Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

27°C

, Бейсенбі, 18 сәуiр, 18:39

Мәдениет пен руханият егіз ұғым

06.12.2022

499

0

Азаттықтың арайлы таңынан бастап елдің санасын сілкінтуге бағытталған батыл бастамалар мен мазмұнды бағдарламалардың байыппен іске асуына ақын-жазушы, кітапханашы, артистер мен архив, музей, өнер ошағындағы өзге де мамандар қосқан үлес өлшеусіз. Өзіндік төл мәдениетімізді, өнерімізді сақтап, дамытпай өркениетке ұмтылу мүмкін емес. Қазіргі жаһандану процесінде біз өзіндік ұлттық мәдениетімізбен енбесек көп нәрседен ұтыламыз. Ұлттық өнерімізді дамыту, одан әрі шыңдау, халыққа насихаттау негізінде «Бұқарбай батыр ауылдық мәдениет үйі» де біршама жұмыстар атқарып келеді.

Негізі сексен жылдық тарихы бар Жалағаш жері талай талантты шыңдаған шежіренің ордасы, мәдени мұраға бай киелі мекені де даусыз. Қазірдің өзінде ауқымды істердің, игі бастамалар қолға алынған өңірдің дамуы, көркейіп, келбетінің артуы көрген көзге қуаныш сыйлайды. Қай саланы алып қарасақ та, алға жылжу бар.  Ал тарихы тұнған шежірелі батыр ауылының мәдениеті ақын-жыршы Төлеубай Үркімбаевтан бастау алып, ұрпақтар сабақтастығымен жалғасып келеді. Өнер табалдырығын аттаған бүлдіршіндер мен әлі де өнерін ұштап жүрген таланттар мен дарындарды шыңдайтын да – мәдениет ошағы екені белгілі. Ал мәдениет – ғасырлар бойы жинақталып, адамзат өнерінің, руханиятының, болмысының  үлкен жиынтығы болса, өнер – қазақтың киелі тұрмыс-тіршілігінде, бітім-болмысында қазақ деген ұлтпен бірге қайнасқан. Өнер екінің бірінде болмайтын үлкен бақ. Себебі талант тәңірден, баға халықтан. Сондықтан да аудандағы мәдениет саласының дамуына үлес қосып жүрген жандардың еңбегіне лайықты баға беру де ол сіздерден.

Халыққа қызмет  – абыройлы міндет демекші, біз әңгімелеп отырған Бұқарбай батыр ауылдық мәдениет үйі өткенді ұмытпай, болашаққа нық қадам басуда жолынан жаңылған емес. Бірлігі бекем ұжымды басқарып отырған  Гүлмария Ильясова да өз қызметіне берілген іскер басшылардың бірі. Сөз арасында тіпті денсаулығымызды да ұмытып жатамыз деген Гүлмария Кеңесқызы адалдық пен жауапкершілік бар жерде жемісті жұмыстар салтанат құратынын айтады. Нақты мақсат, жүйелі жоспар әрқашан оң нәтижеге жеткізіп, абырой биігіне шығарады деген маман қазақ мәдениетінің қашанда жоғары тұратынын да тілге тиек етті.

– Басшы өзінің ісін жақсы білетін, жан-жақты білімді, қабілетті ұйымдастырушы, алдына қойған  мақсатын батыл орындайтын маман болуы қажет. Мен осында басшылыққа келгелі бері осы қағиданы қатаң ұстанып, тек басшы болуды ғана емес, әр қызметкердің жанына үңіле алатын сырласы, кез келген ұжымдағы қиындықты әділ әрі тиімді шешуге жұмыс жасайтын іскер болуды және ең бастысы барлық істің белгілі бір нәтижеге жетуіне күш салуды жадымда ұстап келемін. Біздің мәдениет үйінің материалдық-техникалық  жағдайын  жақсарту, қызметкерлерге шығармашылық  бағыт-бағдар беру, мәдени шаралардың жоғары деңгейде өтуін қадағалау, күрмеулі мәселелерді уақытында шешу де үлкен жауапкершілікті жүктейді. Әрине, әр іске халық сыншы. Уақыт талабына сай көрермендердің де талғамы артып, өнер шынайылығына үлкен мән беретін жағдайға жетті. Міне, осындай талаптарға сай халыққа мәдени қызмет көрсетіп отырған ұжымымыз түрлі байқау мен конкурстарға қатысып, жүлделі орындар иеленіп, абырой биігінен көрініп те жүр.

Қазіргі уақытта мәдениет үйінде бес үйірме жұмыс жасайды. Ән, қолөнер, көркемсөз, сурет  үйірмесі  және «Ақ босаға» аналар клубы. «Үйірменің үйретері мол» дегендей, әрбір үйірме мүшелерінің мүмкіншілігі мен талғамын ескере отырып, репертуар таңдау, сахна мәдениетін үйрету, маман ретінде дәріс беру мәдениет үйі қызметкерлерінен үлкен ізденіс пен шығармашылықты  талап  етеді. Егер үміт артқаның үмітіңді ақтаса, сен қосқан бәйгеде кіл мықтының арасынан суырылып шығып, жеңіске жетсе, сенім үдесінен шыға алса, әрине біздің мерейіміз үстем, абыройымыз асқақ деуге болады, – дейді кәсіпорын басшысы. Бұқарбайдағы мәдениет үйінің жұмысымен, рухани ортадағы тыныс-тіршілікпен танысу барысында ұжымдағы тағы бір ерекше жұмыстарға қанық болдық. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» дейтін тәмсілді берік ұстанатын ауылдық мәдениет үйі ардагерлермен де тығыз байланыста жұмыс жасайды. Жастарды имандылыққа баулуда ардагер аға-апаларымыздың алар орны ерекше деген Г.Кеңесқызы үлкендердің батасын алмай, жақсылыққа жетемін деу әсіре сілтеушілік дейді.

Мәдениет пен руханият егіз десек, саланы өркендетуде, дамытуда және еліміздің мәдени болмысын әлемге паш етуде өзіндік таланты мен талабын қатар қамшылайтын талант иелерін тәрбиелеуде рухани орданың маңызы зор.  Бұқарбай батыр ауылының мәдениет үйіндегі үйірмелерден тәрбиеленіп шыққан үйірме мүшелері халықаралық, республикалық, облыстық, аудандық байқаулардан жүлделі орындарды иеленіп үлгеріпті. Мәселен, ән жанры бойынша халықаралық байқаудың «Үміт» сыйлығының иегері, Москва қаласында өткен  Лемешеев атындағы халқаралық байқаудың бас жүлде иегері басқа да республикалық, облыстық байқаулардың жүлдегері Астана қаласындағы Қазақ ұлттық Өнер Университетінің студенті Хайрулла Айбек, республикалық, облыстық  байқаулардың жүлдегерлері ән жанры бойынша Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясы, Музыка өнер факультеті «Халық аспаптар»  бөлімінің 2-курс студенті  Гүлзат Мирамбек және Айгерім Сапабек, Рахат Ғабитұлы, Күнбай Ислам, көркемсөз жанры бойынша Диана Байхожаева, Жансезім Ерқасым, Нұрай Рахматулла, қолөнер жанры бойынша Есбол Айым, Әли Нұрдәулет, жыр терме жанры бойынша Аян Шуақбай, Нұрислам Қожан, Інжу Сайдулла сынды тағы басқа да өнерпаздар  ауыл мақтанышына айналған.

Ал аядай ғана ауылдан шыққан осындай таланттарды киелі шаңырақта баптап, бабына келтіріп, өнер майданына қосып жүрген мәдениет үйінің басшысы Г.Ильясова да салада жүрген жылдары еселі еңбек етіп, лайықты бағасын алған. Қызылорда облыстық мәдениет басқармасының «Үздік кәсіпорын басшысы», «Мәдениет майталманы» номинациясымен, «Еңбек даңқы» медалімен, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің, аудан, ауыл әкімдерінің алғыс хаттарымен марапатталды. Сонымен бірге ауылдағы мәдениет үйінің талай жетістікке жетіп, әр істің нәтижелі болуына және шәкірттердің байқауларда жұлдызы жанып, үздік атануына күнімен-түнімен тер төгетін үйірме жетекшілерінің де бағындырған биіктері аз емес. Мәдениет үйі басшысы әңгіме барысында әр үйірменің, ондағы шәкірттердің лайықты әрі сапалы білім алуына, әр баланың жеке тұлғалық қыры ашылып, табиғи талантының, ерекшелігінің одан ары дамуына, шығармашылық жұмыстарының жандануына бірден-бір себепкер осы ұжым мүшелері екенін жеткізді. Мәселен әркез ізденіс үстінде жүретін Ф.Сәрсенбай «Үздік әдіскер-2014» аудандық байқауынан бас жүлде, облыстық «Үздік әдіскер» байқауынан III орынды иеленсе, «Үздік әдістемелік бұрыш» облыстық байқау көрмесінде де III орын алыпты. Қызылорда облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының, аудан, ауыл әкімінің алғыс хаттарымен марапатталған. Ал Н.Есқалиева үйірме жұмыстарына басшылық жасап, оқушылардың мәдени шараларға қатысуына ықпал етіп отырады. Жастарға бағыт-бағдар беріп, еңбек тәжірибесімен де бөлісіп жүрген білікті мамандардың қатарында. Әсіресе мәдени шаралардың өз деңгейінде өтуіне үлкен жауапкершілікпен қарайтынын байқадық. Бұл кісі де бірнеше мәрте марапат төрінен көрініпті. Үйірме жетекшісі Л.Серикбаева тақырыпқа сай сахна прологтарында рөлдерді сомдайды. Ауданда өткізілген спорттық және қоғамдық шараларға да белсене араласып, ауыл арасында ғана емес, аудан орталығында да кәсібилігін дәлелдеп жүр.

Осындай өнер тарландары  шыққан ауылдан жас дарындарды шыңдап баулу, халыққа таныту, шығармашылығын арттыруды басты назарға алған ұжымның жұмысына риза болып, алдағы жоспарларына сәттілік тіледік. Тасадағы таланттарды тәрбиелейтін осындай рухани орданың сала дамуына қосар үлесі де зор деп есептейміз. Сонау қазақ мәдениетінен бастау алған ұлттық өнер түрлерін бала бойына сіңіріп, мәдениет пен өнер жолына қанат қақтыру, алтын асықтай алғырларды, зейінді зеректерді, таланты мен талабы бір арнада тоғысқан арманшыл жастарды біліммен сусындату болашақтың кілтін ұстар тұлғаларды қалыптастыру деген сөз.

Н.АЛМАСҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: