Кезіндегі адамдарды сарылтып, сағындырып жететін пошташының орнын айшылық алыс жерлерден жылдам хабар жеткізетін сымсыз құрылғылар басты. Жылт еткен жаңалықты жақсысына да, жаманына да қарамастан айдай әлемге жария ететін ғаламтордың дәурені қазір. «Заманына қарай адамы» демекші, бұл да заманның талабы. Осындай кездейсоқ көлбең ете қалған мына бір жантүршігерлік оқиға назарымызды аудармай қоймады. Мұнда «Мектептен қайтып келе жатқан кішкентай екі қыз балаға иесіз иттер тап берді» депті. Балалардың бірі құтылып үлгергенімен, екіншісі оқиғаның құрбаны бола жаздапты. Итке таланған бала аман қалғанымен, денесінде өмірлік жарақат пен психикасында үрей қалды. Аурухана бөлмесінде таңылған баланың түн ұйқысы қырық бөлініп, түнімен шошынып шығады екен. Неткен қорқынышты, өкінішке толы оқиға дерсіз. Осы кішкентай ғана қыздың басынан өткен оқыс оқиғаны оқып отырып, мәселенің мәнісіне үңіліп көрдік. Өзіңіз де не айтпағымызды түсініп отырған шығарсыз. Мұның бәрі салғырттықтан болған оқиға. Ендеше иесіз иттердің жайын саралап көрейік…
КӨШЕ ТОЛЫ ИЕСІЗ ИТ-МЫСЫҚ…
Көптен бері бізді алаңдатып жүрген ойды осы оқиға қозғап жіберді. Өйткені біздің ауданда да осындай аш жүрген иттер көп. Оларды кез келген көшеден кездестіре аласыз. Кезбе иттер көбіне азық іздеп, күл-қоқыстың арасында жүреді. Сондай-ақ адамдар көп шоғырланатын жерге әуес келеді екен. Таңертеңгілік оларды аялдамада, орталық базар маңынан көптеп кездестіруге болады. Жергілікті тұрғындар ішінен балаларының өміріне қауіптенетіндері де аз емес. Өйткені топ-тобымен жүрген иттер кез келген уақытта балаларға шабуыл жасауы мүмкін. Бұлай деуімізге себеп те жоқ емес.
Жалпы бүгінде қаңғыбас иттердің жүрген жері тұрғындар үшін өте қауіпті. Олар алдымен жұқпалы ауруларды тасымалдаушылар және құтыру белгілері байқалғанда адамға шабуыл жасауы мүмкін. Ит қауып алса, өлімге әкеліп соқтыруы да ғажап емес. Қаңғыбас иттер әр жерді паналап, қоқыс қалдығынан тамақ жеп күн көргендіктен, олардың бойында ауру болуы әбден ықтимал. Ал осындай топтанған итке ересектер емес, балалар бетпе-бет келген болса ше? “Мұндай жағдайда балалар болса қайтер еді?” деген сұрақ мазалады. Ал жоғарыда айтқан қайғылы оқиға бізде де орын алмасына кім кепіл?! Жаман айтпай, жақсы жоқ, мәселенің шешімін іздегеннен, оны тудырмаудың жолын іздеген әлдеқайда ұтымды екенін қашан түсінеміз?!
ҚАҢҒЫБАС ИТТЕРДІ ҚАЙТЕМІЗ?
«Адамдардың денсаулығы, амандығы бәрінен қымбат» деген аудандық санитарлық-эпидемиологиялық басқарма басшысы, ауданның бас санитары да жұқпалы аурулар қаңғыбас, иесіз ит-мысықтардан жұғуы мүмкін деген еді бір сөзінде. Бұл аурулардың алдын алудың бірден-бір жолы егесіз жүрген ит-мысықтардың көзін жою болғандықтан, осының аясында былтырға дейін бюджеттен тиісті қаржы да бөлінді. Бұл үшін арнайы бригада құрылып, иесіз ит, мысықтар жойылып отырды. Аудандық ветеринариялық станциясы ШЖҚ КМК мекемесіне хабарласқанымызда да осындай жауап алдық. Яғни 2020 жылы 1006 ит, 44 мысық ауланып, оның 1050-і жойылса, 2021 жылы жасалған жұмыстың нәтижесінде 1393 ит пен 68 мысықтың 1461-і жойылыпты. Әрине осынша иесіз үй жануарлары көше кезіп жүргенде ешқандай тұрғын зардап шекпеді деу шындыққа сай келмек. Бұл тұрғыда біздің сауалымызға жауап берген аудандық санитарлық-эпидемиологиялық басқармасы осындай қаңғыбас иттердің қабуынан өткен жылы жарақат алған 59 адам тіркелді дейді. Бұл иттердің 24-нің иесі болса, қалғандары иесіз екені анықталған. Абырой болғанда, ит қапқан адамдардан да, адамға шабуылдаған иттерден де құтырма ауруы анықталмапты. Ал биыл жыл басынан бері 26 адамды иесіз ит қапқаны белгілі болды.
Жауапты мекемелер ит, мысықтарды аулап, жою жұмыстарын үздіксіз жүргізіп келе жатқанымен, кенттегі қаңғыбас иттерден біржола құтылдық деуге келмейді. Ондай қараусыз үй жануарлары әлі де кездеседі. Бұл әлгі иттің шабуылынан зиян шеккен тұрғындар жағдайы мен әңгімеміздің басында айтып өткен жантүршігерлік оқиғаның тағы қайталануы мүмкін деген үрей туғызып отыр. Ал иесіз иттерді аулап, көзін жоюға рұқсат ететін заңға өзгеріс еніп, жаңа заң жобасының міндеттемесі бойынша көшедегі ит-мысықтарды жою жұмыстары тоқтап тұр. Ал «Жаман айтпай, жақсы жоқ» деген атам қазақ кешқұрым былай тұрсын, тал түсте де көшеде елеңдеумен жүретін болды. Әсіресе ойын баласы бар ата-аналар перзенттері аман-есен үйлеріне оралғанша жандарын шүберекке түйіп отырады десек, артық айтқандық емес. Салғырттық сан соқтырмас үшін жауапкершілікті күшейткен дұрыс дейміз. Сонда заңға жүгінеміз деп, кент көшелерінде еркін жайылған төрт түліктің орнын жоқтатпай тұрған қаңғыбас ит-мысықтарды қайтпекпіз?
КӨШЕДЕГІ ИТТЕРДІ АТУҒА БОЛМАЙДЫ…
«Шаш ал десе, бас алатынымыз» барын несін жасырайық. Өркениетке қадам басамыз деп дамыған елдердің заңдарын тұқым-тұяғымен жұтып жатырмыз десек, әбестік болмас. Дұрыс қой, болатын баланың белін бусаң. Бірақ біреудің қаңсығы бізге таңсық болып тұрғанын неге көрмейміз?! Өркениетті елдермен иық тірессек, несі жаман дерсіз… Алайда қазақты қазақ қылған тектілігі, өзгеден ерек болмысы мен менталитеті. Ал біз талғамай жұтып жатқан өзге елдің заңдары менталитетімізге сай келе қоймайды. Осы тұрғыдан алып қарасақ, жоғарыдағы алаңғасарлығымызға таң қалмасқа шара жоқ. Заңды жаңадан жасайық, дамыған елдердің даму жолындағы тәжірибелерін тұтынайық, бірақ өзімізге қарай бейімдейік те.
Осы жаңа заңнаманың әзірленуіне еліміздегі өзге ұлт өкілдері түрткі болған деседі. Сонымен қоса жануарларға көмек көрсетіп, қамқорлық қылатын еріктілердің «талап-тілегі» де үкіметке жолданып, қарастыра келе жануарлардың адам қолынан аяусыз зардап шегіп, әлеуметтік желіге салған видеоларын көріп, тиісті орындарға шағымын жеткізіп, адам мен жануар арасындағы мәдениеттің жоғары сатыда тұруы керек екенін айтыпты. Министрлік өкілдері қоғамда қаңғыбас иттер мен мысықтарға еш көңіл бөлінбей өлтіріліп жатқанын ескеріп, бұл заңмен атқарылуы керек деп, жаңа заңның қажеттігін түсініпті. Осы ретте Қызылорда облысының ветеринария басқармасының парақшасында:
«Қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою» деген сөздер «Жануарларды аулауды, уақытша ұстауды және жансыздандыруды ұйымдастыру» сөздерімен ауыстырылды. Сол себепті қазіргі кезде облыста қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою жұмыстары тоқтатылды. «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» ҚР Заңына сәйкес алдағы уақытта аулау қызметі облыстың жергілікті атқарушы органы құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымы, сондай-ақ дара кәсіпкерлер және мемлекеттік емес заңды тұлғалар арасында ұйымдастырылатын болады» деп келтірген екен.
Демек, тиісті орынның сөзі де халықтың жанайқайынан хабардар дегенге сайып тұр. Аймақта соңғы уақытта қаңғыбас иттердің саны күрт көбейіп, тұрғындарға шабуыл жасау қаупі артқанын олар да біліп отыр екен. «Әттең, қолым қысқаға» салынып әрі заңға қайшы әрекет етуге болмайды деген ұстанымды күн тәртібіне қойыпты. Жұмыстың бәріне тоқтау болып тұрған «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» жаңа заң 2021 жылы 30 желтоқсанда қабылданып, биыл 2 наурызда күшіне енген. Бұған дейін аймақта 2020 жылы 21623, 2021 жылы 24820 қаңғыбас ит-мысық ауланып, жойылған. 2022 жылы заң күшіне енгенше де мыңнан аса үй жануарына шара қолданылған. Ал осы заңнаманың қабылдануына түрткі болғандардың менталитеті мен өзіміздің қазекеңнің менталитетінің үш қайнаса сорпасы қосылмайтыны көрініп-ақ тұр. Біз қатігез халық емеспіз, бірақ өзгелер секілді жануарлармен бір үйде, бір жерден ауқаттанып өмір сүрмегенбіз. Жаратушы әр жаратылысты жаратқанда өз мекенін көрсетіп берсе, сол орын оған құтты болмақ.
15-ші БАП НЕ ДЕЙДІ?
«Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» ҚР Заңының 15 бабында жануарларды жансыздандыру және олардың өлекселерімен жұмыс істеу айтылыпты. Яғни жануарларды жансыздандыруға тек егер олардың физикалық қиналуын өзгеше тәсілмен тоқтату мүмкін болмаған жағдайда, олардың жаңа туған төлінде ауытқулар мен кемістіктер анықталғанын, тіршілік етуге қабілетсіз деп танылғанда, заңнамада айқындалған тәртіппен жабайы жануарлардың санын реттеу, аң аулау мен балық аулау және балық шаруашылығын жүргізу кезінде, адамға, жануарларға шабуыл жасаған жағдайда және адамның өміріне, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікке қатер төндіретін жағдайларда, адам мен өзге де жануарлардың өміріне қауіп төндіретін ауру анықталған кезде заңнамаға сәйкес жою кезінде ғана жол беріледі.
Айта кетейік, жануарларды жансыздандыру кезіндегі талаптар қатаң сақталуы керек. Тиісті жұмысты атқарушы орын жануарларды жансыздандыру кезінде үй-жай басқа жануарлар ұсталатын орыннан бөлек болуын, жануарды мәдени, ойын-сауық және демонстрациялау мақсатында пайдалану тиімділігін арттыру үшін жағдайын нашарлататын дәрілік және өзге де препараттарды қолдануға тыйым салынғанын және басқа да заңда көрсетілген талаптарды ескеруге міндетті.
«Тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей, осы заң аясындағы жұмыстар толығымен қолданысқа енсе, онда иесіз иттер адамға қауіп төндірмейінше жойылмақ түгіл, жансыздандырылмайды түсінуімізше. «Біз халықтың талап-тілегін түсініп отырмыз. Бірақ қолдан келер шара жоқ. Былтыр мүмкіндік барда қаншама қаңғыбас иттің көзін жою жұмыстары атқарылды. Биыл енді жағдайға қарай қиындап тұр. Жақын арада ауданнан осындай иесіз үй жануарларын ұстауға арналған орталық ашылады деп күтілуде. Мұнда көшеден әкелінген ит-мысықтарға күтім жасалып, оларды жұқпалы аурулардан таза ма, жоқ па деген мақсатта сараптамалық жұмыстар жүргізілетін болады. Егер жануарлар аурудан аман, қауіпсіз деп танылса, белгілі мерзімнен соң қайтадан босатылады» дейді аудандық ветеринария бөлімінің маманы. Енді жануарларға жасалатын жағдайға шолу жасап көрейік.
БҰҚАРА НЕ ДЕЙДІ?
– Жақында ғана ит қауып ала жаздады. Әсіресе кешкілік уақытта көшеде жүруге жүрексінеміз. Кентте емін-еркін қыдырған қаңғыбас иттердің көптігінен жалғыз жүру қауіпті болып, тыныштығымызды қашыруда. Заң қабылданғанына көп болмады, осының өзінде бұл заңның тиімсіздігін аңғаруға болады. Өйткені жануарға сенім жоқ, ол санасыз болады. Ал кешқұрым серуендеуге шыққан балалар үшін уайым жеп отырған ата-аналардың жанайқайы жоғарыға жетсе де, нәтижесіз болды. Күн сайын елдің түкпір-түкпірінен «Ит талап өлтіріпті» деген оқиғаларды естиміз. Біздің ауданда да ит қапқандар бар. Базар маңында, парктерде, ойын алаңдарының маңын торуылдап жүретін иттердің дені аш. Ал аштықтан көзі қанталаған жануардың адамға шаппасына кім кепіл болады?
Мен бұл заңмен мүлде келіспеймін. Қаншама бала көз жұмуда, қанша адам итке талануда, неге бұл сабақ болудың орнына, жағдайды одан сайын қиындататын заңнамаға жол беріліп отыр, – деген кент тұрғыны Н.Айтпанова (аты-жөні өзгертілді) адамға шабуыл жасағанда барып қаңғыбас иттерді жансыздандыру ақылға қонымсыз екенін ашына айтты.
Ал әлгіндей арнайы орталық ашылса, көшеден ұсталған азутістілерге тазалық жұмысы жүргізіліп, иесіз иттің иесі табылғанша ол сол жайда 5 күн бойы тамақтанып, ветеринариялық қызметті пайдаланады. Жағдайы жасалған жануардың бұдан бөлек еміне, «буаз» болса «босанбауына» әрекет етеді. Бір күнде бірнеше иттің осындай «қызметтерді» қабылдауына кететін қаржыны аузымызға алмай-ақ қоялық. Басқа жыртығымызды жамамай тұрып, жетім-жесірімізді жарылқамай жатып, иттердің қарнын тойғызсақ, қалай болар екен…
Түйін: Не болса да кенттің көркін келтіріп тұрған жасыл-желекті жапырған төрт түлік пен аштықтан адамға анталаған бұралқы иттерден төнетін қауіп-қатерге тоқтау болмай тұр. Ел ішіндегі жиі орын алып жатқан ит қабу дерегіне қатысты тіркелген ақпараттарды айтқанымен, құзырлы орындардың да шарасы жоқтығын білдік. Мәселеге шолу жасадық, сараптап көрдік, енді ақырын күткеннен басқа амал таппай тұрмыз. Адамның қолына қараған төрт түлік пен үй жануарларына еге бола алмай жатып, өркендедік, өстік деу теңізге шелекпен су құйғанмен бірдей. Ал жаңа заңдағы өзгеріс пайда берді дегеннен, мәселені ушықтырды деген дұрысырақ-ау. Өйткені жануарлардың мәртебесін көтеремін деп, адам өміріне салғырт қарау «Ойға қонымды, адам пайдасына көзделген әділ заңның» жоқтығын білдіреді деп ойлаймыз. Ақырын күтейік, әліптің артын бағайық, ағайын.
Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!