Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-4°C

, Сәрсенбі, 11 желтоқсан, 15:28

Комбайншы Мұсабек

26.09.2023

507

0

ҚР Президентінің 2013 жылғы 22 қарашадағы №698 Жарлығымен Қазақстанда қыркүйек айының соңғы жексенбісі «Еңбек күні» мерекесі болып белгіленді. Содан бері еңбек адамдарын ынталандыру, қарапайым жұмысшылардың мәртебесін көтеру және оған жастардың назарын аудару мақсатында жыл сайын аталған мереке өз деңгейінде ұлықталып жүр.

«Бұл – мемлекетіміздің тұрақты дамуына жасампаз ісімен үлес қосып келе жатқан нағыз еңбекқор жандарды ұлық­тауға арналған маңызды мереке. Олар туған елдің жарқын болашағы үшін күн сайын тынбай еңбек етіп, отан­шылдықтың озық үлгісін көрсетіп жүр.
Адал азаматқа тән еңбекқорлық, іскерлік, жауапкершілік, білімпаздық және жақсыдан үйрену, жаманнан жи­­­рену сынды асыл қасиеттің бәрі шы­­найы еңбек адамының бойынан табылады. Сондықтан өз ісінің май­тал­мандары қашанда қоғам­ның наза­рында болуға тиіс. Ал жаста­рымыз соларға қарап бой түзеуі керек.
Халқымыз «Еңбек – адамның көркі, адам – заманның көркі» деп бе­­кер айтпаған. Шын мәнінде, адал ең­бек – бүкіл жетістіктің бастауы, та­быс­қа жетудің кілті. Мемлекет осы басты қағидат барлық жерде салтанат құруы үшін бәрін жасайды» деп Ел Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек адамдарының қоғамдағы рөлін ерекше атап өтіп жүр.
Иә, адамды адам еткен – еңбек.Ол – дәуірлер бойы дәлелденіп келе жатқан дүние. Ердің елге танылуы да сол еңбектің арқасы. Оның айқын дәлелі – қоғамда өзінің адал маңдай терімен жұмыс жасап жатқан өзіндік орны мен беделі бар шаруақор жандар.
Осы орайда еңбек дәстүрлерін дә­ріптеу және еңбек адамдарын ұлық­тау, сонымен қатар жастарды еңбекке құрметпен қарауға шақыру аясында біздің басылым да ауданда маңдай терімен еңбек етіп, тасада қа­лып қойып жүрген азаматтарымызды газет бетіне үздіксіз шығаруда. Бүгінгі кейіпкеріміз – «Байтабын» шаруа қожалығының комбайншысы Мұсабек Сәменов.
Ол мектеп бітірісімен осы шаруа қожалыққа жұмысқа орналасып, бүгінде ел ырысы мен берекесі үшін аянбай еңбек етуде. Жақында шаруа адамының жұмысымен танысуға ал­қапқа барған болатынбыз. Қызу тір­ліктің үстінен түсіппіз. Макеңмен сұх­бат құрудың сәті түсе қалды. Оның егін саласында еңбек етіп жүргеніне биыл 24 жыл болыпты.
– Шүкір, биыл Сыр салысының шығымы жаман емес, алғашқы орақ­ты 1 қыркүйекте салдық. Бастысы, ет­кен еңбек далаға кетіп жатқан жоқ, со­ған шүкір дейміз. Межелі өнімге қол жеткізбесек, одан төмен астық жина­майтын сияқтымыз. Өнімді ысырап­сыз жинап алсақ болды. Күніне 30-45 гектар жерді орамын. Қиын емес. Өйткені алқапта ескі техника атауы­мен жоқ. Жалпы бригадамызда 4 комбайн бар, барлығы қазіргі үлгідегі озық технологиялар. Комбайнда маг­нитофон, салқындатқыш бар, онда адамның жайбарақат жұ­мыс істеуіне жағдай жасалған. Өзімнің жұмысыма көңілім толады, бас­тысы, адал еңбекпен ас ішкенге не жетсін, – деп ағынан жарылды еңбек адамы.
Өз басым ерінбей еңбек етіп, адал маңдай термен тірлік етіп жүрген жан­ның бәрін еңбек адамы деп білемін. Иә, күнкөрістің қамын күйттеп, тіршіліктің күйбеңінен қолы босамайтын жан­дарға деген қоғамның құрметі де ерекше болары сөзсіз.
«Біз кішкентайымыздан еңбекқор кісілерді көріп өстік, өзіміз де еңбекке ерте ара­ластық, жаман болған жоқпыз. Ол қоғамның жұмысы ма, елге ортақ іс пе, еш қажымайтынбыз. Әкелеріміз ертелі-кеш колхоз, совхоздың трак­то­рын айдап, малын бағып келетін де, үйдің шаруасына білек сыбана кірісіп кететін. Аналарымыз да сондай еді. Таң ата тұрып, сиырын сауып, өріске айдап, бала-шағасының ас-суын бе­ріп, отағасын жұмысқа жөнелтіп, со­сын өздері картоп теруге немесе ұстаз болса, балаларды білім нәрімен су­сын­датуға кете баратын» деп кейде ата-әжелеріміз еңбек адамының үлгісін еске алып, тілге тиек етіп отыратын.
Міне, біз осы кісілерден үлгі алып, жұрттың жүрегінен орын алатын еңбек адамының образын жоғалтпауымыз керек.


Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: