Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

0°C

, Жұма, 22 қараша, 08:28

Халық саулығы басты орында

14.12.2022

504

0

Халық үшін ең маңызды сала – денсаулық сақтау саласында біраз жетістік, ауқымды шаралар жасалды. Соңғы жылдарда апатты жағдайдағы ғимараттардың орнына жаңадан денсаулық сақтау нысандары салынды. Сонымен бірге облыста алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандарының бірқатары жаңғыртылған. Облыс экономикасын қарқынды дамытуда біздің аудан да шет қалып отырған жоқ. Ауданға қарасты елді мекендердегі медициналық көмек беретін орындар жаңғыртылды, күрделі жөндеуден өтті, пайдалануға берілді. Соның нәтижесінде ауылдық жерлер тұрғындарына да талапқа сай медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік туды.

Аудандағы орталық аурухана ғимараты заманға сай жабдықталып, жасақталып, жаңа үлгімен бой көтерді. Аудан халқының көптен бергі көкейінде жүрген мәселе шешімін тапты. Кең әрі жаңа ауруханада енді жалағаштықтар сапалы медициналық көмек алуда. Дәрігерлер де жыл сайын біліктіліктерін арттырып, адам өміріне деген жауапкершіліктерін сезіне біледі. Жалпы құрылыс құны 3,9 млрд теңгені құрайтын аурухана құрылымына терапия, хирургия, перзентхана, балалар бөлімі, жансақтау бөлімі және 2 ота жасайтын блок, қайта қалпына келтіру бөлімшелері кіреді. Мұндағы қайта қалпына келтіру бөлімшесі жаңа емдік дене шынықтыру аппараттарымен қамтылған. Аудандық аурухананың 130 науқасты қабылдау мүмкіндігі бар. Айта кетсек, жұқпалы ауруларға 15, терапияға 28, хирургияға 15, балалар бөліміне 17, перзентханаға 15, гинекологияға 10, қайта оңалтуға 20, паллиативті науқастарды емдеуге 10 төсек орын жабдықталған. 1 қабатта орналасқан қабылдау бөлімі жаңа УДЗ Volusoh P8, УЗЧ3500HD маркалы ФГДС және DR-400 маркалы рентгенография аппараттарымен қамтылған. Бүгінгі күнге дейін хирургия бөлімше­сіндегі жылжымалы рентгендиагностикалық құрылым RADIUS аппаратымен 67 ота жасалды. Бұрын ауданнан қалаға сабылған халықтың көптеген мәселесі осылайша шешімін табуда. Енді өзіміздің хирургтер осы заманауи құрылғыны меңгеріп, қаншама науқасты айықтырып, аяғына тұрғызып жатыр. Бүгінде 33 мыңнан астам аудан халқына аудандық орталық аурухана, аудандық емхана, 12 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік бекет, 2 медициналық бекет қызмет жасауда.

Соған қарамастан соңғы мәліметтерге жүгінсек, аурушаңдық деңгейі өкінішке орай артып отыр. Әсіресе тұрғындар арасында 1-ші орында қанайналым жүйесі ауруы тұр, 2-ші орында жүйке жүйесі ауруы, 3-ші орында сүйек бұлшық ет жүйесі аурулары көбейіп отыр. Аудандағы емдеу және алдын алу ұйымдарында 91 жоғары білімді дәрігер, 439 орта буынды медицина қызметкерлері жұмыс жасайды. 17 дәрігер жоғарғы санатқа, 18 дәрігер I санатқа, 18 дәрігер II санатқа ие өз ісінің мамандары. Орта буын қызметкерлерінің де 275-нің біліктілігі бар. Олардың 142-сі жоғарғы санатты, 90-ы I санатты, 43-і II санатты меңгерген. Қызметкерлердің барлығы медицина саласында болып жатқан жаңалықтармен таныстырылып, тәжірибе алмасып тұрады.

Айта кеткен жөн, Ақарық, Аққыр ауылдарына жалпы тәжірибелі дәрігерлер мен кентке оторинолоринголог, офтальмолог, анестезиолог, реаниматолог дәрігерлер қажет. Бұлар – аса керек мамандар. Әрине қай сала болсын өзінің еңбекқор, ізденгіш, тәжірибелі мамандарымен мақтанады. Әсіресе ақ халаты қандай кіршіксіз таза болса, халыққа жасаған қалтқысыз қызметінде де ақеден алғыс пен құрметке бөленген медицина қызметкерлерін осындай мерекеде аттарын атап, елге неге үлгі етпеске. Сондай жандар қатарында акушер-гинеколог Ләйла Рахатқызы, хирург Дәурен Сүйіндіков, невропатолог Әзизбек Жәмкеев, терапия бөлімінің дәрігері Жібек Мұстафина, балалар бөлімінің дәрігері Нәзира Алтаева, жұқпалы аурулар бөлімінің дәрігері Әсел Сарыбаева және өзге де еңбектері елеулі жандар бар. Біздің ақ халаттылар пандемия кезінде де ерен еңбектің үлгісін көрсетіп, қатерлі дертпен бетпе-бет келіп, күресіп, қаншама аурудың азабын тартқан жандарға араша түсті.

«Ана мен балаға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында да енгізілген «эффективті перинаталды технологиясы» және сол бағыттағы бағдарламалар жалғасын табуда. Емдеу және алдын алу ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту және аудан тұрғындарына дәрігерлік қызмет көрсету сапасын арттыру, аурудың алдын алу шараларын жүргізу басты міндет болмақ. Сондай-ақ цифрлы Қазақстан бағытында мекеме жұмысын толығымен біріктірілген ақпараттандыру жүйесіне енгізу арқылы қағазсыз мекеме принципімен жұмыс жасауға көшуге кіріскен жөн. Қағазбастылық көп жағдайда жаны ауырып, дерті дендеген жанға уақытты көп бөлуге кедергі келтіреді. Біздің міндетіміз – дерттінің тән жарасымен бірге жан жарасын да жылы сөзбен емдеп, кәсіби біліммен оның дерттен айығуына жәрдемдесу. Ауданның ақ халатты мамандары осы мақсатты орындап, жергілікті тұрғындардың көңілінен шықса, нұр үстіне нұр болары сөзсіз» деген аудандық аурухананың бас дәрігері Е.Мақсұтов елдің денсаулық сақшысы ретінде халықтың батасын алу медицина қызметкерлері үшін үлкен мәртебе, асқан бақыт екенін де жасырмады.

Айта кету керек, аудандық ауруханада екі жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан қайта қалпына келтіру бөлімшесі бар. Емделуші көп және жоғарыда айтқандай, аталған бөлімшеде ем алатын науқастардың барлығының жүйке талшықтары жарақаттанған. Атап айтсақ, ондағы дәрігерлер мен медбикелер көбіне инсульт, миокард инфаркт, ауыр бас ми жарақатын алғандар және түрлі жағ­дайларға байланысты тірек-қимыл аппараты зақымданған жандарды сауықтырады. Жай күндері жүйке жүйесі сау адамның өзі лықсып келген ашуын тежей алмай қалатынын ескерсек, қайта қалпына келтіру бөлімшесіндегі айлап, жылдап төсекке, арбаға таңылып, жамбасы тесілген науқастардың тілін тауып, бабын жасау оңайға соқпайтыны анық. Алайда біз осы мақаламызды жазбас бұрын аталған бөлімшенің біркүндік жұмыс барысымен таныстық. Айтқанымыздай, оңалту орталығының қызметі тәулік бойы тынбайды екен. Дәрігерінен бастап, медбикелер, тіпті техникалық қызметкерлеріне дейін қабағын бір шытпайды, мінездері биязы, сұрағыңа күлімсіреп, жылы жауап береді. Бізді жайдары қарсы алған бөлімше дәрігері Әсем Шамитаева да – өз саласының білікті маманы. – Науқастың ең алдымен тәнін емес, жанын емдеу керек және жанды емдейтін дәрі мен ине емес, жылы сөз. Бойын дерт меңдеген адамға кірбіңсіз көңіл мен жылы сөздің өзі жұбаныш. Жан емделсе, тән де емделеді. «Жаны саудың – тәні сау» деген сөз бекер айтылмаған. Қазірде қоғамдық қарым-қатынас өзгеріп, басқаша сипат алды. Көбіне біз бір-бірімізге тамшыдай болса да кіршіксіз көңілімізді, бір ауыз жылы сөзімізді қимаймыз. Жүрегіміз қатайып, сезімдеріміз семе бастаған. Ал оның салдары денсаулыққа айтарлықтай салмақ түсіріп, түрлі аурулардың туындауына себепші болады. Сондықтан біз жұмыс барысында ең бірінші кезекте науқастармен барынша жылы қарым-қатынас орнатуды жолға қойдық. Қай жерің ауырса, жаның сол жерде. Яғни аурудың ауыр-жеңілі жоқ. Кез келген науқас дәрігерден үміт күтеді. Ал біз мейлінше сол үміт шырағын сөндірмеуге тырысамыз, – дейді Әсем Ортайқызы.

Дәрігердің айтуынша, қайта қалпына келтіру бөлімшесі аудан бойынша амбулаторлы-емханалық, күндізгі стационарлық және тәуліктік аурухана деңгейлерінде өз кезеңімен науқастарға оңалту емін жүргізіп келеді екен. 2019 жылы Жалағаш аудандық орталық ауруханасында 5 орындық «Қайта қалпына келтіру» бойынша науқастарды емдеу палатасы ашылып, терапия бөлімшесінің құрамында болған. Ал 2020 жылдан бері қайта қалпына келтіру бөлімшесі болып жасақталып, қазіргі таңда 20 төсекорындық тәуліктік және 5 төсекорындық күндізгі стационарлық қалпына келтіру бөлімшесі жұмыс істеп тұр. Реабилитациялық бөлімшеге «кардиология және кардиохирургия», «травматология және ортопедия», «неврология және нейрохирургия», «пульмонологиялық» профильдер бойынша ауырған науқастар жоспарлы түрде ем қабылдайды. Сонымен қатар реабилитациялық науқастарды қалпына келтіру мақсатында дәрілік препараттар арқылы ем жасаумен қатар, психологиялық көмек, емдік дене шынықтыру, массаж және физиотерапиялық қызметтер көрсетіледі.

Бөлімшеде арнайы оқытылған 1 реабилитолог дәрігер, 1 психолог, 1 емдік физкультура жаттығуларын үйрететін арнайы инструктор, 1 массажист, 2 физиотерапия медбикесі және кезекшілікпен келетін медбикелер мен науқастарға күтім жасайтын кіші аяжандар командалық емдік сауықтыру жұмыстарын бірлесе атқарады. Жоғарыда айтқанымыздай, қайта қалпына келтіру бөлімшесі инсульт алған, омыртқа жотасының жарақатын алған, омыртқа жотасына ота жасалған, ауыр бас ми жарақатын алған науқастар, аяқ-қолдың салдануы, сөйлеудің бұзылысы сияқты аурулардың салдарын қайта қалпына келтіруге жұмыс жасайды. Дәрілік еммен қатар физиопроцедуралар, жылумен емдеу, тоқпен емдеу, массаж, қарқынды дене шынықтыру, механотерапия, эрготерапия, психологиялық ем тәсілдері тағайындалады. Жүректің ишемиялық аурулары: шунттау оталарынан кейін, миокард инфарктын алған науқастар, сонымен бірге травматология ортопедия саласы бойынша аяқ сүйектерінің сынуынан кейін, буын ауыстыру отасынан кейін, туа пайда болған және жүре пайда болған деформацияларды оперативті емдеуден кейін науқастар қайта қалпына келтіру емін қабылдай алады. Науқастар реабилитациялық емге емхананың жоспарлы жолдамасымен портал арқылы келіп ем алады. Қайта қалпына келтіру бөлімшесінде 2021 жылы 233 науқас, ал 2022 жылдың 5 айында 129 науқас ем қабылдапты. Бөлімше медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Мәселен, жаттығу залындағы тұрақтылықты, тепетеңдікті сақтауға вертикализатор аппараты инсульттан кейін аяқтан тұруға және Artromat k1 аппараты тізе және жамбас бұлшық еттеріне жасалған отадан кейін жан ендіруге көмектеседі. Ал имитатор аппаратқұрылғысы инсульт алғанда, омыртқа жарақаттанғанда және түрлі жағдайдағы мүгедектікте қолданылады. Одан бөлек веложаттығу, жансызданып қалған аяқ-қолдың нүктелерін оятуға, қимыл-қозғалысты қалпына келтіруге арналған аппараттардың науқастардың сауығып кетуіне ықпалы зор.

– Емдік физкультура бөлмесіне келуге ем алушылардың ынтасы жоғары. Демек, бұл аурумен күрескен науқастардың денсаулығына оң әсерін тигізіп, нәтиже беріп жатыр дегенді білдіреді. Бұл жерге келетін науқастардың кішкене болса да әрбір қимылы миына дабыл түсіреді. Яғни ми орталығы бойды билеген ауруды тек қимылқозғалыс қана жеңетіні жөнінде ақпарат толқынын қабылдайды. Ал ол ақпарат әрбір науқас адамға үміт сыйлап, жаттығуға деген ынта-жігерін арттырады, – дейді емдік физкультура бөлмесінің инструкторы Ербол Талқанбай. Кемедегінің жаны бір. Бір-біріне демеу болып, жылы сөзбен жұбатқан бөлімшедегі науқастардың бар сенетіні – дәрігер.

Иә, сенім – үлкен күш. Ем алушылардың барлығы да өздеріне зыр жүгіріп сапалы қызмет көрсетіп жүрген дәрігерге де, медбикелерге де дән риза.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: