ҚР Президентінің 2013 жылғы 22 қарашадағы №698 Жарлығымен Қазақстанда қыркүйек айының соңғы жексенбісі «Еңбек күні» мерекесі болып белгіленді. Содан бері еңбек адамдарын ынталандыру, қарапайым жұмысшылардың мәртебесін көтеру және оған жастардың назарын аудару мақсатында жыл сайын аталған мереке өз деңгейінде ұлықталып жүр.
«Бұл – мемлекетіміздің тұрақты дамуына жасампаз ісімен үлес қосып келе жатқан нағыз еңбекқор жандарды ұлықтауға арналған маңызды мереке. Олар туған елдің жарқын болашағы үшін күн сайын тынбай еңбек етіп, отаншылдықтың озық үлгісін көрсетіп жүр.
Адал азаматқа тән еңбекқорлық, іскерлік, жауапкершілік, білімпаздық және жақсыдан үйрену, жаманнан жирену сынды асыл қасиеттің бәрі шынайы еңбек адамының бойынан табылады. Сондықтан өз ісінің майталмандары қашанда қоғамның назарында болуға тиіс. Ал жастарымыз соларға қарап бой түзеуі керек.
Халқымыз «Еңбек – адамның көркі, адам – заманның көркі» деп бекер айтпаған. Шын мәнінде, адал еңбек – бүкіл жетістіктің бастауы, табысқа жетудің кілті. Мемлекет осы басты қағидат барлық жерде салтанат құруы үшін бәрін жасайды» деп Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек адамдарының қоғамдағы рөлін ерекше атап өтіп жүр.
Иә, адамды адам еткен – еңбек.Ол – дәуірлер бойы дәлелденіп келе жатқан дүние. Ердің елге танылуы да сол еңбектің арқасы. Оның айқын дәлелі – қоғамда өзінің адал маңдай терімен жұмыс жасап жатқан өзіндік орны мен беделі бар шаруақор жандар.
Осы орайда еңбек дәстүрлерін дәріптеу және еңбек адамдарын ұлықтау, сонымен қатар жастарды еңбекке құрметпен қарауға шақыру аясында біздің басылым да ауданда маңдай терімен еңбек етіп, тасада қалып қойып жүрген азаматтарымызды газет бетіне үздіксіз шығаруда. Бүгінгі кейіпкеріміз – «Байтабын» шаруа қожалығының комбайншысы Мұсабек Сәменов.
Ол мектеп бітірісімен осы шаруа қожалыққа жұмысқа орналасып, бүгінде ел ырысы мен берекесі үшін аянбай еңбек етуде. Жақында шаруа адамының жұмысымен танысуға алқапқа барған болатынбыз. Қызу тірліктің үстінен түсіппіз. Макеңмен сұхбат құрудың сәті түсе қалды. Оның егін саласында еңбек етіп жүргеніне биыл 24 жыл болыпты.
– Шүкір, биыл Сыр салысының шығымы жаман емес, алғашқы орақты 1 қыркүйекте салдық. Бастысы, еткен еңбек далаға кетіп жатқан жоқ, соған шүкір дейміз. Межелі өнімге қол жеткізбесек, одан төмен астық жинамайтын сияқтымыз. Өнімді ысырапсыз жинап алсақ болды. Күніне 30-45 гектар жерді орамын. Қиын емес. Өйткені алқапта ескі техника атауымен жоқ. Жалпы бригадамызда 4 комбайн бар, барлығы қазіргі үлгідегі озық технологиялар. Комбайнда магнитофон, салқындатқыш бар, онда адамның жайбарақат жұмыс істеуіне жағдай жасалған. Өзімнің жұмысыма көңілім толады, бастысы, адал еңбекпен ас ішкенге не жетсін, – деп ағынан жарылды еңбек адамы.
Өз басым ерінбей еңбек етіп, адал маңдай термен тірлік етіп жүрген жанның бәрін еңбек адамы деп білемін. Иә, күнкөрістің қамын күйттеп, тіршіліктің күйбеңінен қолы босамайтын жандарға деген қоғамның құрметі де ерекше болары сөзсіз.
«Біз кішкентайымыздан еңбекқор кісілерді көріп өстік, өзіміз де еңбекке ерте араластық, жаман болған жоқпыз. Ол қоғамның жұмысы ма, елге ортақ іс пе, еш қажымайтынбыз. Әкелеріміз ертелі-кеш колхоз, совхоздың тракторын айдап, малын бағып келетін де, үйдің шаруасына білек сыбана кірісіп кететін. Аналарымыз да сондай еді. Таң ата тұрып, сиырын сауып, өріске айдап, бала-шағасының ас-суын беріп, отағасын жұмысқа жөнелтіп, сосын өздері картоп теруге немесе ұстаз болса, балаларды білім нәрімен сусындатуға кете баратын» деп кейде ата-әжелеріміз еңбек адамының үлгісін еске алып, тілге тиек етіп отыратын.
Міне, біз осы кісілерден үлгі алып, жұрттың жүрегінен орын алатын еңбек адамының образын жоғалтпауымыз керек.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!