Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-5°C

, Сенбі, 21 желтоқсан, 21:05

Мәдениет – халықтың рухани азығы

12.12.2022

806

0

Сексен жылдық тарихы бар Жалағаш жері талай талантты шыңдаған шежіренің ордасы, мәдени мұраға бай киелі мекен. Қазірдің өзінде ауқымды істердің, игі бастамалар қолға алынған өңірдің дамуы, көркейіп, келбетінің артуы көрген көзге қуаныш сыйлайды. Қай саланы алып қарасақ та, алға жылжу бар. Өнер руханияттың айнасы десек, сол өнер тарландарының, майталмандарының басын қсоқан мәдениет саласы руханияттың мәйегі.

Аудандағы осы саланың дамуында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің де істеп жатқан жұмысы нәтижелі деуге болады. Ал осы бөлімнің қызметкері, мәдениет – халықтың ең үлкен рухани азығы екенін ұғынған бүгінгі кейіпкеріміз аудандағы осы саланың дамуына айрықша үлес қосқан жандардың бірі. Оның сахна сыртындағы еңбегі көпке көрінбесе де, ауқымды шаралар мен жүйелі жұмыстардың жасалуына ықпалын тигізуде. Әсіресе өңірдеаудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі Бибіәсия Дүйсенбиеваның бастамасымен мәдениет пен өнердің дамуында, мемлекеттік тіл саясатының жүзеге асырылуында және ұлтаралық қатынастың нығаюында келелі істер де қолға алынды. Бибіәсия Аманжолқызы 1976 жылы Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Мәдениет ауылында дүниеге келіп, кейіннен М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша жоғары білім алған. Мәдениет саласындағы еңбек жолын 2004 жылы Жалағаш аудандық мәдениет бөлімінде бас маман болып бастаған ол, 2005 жылы Жалағаш аудандық мәдениет, ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің жетекші маманы, 2006 жылы Жалағаш аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жетекші маманы, 2008 жылы бас маманы, 2017 жылдан бастап бөлімнің сектор меңгерушісі қызметін атқарып келеді. Ауданда мәдениет пен өнердің дамуына, мемлекеттік тіл саясатының жүзеге асырылуына және ұлтаралық қатынастың нығаюына зор үлес қосып келеді.

– Бибіәсия Аманжолқызы, кәсібіңізге риясыз берілгеніңізді және осы саланың алға басуына аянбай еңбек етіп жүргеніңізді білеміз. Өзіңіз жайлы айта кетсеңіз…

– Қызметте жүріпаудандағы әкімшілік-аумақтық бірліктердің құрамдас бөліктері туралы деректерді, тарихи-географиялық атауларды зерттеу, жинақтау бағытындағы жұмыстарды ұйымдастырып, деректер қорын, «Жалағаш ауданындағы тарих және мәдениет объектілерінің экскурсиялық жол картасын» әзірлеп, облыстық жобалық кеңсе арқылы «Шабыт-Арт студиясы» жобасын іске асырып, кітапханалар жанынан коворкинг орталықтарының ашылуын да қамтамасыз етуде жүйелі жұмыс істеп келеміз.Сонымен бірге ауданның ұлттық өнері мен рухани мұрасын насихаттау мақсатында «Жалағаш жауһарлары» атты сегіз дискіден тұратын Жалағаш ауданының ән-жыр мұрасы антологиясын үйлестіріп, С.Иманғалиевтің «Жалағаш көшелері» кітабының құрастырылуына да үлесімді қостым. Республикалық деңгейде аталып өтілген Бұқарбай батыр Естекбайұлының 200 жылдық, Жалағаш ауданының 80 жылдық, Мемлекет және қоғам қайраткерлері Т.Жүргенов, І.Қабыловтың және Социалистік Еңбек Ері Ұзақ  Еспановтардың мерейтойларын және басқа да республикалық, облыстық  деңгейде өткізілген іс-шаралардың жоғарғы деңгейде ұйымдастырылуына да тікелей қатысып,2020 жылы пандемия кезеңінде «YouTube» арнасынан «Өнерлі өлке: Жалағаш ауданы» атты Жалағаш аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің арнайы парақшасын ашып, мәдениет үйлері мен клубтардың үздік концерттері мен  мұрағат қорындағы үздік қойылымдарының жариялануы жолында жұмыс істедік. Сондай-ақ  2003-2012 жылдары аралығында Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйі жанындағы Халық театрының белді мүшесі ретінде Ш.Айтматовтың «Ана – Жер Ана», Қ.Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында», Т.Ахметжановтың «Қараторғай немесе аман бол ақ жайлау» атты спектакльдерінде басты рольдерді  сомдадым. Сәл де болса саланың дамуына үлес қосуды басты мақсат етіп келеміз жалпы.

– Салаға келуіңізге не себеп болды, әлде балалық шақтан арманыңыз ба еді?

– Мен алғаш мәдениет саласына 2004 жылы келдім. Негізінде менің бұл салаға келуіме себепші болған 2003 жылы желтоқсан айында «Үздік оқырман-2003» аудандық оқырмандар байқауы болатын. Кітапхана тарапынан ұйымдастырылған осы байқауда Бас жүлдеге ие болдым. Бұл уақытта мен 202 орта мектепе қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі едім. Осы байқаудан кейін аудандық мәдениет үйі жанындағы Халық театрының негізін қалаушы режиссер Мәдиев Тынымбай ағай мені Шыңғыс Айтматовтың «Ана – Жер Ана» спектакліндегі басты рөлді сомдауға шақырды. Мен Әлиманың рөлін сомдадым. Қызылорда қаласында өткен Халық театрлары байқауына қатысып, үздік атандық.  Мектепте мұғалім болып жүріп түрлі аудандық қоғамдық іс-шаралардың бел ортасында жүрдім. Осы кезеңде мәдениет бөлімінде бас маманның орны бос болатын. 2004 жылы аудан әкімінің орынбасары Болат Жекенов пен мәдениет бөлімінің басшысы Гүлнар Дихамбаева мені осы орынға шақырды. Менің мәдениет саласына келуімнің басы осылай басталды.

Ұлы мамандық ұстаздық жолды игерсе де, табиғат сыйлаған өнер әлеміне деген ерекше ықыласым мені осы салаға жетелеп келді. Содан бері мәдениет саласында қаншама еңбек етіп, жауапкершілік жүгін арқалап, артымнан ерген жас мамандардың тәжірибе жинауына көмектесіп те келемін. Мамандығыма деген адалдығым әрқашан нақты мақсаттар қойып, жетістіктер шыңына шығуға талпындырады. Қолға алған әрбір ісімнің берекелі әрі нәтижелі болуы да жұмысымды сүйіспеншілікпен істеуімнен деп білемін. Әрине  мәдениет саласында жиырма жылға жуық ғұмырымды сарп еттім және бұл уақыттардағы еңбегім елеусіз қалды дей алмаймын. Мәселен  2008 жылы аудан әкімінің «Үздік мемлекеттік қызметші» номинациясын, Халықаралық Қазақ тілі қоғамының Құрмет Грамотасын, ҚР-ның Мәдениет және спорт министрінің алғысын, ҚР-ның Қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агнеттігінің Қызылорда облысы бойынша департамент басшысының алғысын, Қызылорда қаласының 200 жылдық, Жалағаш ауданының 80 жылдық мерекелік төсбелгісін және Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдық мерекелік медалін иелендім. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен наградталдым.

– Кәсіби маманның атқарған әрбір ісіне, салаға қосқан үлесі мен нәтижеге бағытталған жүйелі жұмысына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Ал өзіңіз кейінгі буынға не айтар едіңіз?   

– Өнерде шәкірттік сезімін жоғалтқан адам ұстаз бола алмайды» дегендей мен өзімді өнерде жақсы шәкірт болдым деп есептеймін, себебі менің өнерде тәрбиелеген шәкірттерім республика деңгейінен көрінді. Мен оларды мақтанышпен айта алам.  «Көргені жақсы көш бастайды» дегендей менің алдыңғы буын аға-апаларымнан жинаған тәжірибемнің арқасында 17 жылдан астам уақыт осы салада қайнап пістім десем де болады. 17 жыл аз уақыт емес. Осы уақыт ішінде не тындырдым деген есеп те сұраймын өзімнен. Кеше марапатталғанда осы ойды қайта- қайта сараладым. «Мәдениет саласының үздігі» деген атақ кез келгенге беріле бермейді ғой. Бұл үлкен жауапкершілік. Мен солай ойлаймын. Мен жаңаша жұмыстар жасауым қажет, аудан мәдениеті мен өнерінің дамуына әрі қарай үлесімді бұдан да арттыруым қажет деп есептеймін.

Жалпы мәдениет саласындағы жетістіктер мәдениет мекемелерінің жұмыстарымен, статистикалық сандық көрсеткіштерімен және белгілі есімдердің болуымен ғана өлшенбейді. Бүгінгі күні мәдениет – тұлғаның рухани-эстетикалық дамуының, жалпыұлттық бірлікті қалыптастырудың және елді әлемдік қоғамдастыққа ықпалдастырудың қуатты құралы болуы тиіс.

Сондай-ақ өнер атты өлкеге қадам басқан жас мамандар белгілі қоғам қайраткері Ілияс Омаровтың «Мәдениет – халықтың ең үлкен рухани азығы. Бұл салаға кез келген жан келе бермейді, халыққа мәдени қызмет көрсететін маманның өзі мәдениет пен білімді кемел игерген адам болуы тиіс. Жеңіл ойлы адамға жұмысы оңай көрінетін бұл салаға қызығып келушілердің ұзақ уақыт тұрақтап қалуы сирек құбылыс. Осы саланың ыстығына күйіп, суығына тоңуға шыдауға әзір адамдар ғана мәдениет пен өнерді көркейтуге өз үлестерін қоса алады.

– Риясыз әңгімеңізге рахмет.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: