Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

21°C

, Жұма, 26 сәуiр, 12:28

Мемлекет беделіне нұқсан келтіретін дерт

27.02.2023

380

0

Сыбайлас жемқорлық – заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерге тамырын жайып, бүгінгі күнге дейін жойылмай отырған кеселдің бірі. Бұл кесел дамушы елдердегідей біздің жас мемлекетімізге де орасан зор нұқсан келтіріп отыр.

Еліміз тәуелсіздік алғалы бері жемқорлықпен күресіп келеді. Жемқорлыққа күрес қанша күшейсе де, қауіпті кеселдің салқыны қоғамда әлі де сезіледі. Таяуда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі жемқорлықты түбегейлі жою мәселесіне ерекше назар аударып, барлық мемлекеттік органдарға сыбайлас жемқорлықпен күресті одан әрі күшейту жөнінде талап қойды. Мұндайда халқымыз «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді. Сондықтан қауіпті індетті жеңуге қоғам болып атсалысқан абзал.

Сыбайлас жемқорлықтың басты көріністері – қызмет өкілеттігін теріс пайдалану, билікті не қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану, пара алу, пара беру, парақорлыққа делдал болу, қызметтік жалғандық жасау. Яғни, негізінен лауазымды қылмыстар. Осындай қылмыстардың барлығы жемқорлық сыбайластық байланыстарды пайдалану арқылы жасалады. Кез келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес – ең өзекті мәселелердің бірі. Сыбайлас жемқорлық мемлекетті ішінен жоюдың бастамасы мен жетістіктерді жоққа шығаратын, ұлттық қауіпсіздікке қауіп-қатер әкелетіндігі күмәнсіз.

 Сондықтан да Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының негізгі басымдылықтарының бірі – осы зұлымдықпен күресу. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру керектігінің маңызы зор.

ҚР Қылмыстық кодексінің өкілеттіктерді теріс пайдалану (228-бап), коммерциялық сатып алу (231-бап), қызмет өкілеттігін теріс пайдалану (307-бап), билікті немесе қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану (308-бап), пара алу (311-бап), қылмыстық жалғандық жасау (314-бап) туралы лауазымдық қылмыс нормалары ең алдымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес нормалары болып табылады. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық, тәртіптік, әкімшілік жауапкершілікті реттейтін арнайы нормативтік-құқықтық актілер де қабылданды. Оларға «Мемлекеттік қызмет туралы» және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» ҚР заңдары жатады. Сонымен қатар осы саладағы ынтымақтастық туралы халықаралық актілер де бар.

Бұл кеселдің әлеуметтік құбылыс екені әу бастан-ақ белгілі болды. Үлкен әлеуметтік қасірет болып табылатын сыбайлас жемқорлық әлемдегі барлық елдердің қай-қайсысын да қатты алаңдататыны анық. Еліміз ТМД мемлекеттерінің арасында бірінші болып арнайы заң қабылдады. Кейіннен бұл саладағы ұлттық заңнаманы жетілдіру барысында Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы, Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенцияларын және басқа да жалпы жұрт таныған халықаралық актілерді ратификациялап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы бүкіләлемдік қоғамдастықтың тең мүшесіне айналды.

Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресу мемлекеттік саясаттағы негізгі басымдықтың бірі екенін ұдайы айтып келеді. Президенттің пікірінше, заң үстемдігін орнатып, нағыз құқықтық мемлекет құру үшін, ең алдымен, жемқорлықтың тамырына балта шабу керекпіз. Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің тапсырмасы бойынша әзірленген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының жобасын бекітетінін мәлімдеді. Түпкі мақсат – сыбайлас жемқорлықтан таза қоғам қалыптастыру.

Жалпы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл негізінде қоғамдағы парасаттылық идеологиясының да алар орны ерекше. Өйткені парасаттылық – әділдік, заңдылық, сатылмайтындық, адалдық сияқты құндылықтарды біріктіретін кешенді ұғым. Парасаттылық жүйесі мемлекеттік аппарат қызметінің ашықтығын, айқындығын көздейді. Парасатты қоғамда сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік әрбір адамның ішкі нанымына, ойлауы мен мінез-құлқының негізіне айналады. Ал парасаттылық жүйесін қалыптастыру кезінде мемлекет пен азаматтардың серіктестігі, олардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда күш-жігерін біріктіру, қоғамның осы жұмысқа барынша тартылуын қамтамасыз ету түпкілікті маңызды рөл атқарады. Аталған тәсіл қоғамдық бақылауды іске асыру тетіктерін кеңейтуді көздейді, ол қоғамдық кеңестердің қызметімен ғана шектелмеуі тиіс.

Сонымен қатар азаматтық қоғам институттарының өзара іс-қимылының басқа да практикалық тетіктерін және ең алдымен, мемлекеттік аппарат жұмысының сапасы мен қызметінің айқындығын арттыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл сияқты бағыттар бойынша заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету қажет. Жұртшылықтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы рөлін күшейту және қоғамдық бақылауды кеңінен қамтамасыз ету қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті арттыруды талап етеді. Мұнда жас ұрпақты сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол беруге мүмкіндік бермейтін жаңа көзқараспен және өмірлік қағидаттармен өсіру шешуші рөл атқарады.

Қауіпті кеселмен күрес бағытында біздің басты мақсатымыз – азаматтардың сот жүйесіне деген сенімін арттыру. Жалпы, мемлекетке деген сенім де осыған байланысты. Сондықтан бізге жүктелген жауапкершіліктің жүгі зор. Сенім – қолжетімді сот төрелігі, судьяның беделі, ұғынықты, негізделген шешімі арқылы қалыптасады. Халықаралық ұйымдардың бағалауынша, дамыған елдермен салыстырғанда біздің соттарымыз неғұрлым қолжетімді. Баж салығының көлемі аса көп емес, істер тез қаралады. Бұрын істің түпкілікті нүктесін қоюға 2,5 жылға жуық уақыт кететін. Қазір бұл мерзім бір жылдан аспайды. Сонымен бірге сот органдарында барлық судьялардың мəртебесі бірдей, олар тек өзара өкілеттіліктері бойынша ғана ерекшеленеді.

Халық өзінің құқықтарын, өздеріне қарсы қандай да бір заңға қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қандай іс-қимыл қолдану керектігінің нақты жолдарын толық білулері қажет. Конституциялық тәртіпті қорғау, сыбайлас жемқорлықпен күрес аясында тиімді, бірыңғай жалпы мемлекеттік саясат жүргізу, мемлекет пен азаматтардың өмір сүруінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық пен оның көріністері деңгейін төмендету бүгінгі күндегі – басты мақсат. Сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізу – мемлекеттік органдардың, мемлекеттік қызметкерлердің, тұтастай қоғамның басты міндеті және борышы. Осы кеселді жоюға арналған заң талаптарының орындалуына атсалысайық!

Жеңісбек ҚОҢЫРБАЕВ,

Жалағаш аудандық соттың бас маман-аға сот приставы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: