Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

6°C

, Сейсенбі, 15 қазан, 17:11

«Масс-медиа» сала жұмысына серпін бере ме?

30.04.2024

733

0

Елімізде төтенше жағдай басталғаннан бері 29 жалған ақпарат таралған. Мәжіліс депутаттарының айтуынша, 40 адамға ескерту беріліп, 15 адамға 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынған. Сонымен қатар су тасқынынан зардап шеккендерге көмек сұраған 50-ге жуық жалған хабарландыру анықталған. Жалған ақпаратқа тосқауыл жасау мақсатында қабылданған «Масс-медиа» туралы заң БАҚ жұмысына қалай әсер етеді? Жаңа заң ресми ақпаратты жылдам алып, жалған ақпаратқа төтеп бере ала ма? Бүгінгі мақаламызда осындай сауалдарға жауап іздедік.

Жалпы елімізде жалған ақпарат тарату фактілері жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2021 жылы 4,8 мың факт анықталса, 2022 жылы 5,5 мыңға дейін өскен. Былтыр бұл көрсеткіш 5,3 мыңға жетті. Сонымен қатар жалған ақпарат таратуға байланысты 2021 жылы 23, 2022 жылы 37, 2023 жылы 53 қылмыстық іс қозғалған.
Ал елімізде бір ай бұ­рын бірқатар аймақта жарияланған төтенше жағдай кезін­де тараған жалған ақпараттарға тоқ­талсақ, ең көп тараған ақпараттар қатарына бөгеттердің бұзылуы, рес­пуб­ликалық маңызы бар жолдарды су басуы, су қоймаларындағы электр станцияларындағы және басқа да стратегиялық нысандардағы апаттар, ауыз судың ластануы, эвакуациялау орындары, қаражат жинау сияқты оқиғалар жатады.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның айтуынша, жалған ақпараттар құтқарушылар жұмыс­ына кедергі келтірген. Мұндай ха­барламалар көбінесе мессенджерлер ар­қылы таралады. Меніңше, жал­ған ақпараттар таралуының басты себебі ресми ақпараттардың кеш жеткізілуі болуы бек мүмкін. Бұл тұрғыда журналистер қа­уымы да ресми хатқа ресми жа­уап беру мер­зімін 7 күннен 3 күнге қысқартуды сұраған.
17 сәуір күні Мәжіліс депутаттары «Масс-медиа» туралы заң жо­ба­сын екінші оқылымда мақұлдап, Се­натқа жолдаған. Қуантарлығы, жур­на­листердің мәртебесін арттыру құ­­қық­­тарын нығайту, міндеттерін қайта қа­рау және журналистердің артық­шылықтарын кеңейтуге бағытталған нақты ұсыныстар бар. Бірақ демо­кра­тиялық принциптерге қайшы, журна­лис­терді алалау, жан-жақты ақпарат таратуға кедергі келтіретін нормалары да жоқ емес.
– 2023 жылы 31 мамырда қа­был­данған «Масс-медиа» заңына биыл өзгерістер мен түзетулер енгі­зілді. Осы уақытқа дейін даулы бол­ған ол «Пресс карта» мәселесі бол­ған. Соңғы өзгерістер нәтижесінде бас­пасөз карточкалары туралы норма толығымен алынып тасталды. Соны­мен қатар журналистердің ресми хат­тарына жауап беру мерзімі 7 күннен 5 күнге дейін қысқартылды. Ал төтенше жағдайлар кезінде 3 са­ғат ішінде жауап берілетін болды. СІМ «ұлт­тық қауіпсіздікке қатер төнген жағдайда» шетелдік БАҚ-ты аккре­дит­теуден бас тарта алады және бар­лық сайт интернет басылым болып есеп­теледі. Міне, соңғы заң бойынша журналистердің дәрежесін көтеру үшін осындай өзгерістер енгізілді, – дейді ҚР МАМ БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Қайнар Ахетов.
Жалпы заң жобасының кейбір тар­мақтары арқылы БАҚ-тың жұмысы жеңілдейді. Алайда заңға енгізілген жур­налистердің кейбір құқықтары тіл­шілер қауымын қуантса, кейбір тар­мақтарына күмәнмен қарадық. Мә­­­селен, ресми ақпараттарды алу мер­­зімін 3 күнге қысқартуға ұсынған жур­­налистердің ұсынысы толық қа­нағаттандырылмады. Яғни 5 күнге ғана қысқартуға шешім қабылданған. Бұл елімізде жалған ақпа­раттардың таралуын тежеуге төтеп бере алмайды. Себебі бәрімізге айқын, 5 күн ресми ақпаратты күтеміз деп жүргенде халық арасында жалған ақпараттар тарап үлгереді. Бұлай сенімді айтуымызға не себеп? Өйткені жалған ақпараттардың таралуына басты себеп уақытты ұтым­ды пайдаланбау екенін құқық қор­­ғау органдарының өкілдері де қош­тады.
– Әрине, біз БАҚ-та жарық көрген мемлекеттік тапсырыспен жазылған материалдардың таңбаланғанын, БАҚ меншік иесінің, яғни құрылтайшының редакцияның ішкі жұмысына арала­суына тыйым салатын баптардың енгі­зілгенін қалар едік. Өкінішке қа­рай заң жобасында ондай норма ен­гізілмеді. Себебі жұмыс тобының 110 мүшесі болса, соның жиырма екісі, яғни Мәжіліс депутаттары ғана дауыс беру құқығына ие. Сондықтан қандай ұсыныс айтылса да 22 адамның да­уысы шешті, – дейді медиа-сарапшы Қалима Бұқарқызы.
Иә, заңға өзгерістер әлі де енгізілуі мүмкін. Бастысы, аталған қоғамдық-кәсіптік кеңестер журналистика мен жур­налистердің нағыз жанашыры бо­луы және ақпаратты тыңдаушы ха­лық үшін де ресми ақпараттың жетуі секілді маңызды мәселелер шешімін табады деп сенеміз. Ал халықты тек ресми ақпараттарға сенуге және әсіресе тө­тенше жағдай кезінде жалған ақ­парат таратпауға шақырамыз.

Ақнұр АЛТЫНБЕК

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: