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін, – деді Ғалымжан Дастанұлы.
Тоғанас батырдың 210 жылдығына арналған дзюдодан облыстық турнир салтанатты түрде ашылғаны сол еді, бас төреші Наурыз Болат жарыстың ережесімен таныстырып, болашақ палуандар кезекпен бозкілемге шақырылды. Дүбірлі додада Қызылорда қаласы мен Жаңақорған, Қармақшы, Сырдария, Арал, Жалағаш аудандары, Сексеуіл кенті мен Ақсу және М.Шәменов ауылдарынан келген 300-ге жуық спортшы өзара мықтыны анықтады.
Иә, жасөспірімдер арасындағы сайыс тартысты өтті. Десе де жарыс болған соң бағы мен бабы қатар шапқан палуанның бәйге жолында бәсі биік болатыны тағы да анық. Жекелеген спортшылар бойынша әр өңірден келген саңлақтар топ жарды. Ал командалық есепке келсек, Жалағаштық жас палуандардың бабы мен бағы қатар шапты. Бұл жарысты соңына дейін көрген жанкүйердің «Ауылдастың аты озды» деген түсініктен ада болатыны анық. Себебі расында жалағаштық қай спортшының да қарсыласынан басым екені бозкілемде анық байқалды. Біз сөзбен айтқанда, жерлестеріміз жарады.
Жалпыкомандалық есепте екінші орын Қармақшы ауданының қанжығасында. Ал үздік үштікті көршілес Сырдария ауданы түйіндеді. Бүгінгі жарыста жеңімпаз командаға спорттық клуб директоры Ғ.Ержанов қаржылай сыйлық табыстады.

Ерлан СОЗАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: