Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

6°C

, Сәрсенбі, 27 қараша, 18:54

Көжесі дәмді, көңілі шат

23.03.2024

758

0

Қазақ халқы үшін Жер-Анаға жан бітіріп, жылуымен жердің тоңын жібітетін ұлыс күнінен артық мереке жоқ шығар, сірә. Өйткені қыстан мал-жаны аман шығып, сақтап отырған сүрін, тәтті дәмдісін дастарқанға қойып, ақсақалды ата мен ақжаулықты аналарын төрге оздырып, бата-тілек ағытылатын берекенің бастауы да осы әз-Наурызбен байланысты. Әсіресе жыл басы жақындағанда әрбір үйде келер жылғы тоқшылық пен ырыстың арқауы, құт-берекенің бастауы ретінде ақ дастарқан бетіне міндетті түрде наурыз көже қойылады. Иә, ұлыстың ұлы күнін наурыз көжесіз елестету мүмкін емес.

Ұлыстың ұлы күні жолымыз қазақы қаймағы бұзылмаған шалғай­дағы Жаңа­дарияға түсті. Дала жаң­бырлы болса да халықтың жай­дарлы жүзі мерекелік көңіл-күй­ден хабар беріп тұрғандай. Көше бо­йымен ауылдық клуб­қа ағылған тұр­ғындар, мәз-мейрам болған ба­ла-шаға, буы бұрқыраған қазан-қазан наурыз көже, бәрі-бәрі ұлттық ме­рекеміз­дің нақышын келтіруде. Ауыл өнерпаз­дарының «Нұр себеле, Ұлыс­­тың ұлы күні» мерекелік шарасын тамашалап, ән мен биге де қарық бол­дық. Мерекелік концерттен соң ауыл халқы жайылған дастар­қанға жайғасып, ұлттық тағамымыз наурыз көжеден дәм татты.
Ұлттық тағам демекші, ауылда 4 қазан наурыз көже пісіріліпті. Мен де тағамның дайындалу барысына дөп түсіппін. Қазан-ошақ жанында жүр­ген апаларға бұл тағам жайлы сұрақ­тарымды жаудырдым. Әттең, аузым берік, әйтпесе 3-4 тостаған сі­міріп алатындай дәмді екеніне күмәнім жоқ. Аспаз апайларым қа­занды ожау­мен араластырған сайын та­ғамның иісі бұрқырап, бе­тін­дегі сары қаймақ көздің жауын алуда.
Ауыл тұрғыны Асылзада Сейітова бірнеше жылдан бері наурыз көже, жалпы ұлттық тағамдарды да­йын­­дау­да бесаспап болыпты. Апа­­мыз­­дың айтуынша, көженің дайын­да­­луында ерекше мән бар. Су тір­шілік көзі болғандықтан, наурыз кө­женің негізі су екен. Мұның ас­та­рын­да өмір өзендей мөлдір, ұрпақ судай асып-тасысын деген жақсы ой жатса керек-ті. Сонымен бірге қа­зақ дастарқанының берекесі, төл асы – ет, оның ішінде соғымнан сақ­тал­ған сүр етін және ас мол бол­сын деген ырыммен арпа қосады. Ар­па­ның емдік қасиетін жақсы білген ха­лық оны тойымды әрі көптеген дерт­ке шипа санайды. Арпамен қоса тары, күріш сияқты дәнді-да­қылдар қо­сы­лып, бір тамырдан өсіп-өнген дән­дей ұрпағымыз көп болсын деген ниетте, осы дәмдермен қатар айран немесе ақ құяды. Түптеп келгенде наурыз көжеге қосылатын жеті дәм де адам ден­сау­­­лығына пайдалы саналып, сүт­тей ұйып, ауызымыз ақтан кетпей мол­­шылықта болайық деген тілекте әзірлейді.
– Наурыз көже пісіріп жүргеніме бірнеше жыл болды. Осындай мейрамда ұлттық тағам пісі­руді әдет­ке айналдырғанмын. Отба­сымда ке­ліндеріме де үйреттім. Неме­ре­лерім «Әжемнің наурыз кө­жесін іше­мін» деп мерекені асыға күтеді. Иә, ұлт­тық тағамдарымыз әрбір үйдің дас­тар­қанынан табыл­ға­нына не жет­сін. Одан бөлек ба­уыр­сақ, жент, май­сөк, құрт, қай­мақ дайындаймын. Міне, бү­гінде жа­нымдағы қыз-келіншек­тер­мен жер­лес­терімізге дәмді нау­рыз көже пі­сірдік. Негізі, наурыз кө­же да­йын­даудың қиындығы жоқ. Сүр­­ленген ет пен қазы болса, көже өте дәмді болып шығады. Дәстүрлі та­ғамды дайындауда мынандай жеті түрлі тағам қосылуы қажет деген қағида жоқ. Әркім қолындағы ба­рын, мүмкіндігіне қарай әзірлейді. Бас­тысы, дәм саны жетеу болып, дәмі тіл үйіріп, қазанымыз асқа, дастарқанымыз нанға толса, ырыс та, береке де осы болар, – дейді Асылзада Сейітова.
Сол маңайдағы ақсақалдармен де диалог құрдық. Бұрынғы ата-бабаларымыз ақ түйенің қарны жа­­рылған ұлыстың ұлы күні наурыз кө­жемен қатар бірнеше дәс­түр­ді орын­даған екен. Мәселен, «Ұй­қы­ашар», «Сел­теткізер», «Бел­кө­те­рер» сияқты дәс­түрлерге үлкен мән берген. Жалпы Наурызды той­лайтын Шығыс халықтары үшін 21-інен 22-сіне қараған түн ерек­ше. Таным бойынша күн мен түн теңеліп, осы түні арайлап атқан шуақты күнді алғашқы болып көруді жақсылыққа жорыған халық ұйқысыз өткізетін болған. Әсіресе жастар жағы ұйқыны ысырып қойып, алтыбақан теуіп, ауылдың алты ауызын айтып, бір-бірімен ойнап-күліп, бастаңғы жа­сап, ән-жыр айтысады. Ең әуелгісі, кешке ақсүйек ойнап, жігіттер жағы ұнатқан қызына сөз салып, серігін табуға тырысады екен. Ал қыздар ұнатқан серісіне көңілін білдіру үшін тәтті дәм дайындайды. Оны «Ұйқы­ашар» дейді. Серілер ұйқыашар әзірлеген қыздарға «Сел­тет­кізер» салтын орындап, айна, та­рақ, алқа-сырға, шашбау-шолпы се­кілді бұйымдарды сыйға тартады. Бұ­дан бөлек наурызда көпті көрген қа­рияларға құнарлы тағам түрлерін ара­ластырып, ұсақтап, шайнамай жеуге ыңғайлап, «Белкөтерер» тағамы дайындалады.
Үлкендердің айтуынша, осы күнге жеткен ұлыстың ұлы күнінің дәстүрлі тағамы – наурыз көжені тойып жеген адам жыл бойы тоқшылықта жүреді дейді.
Иә, жаңадариялықтардың қо­нақ­­жайлылығына риза болдым, «Ба­лам ораза екен» деп бөлек ыдысқа наурыз көжесін құйып беріп жіберді. Осылайша біз ақсүйекке қалмасақ та, керемет мерекелік кө­ңіл-күймен аудан орталығына жол тарттық.

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: