Элмира жастайынан сан түрлі түске боялған табиғаттың әдемілік әлемін, оның ішінде иісі жұпар көңіл сергітетін гүл атаулыны сүйетін. Бақшаға кіріп, жайқалған гүлдермен тілдесіп, жанына рахат алатын. Анасы да үй гүлдерін өсіруді қалап, бос уақытында гүл баптайтын. «шеше көрген тон пішер» деген бар ғой. Мүмкін көз алдындағы анасының балауса гүлдерді аялаған бейнесі қызықтырды ма кім білсін, өсе келе Элмира да осы бір табиғаттың көркем туындысы – гүлге ерекше күтім жасағанда шабыттанатын еді. Гүлдің жанына келгенде жаны жадырап, көкірегіне әсем ән де құйылып тұратын. Мектеп бітірген соң өзі қалаған оқуға түсіп, бастауыш сыныптың мұғалімі болды. Оқушыларға да әсемдік әлемі – гүлдер жайлы эстетикалық тәлім-тәрбие берді.
Бірде оған ой келді “Гүлдер” дүкенін ашып, онда өз қолыммен мәпелеп өсірген сантүрлі гүлдерді әкеліп, елге қуаныш сыйласам деген. Көз алдына сантүрлі әшекеймен көмкерілген жұпар иісті гүлдер елестеп, жанына маза бермеді. Шынында гүлдердің адам жанына берер жылуы мен шабытты сәттері қаншама. Өмірлік жары Ғани Дүйсекбаев екеуінің шаңырағында өмірге 7 перзент келіп, батыр ана атанды. Оларға аналық жылу сыйлағаны да оның кеңдігі мен мейірімділігінен болар. Олар да жетіліп, үлкен ұлы Еркебұлан 2 немере сыйлады. Әже атанып, құрметке бөленді. Қызы Жауқазын былтыр тұрмысқа шықты. Оның мамандығы – дизайнер. Өз кәсібі бар. Нұр-Сұлтанда тұрады. Одан кейінгі 5 баласы мектепте. Олар – Жазира, Ақбота, Нұрайлым, Шахмардан. Қазіргі кәсіп иесінің кішкентай қолғанаттары дүкеннің ірілі-уақты бар тіршілігімен айналысып, бос уақыттарын осында өткізеді. Бұл да баланы ерте бастан отбасылық кәсіпке бейімдеудің ерекше үлгісі дерсіз.
Иә, кәсіпкер Элмираны тыңдасақ, батыр ананың көп бала өсіріп жеткізудегі үздіксіз еңбегін көріп таңдай қағасыз. Ол қолындағы кішігірім қаржымен өз бизнесін бастап, балаларының несібесін маңдай термен тауып отыр. «Қарманған қарап қалмайды» дейді бүгінгі кейіпкеріміз. Шынында солай.
– 2013 жылдан кәсіпкермін. 6 жыл КМФ компаниясымен жұмыс жасадым. Жылдар бойы гүлдер дүкенін ашсам деген арманым былтыр орындалды. 8 наурыз күні қызым Жауқазынның қолдауымен аштық. Қызымның «Бастау» бизнес курсында оқығаны бізге көп көмегін берді. Алайда пандемия кезінде ашқандықтан онлайн режимде жұмыс жасадық. Көбінесе гүлдерді инстаграм парақшасында жарнамалап саттық. Бүгінде ауданда жалғыз гүл сататын дүкен болған соң, біздің тұтынушыларымыз өте көп. Соған сәйкес кәсіп аясын да түрлендіріп, той өтетін жерлерді гүлмен безендіру, өзге де қызмет түрлерін жасап жатырмыз. Интернет-дүкенде 12200-ге жуық тұтынушымыз бар. Арабияда, Мәскеуде, Севастополда, Петропавлда, Оралда жүрген біздің жерлестеріміз 8 наурыз күні өз аналарын, жалпы нәзікжандыларды қуанту үшін бізге әлеуметтік желідегі парақшамыз арқылы тапсырыс беріп, біз жерлестерімізге гүл шоқтарының жанына әдемі тілектерін жазып жеткізіп, отбастарына шаттық сыйлаған сәттеріміз болды.
Хризонтома, лилия, кесілген роза, гербераны шетелден тапсырыспен алдырып отырмыз. Жаңа жыл қарсаңында жұмсақ ойыншықтар, шоколадты букеттер жасаймыз. Бүкіл ауылдық жерлерді қамтып отырмыз. Торт та пісіреміз. Балалардың бос уақыты жоқ. Отбасылық кәсібімізді осылайша жүргізіп келеміз. Кез келген уақытта, түн мезгілінде де сый-сияпатты жеткізіп береміз. Болашақтағы арманым – перзентханадан шығатын аналардың бар заттарын осы жерден алатындай қызмет түрін жасау. Өмірге сәби әкелген аналарға шаттық сыйлау үлкен бақыт деп ойлаймын, – дейді ол.
Әрине, батыр ананың сөзінің жаны бар. Сәби күлкісінде әлемнің бар бақыты жатыр. Ал ана балбұлақтай бауырындағы баласымен көрікті. Гүл өсірген Элмираның мақсаты – қыз бен ұл сыйлаған аналарға әдемі гүл сыйлау.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!