ҚР Туризм және спорт министрлігі жанындағы мемлекеттік қызметшілердің, әскери қызметшілердің, құқық қорғау және арнаулы органдар қызметкерлеріне құмар ойындарға және бәс тігуге тыйым салуды енгізу туралы петицияны қарау бойынша жұмыс тобының бірінші отырысы өтті, деп жазады Egemen.kz аталған ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шараға жұмыс тобының мүшелері, атап айтақанда: петиция авторы, «Әділдік жолы» басшысы Дидар Смағұлов, Парламент депутаттары, азаматтық белсенділер, мүдделі мемлекеттік органдар мен ойын бизнесінің өкілдері қатысты.
Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев отырысты ашып, петицияға 50 мың адам қол қойғанын және Кодекске сәйкес Министрлік 40 күн ішінде шешім қабылдауы тиіс екенін айтты. Министрлік ойын бизнесі саласындағы мемлекеттік бақылауды күшейту және мемлекеттік аппаратта қоса алғанда, лудоманияның алдын алу жөніндегі жұмысты бастады.
Дидар Смағұлов лауазымды тұлғалардың құмар ойындарға қатысуына байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдері туралы алаңдаушылық білдірді.
«Бұл петиция құмар ойындар келтіретін зиянды азайту үшін қажет, ел бюджетін басқаратындар казинода жүрмеуі керек. Себебі казино – үлкен сыбайлас жемқорлық тәуекелі. Әрине, ешкім ойын ашық айта алмайды, бірақ жиналыстарда бастаманы қайта қарау керек екендігі жиі айтылып жатыр», деп атап өтті азаматтық белсенді Дидар Смағұлов.
Парламент Мәжілісінің депутаты Е.Бейсенбаев жұмыс тобымен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болдырмау мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы», оның ішінде құмар ойындарға және шенеуніктердің, әскерилердің және полицейлердің бәс тігуіне қатысуын шектеуге арналған Заң жобасының тармақтарымен бөлісті.
«Бұл бастаманы тарихи оқиға деп атауға болады. Құмар ойындардың мемлекеттік қызметшілер мен құқық қорғау органдарына, оның ішінде ұлттық қауіпсіздік өкілдерінің психикасына қауіп төндіретінін ескере отырып, біз Мәжіліс өкілдерінің атынан петицияға қолдау білдіреміз. Бұған қоғамның назар аударып жатқаны да қуантады», деп ойын жеткізді спикер.
Сондай-ақ мәжілісмен петиция мұндай шектеуге қарсы лоббистердің қарсылығын жеңуге көмектесті деп мәлімдеді.
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттіктерінің өкілдері мемлекеттік органдар қызметкерлерінің құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуын бақылау тетіктері туралы айтып берді.
Жиын қорытындысы бойынша министрлік шешімінің жобасына бірқатар ұсыныс айтылды.
Шешім жобасы жұмыс тобының екінші отырысында қарастырылады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!