Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

18°C

, Бейсенбі, 25 сәуiр, 07:18

Кәсіппен айналысамын деушілерге қолдау көп

12.12.2022

263

0

Қазір басты мақсат әрине халықты жұмыспен қамту, жұмыссыздар санын азайту. Бұл ретте арнайы мемлекеттік бағдарламалар жұмыс істеп тұр. Олардың шеңберінде кәсіппен айналысамын деген кез келген адам төмен пайызбен несие немесе қайтарымсыз грантқа ие бола алады. Осылайша өзіне кәсіп ашып, табыс деңгейін арттыруына, тіпті өзгелердіде жұмыспен қамтуға мүмкіндігі болмақ.

Жалағаштықтар мемлекеттің кәсіпкерлік саласын қолдау мақсатындағы бағдарламаларын тиімді пайдаланып, өңірде аталған салада серпін қалыптастыруға өз үлестерін қосып жатыр. Әсіресе қайтарымсыз қаражатқа қол жеткізіп, ауданда шағын кәсіпкерлікті дамытып жатқандар жетерлік. Қаражат көлемі артқан грантқа биыл да үміттілер қатары қалың болды. Ал өңір өркендеу үшін жергілікті бюджетке түсетін түсімде де айтарлықтай қарқын болуы шарт. Бұл ретте кәсіпкерлік саласын дамыту ерекше маңызға ие екені айтпаса да белгілі. Мемлекеттің аталған салада серпін қалыптастыру мақсатында қаржылай қолдауға басымдық беріп жатқаны сондықтан. Бастысы, бүгінде ел оның игілігін көріп, түрлі жобаларды жүзеге асыруда. Басқасын былай қойғанда, сол түрлі бағдарламалардың жемісін бір ғана Жалағаш ауданынан байқауға болады.

Иә, бұрын іс бастауға елде айтарлықтай ынта болмайтын. Көбісі ай сайын жалақы алатын жұмысқа тұрғанды құп көреді. Бастысы, орналасып алса болды, айлығының көлеміне аса бас қатырмайтын. Ал қазір ше, қазір мүлде басқа. Яғни халықтың көзқарасы өзгерген. Бүгінде олар тұрмыс сапасын арттырудың тиімді тетігі кәсіп бастау деп түйеді. Негізі солай. Жалағаштықтар да жыл сайын түрлі бағдарламалардың көмегімен мемлекеттен қаржылай қолдау тауып отыр. Бізді бүгінде оның нәтижесі бары қуантады. Қазір жергілікті салыққа да түсетін түсім көлемі артып келеді. Бұл дегеніңіз өңірде аталған салада айтарлықтай серпін барын білдіреді. Іс бастаймын деген жандарға бүгінде пайыздық үстемақысы төмен несиеден бөлек қайтарымсыз қаражат та үлестірілуде. Былтырлары 600 мың теңгеге дейін шағын кәсіпкерлікке бағытталған жоба авторларына қайтарымсыз қаражат үлестірілсе, биыл оның көлемі 1 млн 200 мың теңгеден асып жығылады. Нарықтағы кез келген тауардың құбылған бағасын бағамдасақ, мұны қаржының құнсыздануымен байланыстырамыз. Алайда шағын кәсіп ашуға бұл таптырмас мүмкіндік. Биыл ауданда жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грантқа 367,6 млн теңге қаражат қаралған. 109 млн теңгесі ел қазынасынан бөлінсе, Ұлттық қордан 258,6 млн теңге қаралыпты. Негізінен жыл соңына дейін 300 адамды қайтарымсыз қаражатпен қамтамасыз ету көзделсе, жоспар қазірдің өзінде 100 пайызға орындалып, қарашаға дейін 300 жоба қаржыландырылды.

Осы тұста аталған қайтарымсыз грантқа кімдер ие бола алады деген сұрақ туындауы мүмкін. Тіпті грантқа қол жеткізудің жолдарын біреу білсе, енді бірі біле бермейді. Аталған қаражатқа қол жеткізудің тиісті шараларын білу үшін аудандық жұмыспен қамту орталығы мамандарына хабарластық. Орталық мамандары қайтарымсыз грант алудың жолдарын және ұсынылатын құжаттар легінен хабардар еткен еді. Олардың айтуынша, біріншіден, жиырма тоғыз жасқа толмаған, грант алуға өтініш бергенге дейін үш жылдан кем дара кәсіпкер ретінде тіркелген немесе бірыңғай жиынтық тө­лемді төлеушілер болып табылатын жас кәсіпкерлер өз жобаларын ұсыну арқылы қайтарымсыз қаржылай қолдауға қол жеткізе алады. Екіншіден, атаулы әлеуметтік көмекті, көпбалалы отбасыларға және оның жұбайына төленетін жәрдемақыларды, асы­раушысынан айырылған жағдайда төле­нетін әлеуметтік жәрдемақыларды алу­шы­ларды, қоныс аударушыларды, қандас­­тарды, еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдарды, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған адамдарды және оның жұбайы, халықтың әлеуметтік осал топтары да бұл қолдаудың игілігін көре алады. Гранттар жұмыссыз немесе дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеу мерзімі үш жылдан аз, бір реттік жиынтық төлемді төлейтін дара кәсіпкер ретінде грант алуға өтініш бергенге дейін тіркелген жағдайда халықтың әлеу­меттік осал топтарына беріледі.

Гранттар жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін өтеусіз және қайтарымсыз негізде 400 еселенген айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде беріледі. Бұл ретте тиісті қаржы жылының республикалық бюджеті туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің мөлшері қолданылады. Грант жоба авторына бір рет беріледі және нысаналы мақсаты бойынша қажетті еңбек құралдарын, мүкәммалды, технологиялық жабдықты, жануарларды, малды, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды сатып алу, коммерциялық жыл­жымайтын мүлік объектілерінің, сондай-ақ сауда объектілерінің, оның ішінде сауда объектілерінің аумағында бастапқы бизнесті өткізуге арналған үй-жайларды, оның ішінде сауда объектілерін жалдау ақысын төлеу, жалға алуға, пайдалануға, сенімгерлік басқаруға беріледі. Бұл мақ­сатқа ауданға 283,2 млн теңге қаралған. Ал әрбір жоба авторына 1 млн 225,2 теңге қайтарымсыз қаржы үлестіру көзделген. Біз жыл соңына дейін жоғарыда айтып өткен санаттарға жататын 231 жергілікті тұрғынды қайтарымсыз қаржылай қол­дау­ды жоспарлап отырмыз. Бұл деге­ніңіз, ауданда басқа да мемлекеттік бағдар­ламаларды былай қойғанда, тек осы гранттың нәтижесімен 231 кәсіпорын ашы­лады деген сөз. Бастапқыда әр жоба авторына үлестірілетін грант көлемі 555 мың, одан кейінгі жылы 583 мың теңге болды. Биыл оның көлемі 2 есеге артып отыр. Бұл қаржымен шағын кәсіп бастап, оның игілігін көруге толық мүмкіндік бар деп ойлаймын. Әрине ол үшін бөлінген қаржы тек бір мақсатқа жұмсалуы керек.

Бірақ мына нәрсені есте сақтаған жөн.Грант­тар тұтынушылық мақсаттарға, несие қарыздарын өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учас­келерін сатып алуға, акцизделетін өнімдер өндіруге берілмейді. Бақылау болады. Гранттар нысанында қолдау шара­ла­рын қаржыландыру республикалық және жергілікті бюджеттердің, Қазақстан Рес­публи­касы Ұлттық қорынан берілетін нысаналы трансферттердің қаражаты, сон­дай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған көздер­ден жүзеге асырылады. Гранттар алуға өті­ніштерді қабылдаудың басталғаны туралы хабарландыру өтініштер қабылдан­ғанға дейін 10 күн бұрын халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органның ресми интернет-ресур­сында жарияланды. Гранттар алу үшін өті­ніштерді қабылдау лектер бойынша жүзеге асырылады. Порталда өтініштерді қабылдау мерзімі әр лекте 10 жұмыс күнін құрайды. Грант алуға үміткер осы қағи­даларға сәйкес, нысан бойынша электрон­дық цифрлық қолтаңбамен куәлан­­­ды­рыл­ған өтініш береді.

Грант алуға өтінім беру үшін порталда тіркелгеннен кейін қайтарымсыз қаржы алуға үміткер осы қағидаларда көрсетілген шарттар сәйкестігіне және мерзімі жүгінген сәтте үш жылдан аспайтын «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін аяқтау туралы электрондық сертификаттың немесе бұрын қатысқаны туралы сер­тификаттың болуына автоматты түрде тек­серіледі. Көрсетілген талаптарға сәйкес келгенде грант алуға үміткер порталда бизнес-жоба үлгісін осы қағидаларға сәйкес жүктейді, оны толтырады және порталда жеке кабинетіне тіркейді.

Портал грант алуға ерікті түрде қоныс аударуға қатысушыларды қоспағанда, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шарала­рының қатысушылары болып табылатын, соңғы 12 ай ішінде дәлелді себептерсіз жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шарала­рына қатысуды тоқтатқан адамдардың өтініштерін қабылдамайды. Ал грант алуға үміткерлердің өтініші мен бизнес-жобасын халықты жұмыспен қамту мәсе­лелері жөніндегі жергілікті атқарушы ор­ган, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер пала­тасы, жергілікті атқарушы органдар, қо­ғам­дық бірлестіктер, ғылыми-білім беру меке­мелері өкілдерінің, бизнес, өңірлік бұқа­ралық ақпарат құралдары өкілдерінің, салалық сарапшылардың қатысуымен аудан­дар, облыстық маңызы бар қалалар, республикалық маңызы бар қалалар, астана деңгейінде құрылған комиссияның отырысына қарауға шығарады.

Комиссия төрағадан, төрағаның орын­басарынан және комиссия мүшелерінен тұрады. Комиссия хатшысы оның құра­мына кірмейді және шешім қабылдау ке­зінде дауыс бермейді. Комиссия хат­шысы Халықты жұмыспен қамту орталы­ғының өкілі болып табылады. Комис­сия хатшысы комиссия отырысын ұйымдас­тыруды жүзеге асырады, төрағамен келісім бойынша отырыстың өткізілетін орнын, күнін және уақытын айқын­дайды, комис­сия мүше­леріне алдағы отырыс туралы хабар­лайды, комиссия мүшеле­ріне отырысты өткізу үшін қажетті материал­дарды ұсы­нады. Комиссия отырысы порталд­а өтініш­терді қабылдау аяқталған күннен кейін 10 жұмыс күні ішінде өткізіледі. Комиссия отырысының өтетін орны, күні және уақыты туралы хабарлама грант алуға үміткерлерге жеке кабинетінде көрсе­тіледі. Комиссияның шешімі, егер оған отырысқа қатысқан комиссия мүше­лерінің жартысынан астамы дауыс берсе, қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады. Комиссия отырысын бейнетүсірілім тіркеуіне жол беріледі. Онда грант алуға үміткер жаңа бизнес идеялардың жобасын таныстырады. Ал комиссия осы бағалау парағында грант беру-бермеу себептері бар шешімді көрсетеді.

Комиссия отырысы аяқталғаннан кейін Халықты жұмыспен қамту орталығының қызметкері 2 жұмыс күні ішінде комиссия шешімін отырыс хаттамасына және грант алушылардың қалыптастырылған тізіміне сәйкес «Еңбек нарығы» ААЖ-ға енгізеді. Барлық жоба қорғалатын отырыстың шешімі «Еңбек нарығы» ААЖ-ға енгізілгеннен кейін грант алуға үміткер порталдағы «Жеке кабинет» арқылы грант беру-бермеу туралы тиісті хабарлама алады. Ал комиссия грант беру туралы шешім қабылдаған кезде грант алуға үміткер тиісті хабарламаны алған сәттен 3 жұмыс күні ішінде порталдағы банк деректемелері бар банк шотын ұсынады, ол «Еңбек нарығы» ААЖ-ға жіберіледі. Көрсетілген мерзімде банк шотын ұсынбаған үміткерге комиссияның грант беру туралы бұрын алған шешіміне қарамастан қайтарымсыз қаражат берілмейді. Бұл ретте үміткер келесі лектерде грантқа қайта өтінім бере алады.

Халықты жұмыспен қамту орталығы грант алушының банкдеректемелері бар банк шотын алған күннен 3 жұмыс күні ішінде жаңа бизнес идеяларды іске асыруға грант беру туралы шартқа қол қояды және грант алушының порталдағы жеке кабинетіне жібереді. Ал жобасы қаржылай қолдауға лайық деп танылған үміткер шартты алған сәттен 3 жұмыс күні ішінде порталда, жеке кабинетте Шартқа электрондық цифрлық қолтаңбамен қол қояды, ол «Еңбек нарығы» ААЖ-ға жіберіледі.

Бизнес жобаны іске асырудың нысаналы пайдаланылуын грант алушы порталда растайтын құжаттарды ұсыну арқылы он екі ай ішінде тоқсан сайын растайды. Грант алушы оны алған күннен бастап 12 ай ішінде, бизнесті кеңейтуге бағытталған шараларды қоспағанда, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысуға жібе­рілмейді. Жобасы қолдау тапқан автор гранттық қаражаттың нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылғанын немесе грант қаражатының пайдаланылмағанын рас­тау болмаған кезде шарт жасалған күннен бастап 3 ай ішінде портал арқылы қаражатты толық ерікті түрде қайтаруға өтінім береді. Қаражат толық көлемде пайдаланылмаған жағдайда порталдағы «Жеке кабинетте» тиісті өтініш беру арқылы қаражатты ішінара қайтаруды жүзеге асырады.

 «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша оқуын тәмамдаған 1 азаматтың мал ша­руа­шылығы бойынша жобасы жыл басында қолдау тапты. Нәтижесінде ол 1 млн 225 200 теңгеге ие болды. Одан кейін комиссия отырысы кеше тамыз айында 3 рет өтті. Бас-аяғы 70-тен астам жоба комиссия мүшелеріне таныстырылды. Оның 70-ке жуығы қайтарымсыз қаржылай қолдауға ие болды. Бұл Жалағашта 70 шағын кәсіпорынның құрылғанын аңғартады. Екі қолға бір күрек таппай жүрген азаматтар жоқ емес, олар үшін бұл таптырмас мүмкіндік екені анық. Осы ретте мемлекеттік бағдарламаның бір жағынан өңірдегі жұмыссыздық мәселесін тұсауға үлкен қолғабыс болып жатқанын айта кеткен жөн.

Ал биылғы қолдау тапқан жобалардың көбі мал шаруашылығы екен. Бірақ бұл жоба алдағы уақытта да қолдау таба береді деп ойламаймыз. Өйткені таптаурын жобаны қалаушылар өте көп, сәйкесінше жобалар тың әрі сұранысқа ие болғанда ғана көбірек қайтарымсыз грантқа ие болуға мүмкіндік жоғары. Жалпы қайтарымсыз грантты жоба авторларына үлестіруге арналған 4 рет комиссия отырысы өткен. Ең алғашқысында 2 адам үміткер болып қатысып, Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грантты былтыр «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша оқуын аяқтаған 1 адам мал шаруашылығы бағытында комиссияның оң шешімін алса, келесісі қолдау таппаған. Ал келесі комиссия отырысында жаңа бизнесидеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грантқа оқуын аяқтаған 79 адам комиссия отырысына қатысып, оның 62сі бизнес жоспарын қорғап, комиссияның оң шешімін алған, 1 адам тұрақты жұмысқа орналасуына байланысты грант қаражатынан бас тартыпты, ал қалған 17 адамның жобасы қолдау таппаған. Үшінші мәрте өткен отырыста жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грантқа оқуын аяқтаған 178 адам қатысуға өтініш беріпті, оның 92-сі бизнес жоспарын қорғап, комиссияның оң шешімін алған, 86 адамның түрлі жобасы қолдауға ие болған жоқ. Ал соңғы рет қазан айында өткен жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грантқа оқуын аяқтаған 363 адам қатысуға өтініш беріп, оның 146-сы бизнес жоспарын қорғап, комиссияның оң шешімін алған, керісінше 217 адамның жобасы қолдау тапқан жоқ. Қайтарымсыз қаражаттың әрбір өңірге үлестірілу межесіне келсек, Жалағаш кенті бойынша негізінен 111 адамға грант беру жоспарланған. Десе де 165 адамның жарқын жобасы қаржылай қолдау тапты. Ал ауылдық елді мекендерге келсек, Аққұм ауылы бойынша 17 адамның жобасы меже бойынша қолдау табуға тиіс болса, бүгінге дейін 10 ауыл тұрғыны қаржылай қолдауға ие болған. Шалғайдағы Аққыр ауылдық округі бойынша меженің орындалуы 50 пайызға да жетпейді. Мәселен, бұл елді мекеннен 10 адамның жобасын қаржыландыру межеленсе, бүгінге дейін 4 жоба қолдау тауыпты. Бұл ретте аталған ауылдан келген жоба авторларының саны аз болғанын айта кеткен жөн.

Аудан іргесіндегі Ақсу ауылы – негізінен кәсіп бастауға және оның жемісін көруге қолайлы жер. Кентке жақын орналасқандықтан бұл ауылда өнім өтпей қалады деген іскер азаматтарда күмән аз болатыны сөзсіз. Сондықтан болар, кешеге дейін комиссия отырысында ақсулық ағайындар бірнеше жоба қорғады. Олардың кәсіп ашуға ынталы екені анық байқалды. Мәселен, аталған елді мекен бойынша 12 жоба қаржылай қолдау табуы тиіс болса, бүгінге дейін 15 жоба сәтті қорғалған. Ал Аламесек ауылдық округі бойынша 14 жобаға дейін қолдауға мүмкіндік болған. Бірақ бүгінге дейін 8 жоба сәтті қорғалған. Бұқарбай батыр ауылы бойынша 15 жобаны қолдауға мүмкіндік болды. Бірақ бүгінге дейін 13 жоба қаржыландырылған. Бұл елді мекенде де кәсіпкерлік саласына жергілікті тұрғындардың қызығушылығы басым екенін айта кеткен жөн. Еңбектен 10 жоба қолдау қажет болса, меже бүгінге дейін 60 пайызға орындалған. Ал Жаңадария ауылы бойынша меже 43,7, Қаракеткенде 78,6, Жаңаталапта 25, Мақпалкөлде 46,7, Мәдениетте 163,6, Мырзабай ахунда 46,7, Таңда 141,7, М.Шәменовте 66,7 пайызға орындалып отыр. Тиісті қаражатқа қол жеткізгендердің алды бүгінде кәсіпті бастап кетті. Аудан бойынша 300 жобаның қолдау табуы өңірде 300 шағын кәсіпорын жұмысын бастағанын білдіреді. Осыдан-ақ ауданда аталған салада айтарлықтай серпін барын, оған мемлекеттік бағдарламаның көмегі тиіп жатқанын аңғару қиын емес.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: