Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

5°C

, Сәрсенбі, 16 сәуiр, 05:25

Көңіл тойған жәрмеңке

15.04.2025

120

0

Қақаған қыс кетіп, көктем келді. Күн шуағын төгіп, жер бетін емірене өбеді. Айнала ес жиып, етек-жеңін түзеуге кіріскен. Қыстан қысылмай шыққан халық Жер-ананың ризығына шүкір етеді. Өткен сенбінің таңы аудан орталығындағы Абай көшесінің бойы әдеттегідей емес, күйбең тіршілік пен абыр-дабыр қозғалыспен басталды. Өйткені жалағаштықтар үшін молшылық мерекесі саналатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті.

Ауылдың шаруа адамдары былтырғы мол өнімнен қалған азық-түлігін аудан орталығына арнайы алып келіп, халықпен бөлісті. Әдеттегідей табиғи азық-түлік пен ет, балық өнімдері және көкөністер мен жемістер сатылымға шығарылды. Бұл жолы аудан тұрғындарын сапалы өніммен қатар жайлы баға да қуантты. Жәрмеңкеде төбе көрсеткен шаруалардың барлығы нарықтан 25-30 пайыз төмен бағамен сапалы өнімдерін өткізуге тырысты.

Жалпы жәрмеңкеде аудан тұр­ғын­­дарына 22 автокөлікпен 45,7 тонна азық-түлік өнімдері ұсы­нылды. Оның ішінде жергілікті шаруа­лардың өнім­дерімен қатар «Бай­қоңыр» әлеу­меттік-кә­сіп­керлік корпора­циясының тұ­рақ­тан­дыру қорынан 3 тонна кар­топ, 1 тонна пияз, 500 келі сәбіз және күн­бағыс майы төмен бағамен аудан тұрғын­дарына сатылды.

– Жәрмеңке маған ұнап жатыр. Үйім­нің жанында, алыс емес. Баға арзан, күріш, ұн, ет және балық өнімдерін сатып алдым. Осындай жәрмеңке жиі ұйымдастырылса дей­мін. Халыққа жақсы ғой, бағалары қалтаға қонымды, картоп, сәбіз, пияз барлық жерде қым­­бат екені рас. Ал жәрмеңкеден оң­тайлы бағада сатып аласың. Ұйымдастырушыларға, кә­сіп­керлерге ри­за­­­­мыз, халық қуана келіп жатыр. Ша­руа адамдарына алдағы науқанды сәтті бастауына тілектеспін, – дейді кент тұр­ғыны Мәдина Үбітаева.

Әрине, тұрғындар Жаңадарияның қауын-қарбызын, Мақпалкөлдің ал­ма­­сын асыға күтеді. Алайда бұл өнімдерді көктемде базардан табу оңай шаруа емес. Десе де аталған өнімдер жәр­меңкеге аз да болса жеткізіліпті. Ал шаруалар болса, тұ­ты­нушыларға биыл қауын-қар­бызды молынан егеміз деп уәде берді.

– Жәрмеңкеде 22 автокөлікпен 45,7 тонна азық-түлік өнімдері са­ты­лымға шығарылды. Айта кету қажет, жәр­меңке қарсаңында өнім­дердің бағасы нарықтан 20-30 пайызға төмен болды. Бұл шара тұрғындарды арзан азық-түлік өнім­дерімен қамтамасыз ету мақ­са­тында ұйымдастырылуда. Алдағы уақытта да қажеттілік тудыратын азық-түлік өнімдері жәрмеңке бары­сында халыққа қолайлы бағада ұсынылатын болады. Азық-түлік бағасының күрт өсуі орын алған уақытта аудан диқандары күріш көлемін азайтып, кө­көніс және бақша өнімдеріне басым­дық беруді қолға алуда. Осы бағытта жергілікті биілік тиісті жұмыстарды атқаруда. Жалпы аудан бойынша биыл 36 780 гектарға егін егу жоспарланған, – дейді аудан әкімінің орынбасары Әліби Байнахатов.

Жәрмеңкеде жергілікті өнерпаз­дар өнер көрсетіп, балаларға арнал­ған ойын­дар ұйымдастырылып, келу­ші­лерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Бір сөзбен айтқанда, жалағаштықтар жәр­меңкені тек сауда-саттық мақ­сатта ғана емес, бір-бірімен қал-жағ­дай сұрасып, мереке іспетті өткізді.

– Мен Жаңадария ауылының тұрғы­нымын. Өздеріңіз де байқап тұрған шығарсыздар, Жаңадария десе, ха­лықтың есіне бірінші қауын мен қарбыз түсетіні бар. Былтыр ауыл маңында қауын-қарбыз, асқа­бақ ектім, бүгін сол өнімдерді халық ал­дына әкеліп отырмын. Десе де күз бойы өнімге сұраныс жоғары бо­лып, са­тылып кетті. Десе де аз да болса, халықпен бөлісуге келіп қал­дым. Шүкір, сауда бар, өнімге сұра­ныс жоғары. Ең бастысы, өніміміз тұтынушыларға ұнайды. Әрине, маң­­дай термен, ешқандай қоспасыз егіл­ген өнімнің тәтті болары анық. Биыл да ауыл маңына қауын-қарбыз егуді жос­парлап отырмын. Бастысы, жер­гі­лікті билік аяқсу мәселесін ше­шіп берсе жеткілікті, – дейді шаруа адамы Рысбек Ілиясов.

Жалпы жәрмеңкені ұйымдас­ты­ру­дың мақсаты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұ­­рақ­­тандырып, ауыл шаруашылығы өнім­­дерін өндірушілерден тікелей тұ­ты­нушыларға жеткізу болып табы­лады. Бастысы, жәрмеңке шаруалар мен тұ­ты­нушы­лар­дың көңілінен шықты.


Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: