Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

26°C

, Жұма, 12 қыркүйек, 16:34

Коммуналдық мәселелер мен жол құрылысының барысы сараланды

12.09.2025

6

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен коммуналдық мәселелер мен жол құрылысының барысы талқыланған жиналыс өтті. Оған жауапты басқарма басшылары, қала мен аудан әкімдері, мердігер мекемелердің өкілдері қатысты.

Мемлекет басшысы 2025 жылы еліміздің барлық елді мекенін 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз ету туралы тапсырма бергені белгілі. Осы тапсырманы орындау мақсатында өңірде 2022 жылдан бері 55 жоба жүзеге асырылды. Өткен жылдың қорытындысымен облыс халқының 98,6 пайызы орталықтандырылған ауыз суға қосылды.

Биыл 9 елді мекенге ауыз су жеткізіліп, 100 пайыздық меже орындалмақ. Ал газдандыру деңгейі 83 пайызға жетеді.

Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен Қызылорда қаласында «Aksa Energy» түрік компаниясымен бірлесіп, қуаттылығы 240 мегаваттық жаңа жылу-электр орталығы салынуда.

Жоба аясында 180 МВт-тық 2 газ турбиналық қондырғы (General Electric, АҚШ), 95 МВт-тық бу турбинасы (Doosan Skoda, Чехия), қуаттылығы сағатына 120 тоннаны құрайтын 2 бу қазандығы (AC BOILERS, Италия) мен сағатына 150 Гкал жылу өндіретін 4 жылу қазандығын (Mimsan, Түркия) салу жоспарланған.

Бүгінгі күні құрылыс жұмыстарының 80 пайызға жуығы аяқталды. Бұдан бөлек, бюджет есебінен 15 млрд.теңгеге жаңа жылу-электр орталығына дейін газ құбыры жүргізілді. Жоба аясында автоматтандырылған газ тарату станциясы мен 45 шақырым газ құбыры салынды.

Биыл бірінші кезекте орталықтың 1 газотурбиналық қондырғысы мен 2 жылу қазандығы, 2026 жылы қалған қондырғылар қосылады.

Қатар инвесторымен бірлесіп жүзеге асырылатын, құны 1 млн 800 мың АҚШ долларын құрайтын 1 100 мегаваттық бу-газ қондырғысы жобасы бойынша да жұмыстар басталды.

Бұл жобалар өңірдегі электр энергиясының жүктемесін тұрақтандыруға әрі еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға елеулі үлес қосады, яғни ірі жобаларға қажетті энергетикалық қуаттылықтар пайда болады.

Соңғы жылдары 1 232 шақырым автомобиль жолы мен көшені, 19 көпірді салуға, күрделі жөндеуден өткізуге қомақты қаржы бөлінді.

Биыл 329 шақырым жол жөнделіп, жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 95 пайызға жетеді.

Арал, Жаңақорған аудандарындағы темір жол үстінен өтетін аспалы көпір пайдалануға берілді.

Республикалық маңызы бар «Қызылорда-Жезқазған» автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда.

Облыс аумағындағы 216 шақырымның 163 шақырымы аяқталып, ел игілігіне берілді. Қосымша 12 шақырымына екі қабатты асфальт төселді. Жоба биыл толық аяқталады.

Аймақ басшысы жауапты тұлғаларға коммуналдық қызмет көрсетуде, жол құрылысында басты талап сапа екенін ескертті.

Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: