Есігімізден ұлу жылы кіргеннен қазақстандықтарды Үкіметтің мобильді төлемдер мен аударымдарды бақылауға алатыны алаңдатып отыр. Екінің бірінің ауызында «KaspiGold қосымшасы арқылы ақша аударуға болмайды» немесе «Тек қолма-қол ақша айналымда жүреді» деген қауесет жүр. Иә, электронды ақшаны қолданып қалған тұрғындар алдағы уақытта сауда жасауының, жалпы жүріп-тұруының едәуір қиындайтынына алаңдаулы. Өйткені 1 қаңтардан бастап ай сайын 100 түрлі тұлғадан мобильді аударым алған азаматтар бақылауға алынады.
Кімдер бақылауға
алынады?
Қазақстан Конституциясына сәйкес салық төлеу – әркімнің міндеті. Салық органдары заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығару мақсатында тиісті бақылау жүргізеді. Биылдан бастап банк ұйымдары жеке кәсіпкерлердің мобильді аударымдары бойынша деректерді береді. Күнтізбелік үш ай қатарынан ай сайын 100 түрлі тұлғадан мобильді аударымдар алған азаматтар бақылауға алынады.
Бақылау-касса машиналарын қолдануды жеңілдету үшін 2022 жылдан бастап БКМ функцияларын екінші деңгейдегі банктердің POS-терминалдарымен біріктіру бойынша қанатқақты жоба жүргізілген. Бұл БКМ мен POS-терминалдың бір чегін беруге мүмкіндік береді. Аталған жобаға қатысып жатқан банктер – «Каспий банк» АҚ, «Халық банк» АҚ және «Банк ЦентрКредит» АҚ.
Сонымен қатар БКМ чектерін бермеу фактілерін анықтау бойынша «Азаматтық бақылау – Чекті талап ет» акциясы да қолға алынды. Анықталған бұзушылықтар туралы «Wipon cashback» тегін мобильді қосымшасы арқылы хабарлауға болады.
Қаржы министрлігінің мәлімдеуінше, жоғарыда аталған өзгерістер адал салық төлеушілерге әсер етпейді және тек заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығаруға бағытталған. Яғни жеке тұлғалар бұрынғыдай өздерінің жеке мақсаттары үшін туыстарына, достарына, ата-аналары мен балаларына және басқа да өмірлік жағдайларға арналған аударымдарды жасай алады және қабылдай алады.
Олар қалай анықталады?
Кейбір қазақстандықтар кәсіпкерлік қызметтен жеке тұлғалардың шоттарына түскен мобильді ақша аударымдары мен кәсіпкерлік қызметтен түскен кірісті жосықсыз жасырады екен. Яғни төлем қабылдағаны туралы түбіртек бермей кәсіпкерлікпен айналысады.
Ал енді мемлекеттік органдарға кімнің деректері беріледі деген сұраққа тоқталсақ, 2023 жылы 1 қаңтардан бастап екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне кәсіпкерлік қызметтен кіріс алу белгілері бар тұлғалар туралы мәліметтерді береді.
Бұл ретте олар жеке сәйкестендіру нөмірлерін (ЖСН) жібереді, оған жоғарыда аталған критерийлерге сәйкес келетін тұлғалар ғана жатады, яғни үш ай қатарынан әртүрлі жіберушілерден жүз және одан да көп ұялы аударымдар алған азаматтар.
Бақылау қалай жүзеге асады?
Ақпарат жалпыға бірдей декларациялау кезеңдеріне сәйкес беріледі. Яғни 2023 жылы банктер 2022 жылы активтері мен міндеттемелері туралы декларация тапсырған мемлекеттік қызметкерлер, оларға теңестірілген тұлғалар және олардың жұбайлары туралы мәліметтерді мемлекеттік кірістер органдарына тапсырып қойды.
Ал 2024 жылдан бастап мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері мен олардың жұбайларының тізімдері қалыптасады. Осылайша биыл жалпыға бірдей декларацияның бірінші және екінші кезеңдерінің қатысушылары туралы 2023 жылғы ақпарат берілмек.
2025 жылдан бастап оларға жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалардың басшылары мен олардың жұбайлары, ал 2026 жылдан бастап 2025 жылдан декларация тапсыруға тиісті қалған қазақстандықтар қосылады.
Тұтастай алғанда бақылау салық төлеушілерге бұзушылықтарды өз бетінше жоюға, яғни жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге немесе аударымдар арқылы алынған кірістердің декларацияланбаған сомасын көрсететін қосымша декларация тапсыруға мүмкіндік беруге бағытталған.
Олар бұзушылықтармен келіспеген жағдайда растайтын құжаттарды қоса бере отырып, олардың жоқтығы туралы түсініктеме беруге құқылы. Хабарлама орындалмаған жағдайда салықтық тексеру тағайындалады, оның барысында банктерден жеке тұлғаның шоты туралы толық ақпарат сұратылады және бұзушылықтардың бар немесе жоқтығы туралы нақты шешім қабылданады.
Табысын жасырғандарға
жаза қандай?
ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті жеке кәсіпкерлікті тіркеусіз жүзеге асырғаны үшін 15-тен 100 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу түрінде әкімшілік жауапкершілік көзделгенін атап өтеді. Биыл бұл сома 59 430 теңгеден 396 200 теңгеге дейін жетеді.
Сондай-ақ кірісті жасырғаны үшін төленбеген соманың 200 пайыз мөлшерінде айыппұл салынады. Бұзушылық қайталанған жағдайда 300 пайызға өседі. Ал чек бермегені үшін 15-тен 50 АЕК-ке дейін, яғни 198 100 теңге айыппұл белгіленеді.
Мемлекеттік кірістер органдары жоғарыдағы өзгерістердің адал салық төлеушілерге әсер етпейтінін және тек заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығаруға бағытталғанын баса айтты.
Иә, бұл әрекеттер мен заңнамалық өзгерістер ел әлеуетінің артуына оң әсерін тигізетін болса, халық қашанда қолдауға дайын. Ең бастысы, биыл сауда жасайтын төл теңгеміз тұрақталып, қазақстандықтардың табысы артса болғаны.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!