Өткенді білмеген елдің болашағы бұлыңғыр. Тарихын ұмытқан ұлт жойылады. Оны ғасырдан ғасыр озған сайын өзгерген қоғам дәлелдеп келе жатыр. Халыққа қызмет қылатын әрбір адам алдымен өз өлкесінің, туған жерінің, елінің тарихын танып, санасына сіңіруі тиіс. Сонда ғана кеудесінен ұлттық рух оянып, елге еткен қызметінің сапасы артады. Ұлтыңның тарихын тану – туған жеріңнің тау-тасын, өзен-көлін танудан және оларды аялаудан, сол жердегі тарихи маңызы бар ескерткіштерге тағзым етуден бастау алады.
Өткен аптаның соңында Жалағаш аудандық Қоғамдық Кеңесінің мүшелері өлкеміздегі киелі өңірлерді араладық. Атап айтсақ, Қорқыт Ата мемориалдық кешеніне және Марал ишан кесенесіне бардық. Алдымен қырға қарай созылған қара жолдың бойындағы Марал ишан бабаның басына ат басын бұрып, біршама аялдадық. Арқада дүниеге келіп, Сыр бойында өмір сүрген Марал бабамыздың бойындағы көріпкелдік қасиеті иісі қазаққа мәлім. Дін жолында жүріп, айналасына Исламның шарапат шуағын шашқан Марал ишанның ақтық демі Арқада түгесіліпті. Өзінің өлер алдындағы аманатымен сондағы ел-жұрты ақ бураға денесін артып жібергенде, жануар араға алты күн салып, Жосалыдағы Тарғыл тауының етегіне шөгіпті деседі. Әулиенің мәңгілік мекеніне айналған сол қасиетті топыраққа табанымыз тигенде ерекше күй кешіп, өзімізге беймәлім әсерге бөлендік. Жұпар аңқыған жусанды даланың ауасы да, аурасы да бөлек. Бізді шырақшы жігіт – Бекболат жылы қарсы алды. Марал бабаның басында тереңдігі 9 метр құдық бар екен. Шырақшының айтуынша құдықтың тереңдігі әу баста 17 метр болған деседі. Шегенделмеген соң кейін жан-жағы құлаған. Бірақ, көзі көмілмеген. Суы мөлдір әрі тұщы. Шөліміз қанғанша іштік және қасиетті жерден шығып жатқан тұмадан ырым етіп жанымызда жүрген бос ыдыстарға құйып та алдық. Шырақшы ағамыздың айтуынша, құдықтың суының дәмі тіршіліктің төрт мезгілінде де өзгермейді екен және адамның ішкі құрылысының ауруларына шипасы бар көрінеді.
Одан әрі шырақшы бізді үлкен қорымның ортасындағы бабаның кесенесіне алып барды. Әуелі әулиенің әруағына құран бағыштап, зиярат еттік. Содан соң 18-19 ғасырларда өмір сүрген Марал ишан Құрманұлы жайында және баласы Қалқай ишан туралы көптеген деректерге қанықтық. Қазақтың соңғы ханы Кенесарының туған нағашысы Марал ишан тек дін қайраткері ғана емес, Ресейдің жерді, елді отарлауына қарсы шыққан күрескер болғанын тарихтан білеміз. Кесене басында үш Жүзге пір болған Марал бабамыздың көріпкелдік қасиеті жайында аңызға бергісіз сан алуан әңгімелер айтылды. Шырақшының айтуынша, Жам тауындағы Жалаңаяқ әулиеден білім алған қасиетті Марал бабаның нұры өзінің мәңгілік мекеніне айналған сол маңға әлі түсіп тұрады екен. Оны бабаның басының жиі тәу етіп келушілер де растап отыр.
Сәскеге таяу сапарымыз одан әрі жалғасты. Бүкіл түркі жұртына ортақ тарихи тұлға – Қорқыт бабамыздың басына барғанда төбемізге тоқымдай ғана бұлт үйіріліп, жаңбыр сіркіреді. Оны Алланың нұры деп қабыл алдық. Өйткені, қасиетті мекендерге, киелі өңірлерге жасаған сапарларда адамның ішкі ниеті де оң болуы тиіс қой. Қорқыт мемориалдық кешені қырдың басында орналасқан соң, айналадан салқын самал аңқылдап соғып тұрды. Күре жолдың бойында жатқан Қорқыт бабаның басына зиярат етіп келушілер легі көп. Бәрінің де түпкі мақсаты бір – тарихты тану, киелі жерге табаны тигенде Алладан жақсы тілек тілеу. Біздің де ең басты тілегіміз: еліміздің амандығы, жеріміздің бүтіндігі, тұтастығымыздың сөгілмеуі, ішкі ынтымағымыздың ыдырамауы болды.
Қорқыт жайлы аңыз көп. Желмаяға мініп, қобызын сарнатқан аңыз адамның қырық жыл ажалдан қашқан әрекетінен біз шарасыздықтан өлімді қарсы алуды емес, керісінше, өмірді сүюді, уақытты бағалауды үйренуіміз керек шығыр, мүмкін. Біз кешеннен шыға бере Қорқыттың тас ескерткішке айналған алып қобызының үні үдей түсті. Төбе-құйқаңды шымырлатып, тұла-бойыңнан тылсым ағын жүргізетін сиқырлы сарын көне күндердің бізге беймәлім сырларын бүгінге жеткізіп тұрғандай болды. Тарихи орындардан ғажап әсермен оралдық. Тегінде адам баласының, әрбір ұлттың өз болмысына тән қасиеті – тарихын тануымен, өткенін құрметтеуімен бағаланатын болса керек деген ой түйдік бұл сапардан.
Қуат АДИС
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!