Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-5°C

, Сенбі, 07 желтоқсан, 20:32

Мал баққанға бітеді

10.12.2022

330

0

Төрт түлік мал қашаннан қазақтың тұрмысындағы ажырамас кәсіп. Кәсіпкерлер көшпелі қазақ тұрмысынан бастап күні бүгінге дейін жалғасқан ата кәсіптің бұл түрінің көкжиегін кеңейтуде. Ата-бабамыз төрт түлікті қастерлегені сонша жайлаудан күзеуге, одан қыстауға көшіп, малдың қоңды, төлді болуына жағдай жасаған. Ауыл шаруашылығының бір саласы мал басын көбейту, ірілендіру мен асылдандыру саланың дамуына айтарлықтай үлес қосуда. Ендеше саладағы өзгерістер мен жетістіктерге шолу жасасақ.

Қуантарлығы, облыс бойынша егілетін күріштің үштен біріне жуығын өндіретін Жалағашта мал шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. Өйткені «Мал баққанға бітетінін» түсінген жалағаштық кәсіпкерлер мал басын арттыру мақсатында мемлекет ұсынған бағдарламалардың тиімді тетігін тауып, кәсібін дөңгелентіп отыр. Осының нәтижесінде мал шаруашылығы өнімі де артты, шаруа қожалықтарының шаруасы да ширады. Мал шаруашылығымен айналысамын, мал басын асылдандырып, төрт түлік түрлерін түрлендіремін деушілердің қатары жылдан жылға артса, бұған себеп шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған шаралардың жемісі деп білеміз. Ал ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, биылғы жылғы мал басын арттыру жұмыстары барлық түлік түрлері бойынша өткен жылмен салыстырғанда жүз пайыздан аса орындалыпты.

Бүгінгі таңда аудан көлемінде барлығы 38 206 бас мүйізді ірі қара, 43 299 бас  уақ мал,  22 502 жылқы,  733 бас түйе,  115 бас шошқа, 10 611 бас құс өсірілуде. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда мүйізді ірі қара 104,0 пайыз, жылқы 137,9 пайыз, түйе 102,5 пайыз, уақ мал 100,4 пайыз, құс 102,6 пайыз орындалған. Ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда аудан бойынша 136 шаруашылық мал өсірумен айналысуда. Оның ішінде тікелей сыбаға бағдарламасымен 116 шаруашылық кәсібін дөңгелентіп отыр. Өңірдегі асыл тұқымды малдың үлес салмағы 2,0 пайызға жеткен.

Айта кетейік, бұған дейінгі аудан бойынша МІҚ 114,4, жылқы 107,6, түйе 111,5, қой-ешкі 96,0, шошқа 100,9, үй құстары 103,4 пайыз көрсеткішті құраған. Өңірде 106 шаруашылық мал шаруашылығымен айналысса, оның 88-і «Сыбаға» бағдарламасы аясында жұмыс істеуде. Аудан көлеміндегі асыл тұқымды МІҚ малының үлес салмағы 2,0, жылқы 0,16, қой 24 пайызға  жеткен. Мал шаруашылығымен, оның ішінде асыл тұқымды түлік түрін көбейту, экспорттаумен айналысып жатқан кәсіпкерлер туралы ақпараттан хабардар еткен аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі өткен  жылы 265 бас  импорттық мүйізді ірі қара малын сатып алуға «Агронесие корпорациясы» АҚ-нан несиеге 200 млн теңге қаржы бөлінгенін жеткізді. Бұдан бөлек, Қаракеткен  ауылының «Жанель» шаруа қожалығы «Ауыл КТ» серіктестігі ЖШС-нан 37,5 млн теңге несие алып, 780 бас қой және шаруашылыққа қажетті трактор сатып алып, қазіргі таңда шаруашылық жұмысы ширап тұр.

Жалпы, сала дамуының күретамыры мал басын асылдандыру – маңызды бағыт. Асыл тұқымды ірі қара малына күтім жасау, бабына қарай бағу, одан нәтиже шығарып, басын көбейту, экспорттау жұмысын жолға қою нағыз маманның ісі деуіміз керек. Әрине кәсіпкерлерге қолға алған ісін жалғастыруға, мемлекеттен демеу болмаса қиын. Бірақ қазір бұл салаға қолдау көп. Арнайы бағдарламалар да іске қосылған. Әсіресе ауыл шаруашылығымен айналысам деушілерге өте тиімді «Сыбаға» бағдарламасы  аясында 25 шаруашылық 76 бас асыл тұқымды  бұқа сатып алған. Нәтижесінде өңірде 3 шаруашылық асыл тұқымды МІҚ малын өсірумен айналысады. Атап айтар болсақ, «Бақдаулет-57» ФҚ, «Адал» ЖК, «Қиясов Еркебұлан» ФҚ.  Бұдан бөлек «Бақдаулет-57» ШҚ, «Туған жер» ШҚ ет бағытындағы асыл тұқымды қой өсіруді кәсіп қылып отыр. Осы тұста Аққұм ауылдық «Бақдаулет-57» ШҚ асыл тұқымды түлік түрлерін көбейтудегі жемісті жұмысын атап өтуге болады. Шаруашылық 2017 жылы ет бағытындағы «Қазақтың ақбас» асыл тұқымды шаруашылық статусын алған.  Шаруашылықта жүздеген бас асыл тұқымды қазақтың ақбас сиыры, асыл тұқымды «Қазақтың ірі қылшық жүнді құйрықты қойы», жылқы мен түйе малы өсірілуде.

Өткен жылы он беске жуық бас асыл тұқымды бұқаны  бағдарлама аясында жұмыс істеп тұрған басқа да шаруашылықтарға сатып, ерекше тұқымды МІҚ өсіретіндер қатарын арттырса, биылғы жылы да мал басын асылдандыру жұмыстарын ширатты. Алты бас бұқа Жалағаш  ауданы, алты басы Сырдария ауданының шаруашылықтарына сатылған екен. Аталған шаруа қожалығының бірден-бір жетістігі – бұған дейін 127 бас асыл тұқымды қойды Иран Республикасына экспорттап, аудандағы мал шаруашылығының серпін алуына септігін тигізді. Алдағы уақытта да маңдай тер, еткен еңбек оң нәтижеге бастап, сырт елдерге экспортталатын мал басының саны өседі деп ойлаймыз. Халқымыздың ата кәсібі – мал шаруашылығы болса жоғарыдағы сандар бүгінгі күннің шаруашылықтарының атакәсіпті жалғап отырғандарының дәлелі болмақ. Біздің ауданда да мал шаруашылығы жылдан-жылға өркен жайып келеді. Ауыл халқын айтпағанда, қазірде қалалықтардың өзі ауылға келіп, мал ұстап, басын көбейтуге ынталы. Бұл орайда талап қылғандарға мемлекеттен жан-жақты қолдау бар. Сол мүмкіндікті тиімді пайдаланып отырғандардың қатары артып келе жатқаны қуантады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: