Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

22°C

, Сенбі, 27 шiлде, 06:17

Мерейлі отбасы-2023: Жеңімпаздар марапатталды

16.07.2023

436

0

Елімізде ырысы мен ынтымағы жарасып, бірлігімен көпшілікке үлгі болған жанұяларды дәріптеу мақсатында жыл сайын «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы ұйымдастырылып келеді. Әр жылы жоғары дәрежеде өтетін байқау биыл да жалғасын тапты. Расымен, отбасы құндылығын ұлықтап, салт-дәстүрлерімізді дәріптейтін, көптің алдында тек өнегелі өмір жолдарымен үлгі бола білген аудандағы мерейлі отбасылардың қатары жыл санап артып келеді. Биыл «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына қатысқан үлгілі отбасылардың қатары тағы да толықты. Апта басында аталған байқаудың аудандық кезеңі өз мәресіне жетіп, жеңімпаз отбасылар марапат төрінен көрінді.

Орталық алаңда өткен салтанатты шара барысында «Мерейлі отбасы – 2023» ұлттық конкурсының аудандық кезеңінің жеңімпаздары мен облыстық «Үлгілі елді мекен» конкурсының жеңім­паздары марапатталды. Осы күн­ге дейін мерейі асқан отбасыларды на­сихаттауға арналған байқауға 90-ға жуық отбасы өтінім берген. Соның 22-сі облыстық кезеңге жолдама ал­ған. Өмірлері өнегемен өрілген от­ба­сылар құрмет төрінен көрінген шарада аудан әкімі Асқарбек Есжанов отбасы құндылықтарын насихаттауда аталған байқаудың маңызы зор екенін жеткізді.

– Біз – ата-анасын ардақтап, қа­рия­сын құрметтей білетін, отбасын Отанның тірегіне санайтын елдің ұрпағымыз. «Мерейлі отбасы» ұлттық бай­қауы­ның аудандық кезеңінде бел­сен­ділік танытып, қатысқан әр от­басыға шынайы алғысымды айта­мын. Баршаңызды бүгінгі мерейлі мере­кемен тағы да құттықтай оты­рып, әр шаңыраққа шаттық, бақ-береке тілей­мін, – деген аудан әкімі.

Мұнан соң жеңім­паз атанған от­ба­сыларға бағалы сыйлықтар мен ар­найы дипломдар табыстады.
«Мерейлі отбасы» ұлттық конкур­сының аудандық іріктеу кезеңінің қо­ры­тындысы бойынша бас жүлдені Жаңадария ауылындағы бірлігі мен берекесі жарасқан Тұрсынбековтер от­басы иеленді. Мерейлі отбасының ақсақалы Күмісбай Тұрсынбеков өзі­нің саналы ғұмырында елге қыз­мет етіп, «ССР ауыл шаруашылық ми­нистрлігінің төсбелгісімен, Құрмет гра­моталарымен марапатталған. Өмірлік жары Бақтыгүл Ақпанбетова да 8 бала дүниеге әкелген «Алтын алқа» иегері, 23 немере, 3 шөбере өрбіткен өнегелі әулет. Ал мерейлі отбасылардың кон­курсында жалағаштық Ералиевтер әу­леті жүлделі І орын, Жалағаш кен­тінен қатысушы Ержановтар әулеті ІІ орын, ал ақсулық Алдабергеновтер отбасы жүлделі ІІІ орын алды.

Ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып қағи­даларын ұстана отырып, өнегелі құндылықтарды, елжандылық қасиет­терді балаларының бойына дарытып келе жатқан бұл шаңырақ иелері бұған дейінгі жеңімпаз отбасылардың қа­тарын толықтырды. Ал бас жүлде ие­гері атанған Тұрсынбековтер отба­сы байқаудың облыстық кезеңіне жол­дама алды. Сонымен бірге сал­та­натты шарада байқауда белсен­ділік көрсеткен, ұлттық құндылық пен мол мұраларымызды, дәстүр жал­­ғастығымыздың желісін үзбей келе жатқан отбасылар арнайы но­ми­на­циялармен марапатталды. Олардың қатарында «Өнегелі отбасы» Мыр­забай ахун ауылынан Әлімбаев­тар әулеті, «Ұлағатты отбасы» Еңбек ауылынан Өржановтар жанұясы, «Па­­расатты отбасы» Бұқарбай ба­тыр ауылынан Сайділдаевтар әу­леті, «Үлгілі отбасы» мырзабайлық Осмахановтар жанұясы, «Берекелі отбасы» М.Шәменов ауы­лынан Ақ­мыр­заевтар әулеті бар.

Мерекелік шара мұнан ары об­лыс­тық «Үлгілі елді мекен» кон­кур­сы­ның жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне ұласты. Айта кетейік, аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың қол­да­уымен өткізілген облыстық «Үл­гілі елді мекен» конкурсында «Үздік ауыл» номинациясы бойынша ІІ орынды Таң ауылы иеленген бо­ла­тын. Облыс бойын­ша үлгілі ауыл атанған, тірлікпен түлеген Таң ауы­лының арнайы жүлдесін та­быс­­та­ған аудан басшысы Асқарбек Темір­­бек­ұлы Отанды сүю отбасынан бас­­­талатынын, ауланың тазалығы ауыл­дың, ауданның тазалығы екенін жасыр­мады.

Үздік үштіктен көрінген Таң ауылы­ның жүлдесі жаңа жер қазатын трактор және тіркемесі. Осы тұста айта кету керек, Таңда анау айтарлықтай мәсе­ленің жоқтығын кіре­берістен-ақ бірден аңғаруға бо­лады. Мұнтаздай таза көшелер мен жасыл-желектің, түрлі-түсті заманауи үлгімен салынған қоғам­дық маңызы бар нысандардың ауыл ажарын арттырып тұрғаны тағы бар. Осындай игі іс пен ауылдың түлеуіне күш салып келе жатқан «Таң ЛТД» ЖШС мен ауыл әкімінің іскерлігін көпке үлгі қылуға әбден болады.

Сонымен бірге орталық алаңда өткен салтанатты шарада кент және ауыл­дық округтердегі санитарлық та­за­лықты сақтап, көркейту-көгал­дан­дыру мен абаттандыру жұмысына бел­сенділік танытып, өз ауласын, көшесін гүлге көмкерген белсенді тұрғындар, жауапты мамандар да алғыстан құр алақан қалмады. Ісімен көпке үлгі бола білген азаматтар облыс, аудан әкі­мінің алғыс хаттарымен мара­патталды.

Айта кетейік, сонау 2014 жылдан бері дәстүрлі түрде жалғасын тауып келе жатқан «Мерейлі отбасы» ұлт­тық конкурсының облыстық іріктеу ке­зеңінің қорытындысы бойынша 2016 жылы Мәдениет ауылынан Мұста­фаевтар отбасы І орын, Жалағаш кен­тінен Сүлейменовтер отбасы ІІ орын, 2017 жылы Аққыр ауылынан Ға­ниевтар отбасы І дәрежелі дип­лом­мен марапатталып, «Мерейлі от­басы» ұлттық байқауының Астана қаласында өткізілетін республикалық кезеңіне жолдама алса, Бұқарбай батыр ауылынан Нұрмағанбетовтер отбасы ІІІ орын иеленген еді. Сондай-ақ 2018 жылы Мәдениет ауылынан Тоқсановтар отбасы ІІ орынмен, 2019 жылы Бұқарбай батыр ауылынан Сә­меновтер отбасы «Парасатты от­басы» номинациясымен, 2021 жылы Аққұм ауылынан Шуақбаевтар отбасы ІІІ орынмен, 2022 жылы Аққыр ауылынан Маштаевтар отбасы ІІІ орынмен, Еңбек ауылынан Бекниязовтар отбасы «Бе­рекелі отбасы» номинациясымен ма­рапатталып, құрмет төрінен көрін­ген болатын.

Жалағаштықтарға арналған салта­нат­ты шара мұнан ары концерттік бағ­дарламаға ұласты.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: