Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-0°C

, Жұма, 06 желтоқсан, 18:41

Мобильді аударым:
Кімдер салық төлейді?

04.01.2024

568

0

Есігімізден ұлу жылы кіргеннен қазақстандықтарды Үкіметтің мобильді төлемдер мен аударымдарды бақылауға алатыны алаңдатып отыр. Екінің бірінің ауызында «KaspiGold қосымшасы арқылы ақша аударуға болмайды» немесе «Тек қолма-қол ақша айналымда жүреді» деген қауесет жүр. Иә, электронды ақшаны қолданып қалған тұрғындар алдағы уақытта сауда жасауының, жалпы жүріп-тұруының едәуір қиындайтынына алаңдаулы. Өйткені 1 қаңтардан бастап ай сайын 100 түрлі тұлғадан мобильді аударым алған азаматтар бақылауға алынады.

Кімдер бақылауға
алынады?

Қазақстан Конституциясына сәйкес салық төлеу – әркімнің міндеті. Салық органдары заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығару мақсатында тиісті бақылау жүргізеді. Биылдан бастап банк ұйымдары жеке кәсіпкерлердің мо­бильді аударымдары бойынша де­ректерді береді. Күнтізбелік үш ай қа­та­рынан ай сайын 100 түрлі тұлғадан мобильді аударымдар алған азаматтар бақылауға алынады.

Бақылау-касса машиналарын қол­да­нуды жеңілдету үшін 2022 жылдан бастап БКМ функцияларын екінші дең­гейдегі банктердің POS-тер­ми­нал­да­рымен біріктіру бойынша қанат­қақты жоба жүргізілген. Бұл БКМ мен POS-тер­миналдың бір чегін беруге мүм­кіндік береді. Аталған жобаға қа­тысып жатқан банктер – «Каспий банк» АҚ, «Халық банк» АҚ және «Банк ЦентрКредит» АҚ.
Сонымен қатар БКМ чектерін бер­меу фактілерін анықтау бойынша «Аза­маттық бақылау – Чекті талап ет» акциясы да қолға алынды. Анықталған бұзушылықтар туралы «Wipon cashback» тегін мобильді қосымшасы ар­қылы хабарлауға болады.

Қаржы министрлігінің мәлімдеуінше, жоғарыда аталған өзгерістер адал салық төлеушілерге әсер етпейді және тек заңсыз кәсіпкерлік қызметті кө­лең­кеден шығаруға бағытталған. Яғни жеке тұлғалар бұрынғыдай өзде­рінің жеке мақсаттары үшін туыс­та­рына, достарына, ата-аналары мен ба­лаларына және басқа да өмірлік жағ­дайларға арналған аударымдарды жасай алады және қабылдай алады.

Олар қалай анықталады?

Кейбір қазақстандықтар кәсіпкерлік қызметтен жеке тұлғалардың шотта­рына түскен мобильді ақша ауда­рым­дары мен кәсіпкерлік қызметтен түскен кірісті жосықсыз жасырады екен. Яғни төлем қабылдағаны туралы түбіртек бермей кәсіпкерлікпен айналысады.

Ал енді мемлекеттік органдарға кім­нің деректері бе­ріледі деген сұраққа тоқталсақ, 2023 жылы 1 қаңтардан бас­тап екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер ко­митетіне кәсіпкерлік қызметтен кіріс алу белгілері бар тұлғалар туралы мә­лі­меттерді береді.

Бұл ретте олар жеке сәйкестендіру нөмірлерін (ЖСН) жібереді, оған жо­ғарыда аталған критерийлерге сәйкес келетін тұлғалар ғана жатады, яғни үш ай қатарынан әртүрлі жіберушілерден жүз және одан да көп ұялы аударымдар алған азаматтар.

Бақылау қалай жүзеге асады?

Ақпарат жалпыға бірдей декла­рациялау кезеңдеріне сәйкес беріледі. Яғни 2023 жылы банктер 2022 жылы активтері мен міндеттемелері туралы декларация тапсыр­ған мемлекеттік қыз­­меткерлер, оларға теңестірілген тұл­­ғалар және олардың жұбайлары ту­ралы мәліметтерді мемлекеттік кірістер органдарына тапсырып қойды.

Ал 2024 жылдан бастап мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері мен олардың жұбайларының тізімдері қа­лып­тасады. Осы­лайша биыл жалпыға бірдей декларацияның бірінші және екінші кезеңдерінің қатысушылары ту­ралы 2023 жылғы ақпа­рат берілмек.

2025 жылдан бастап оларға жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалардың бас­шылары мен олардың жұбайлары, ал 2026 жылдан бастап 2025 жылдан дек­ларация тапсыруға тиісті қалған қазақстандықтар қосылады.

Тұтастай алғанда бақылау салық төлеушілерге бұзу­шылықтарды өз бе­тінше жоюға, яғни жеке кәсіпкер ре­тінде тіркелуге немесе аударымдар арқылы алынған кірістердің деклара­ция­лан­баған сомасын көрсететін қосымша дек­ларация тапсыруға мүмкіндік бе­руге бағытталған.

Олар бұзушылықтармен келіспеген жағдайда рас­тайтын құжаттарды қоса бере отырып, олардың жоқ­тығы ту­ралы түсініктеме беруге құқылы. Ха­бар­лама орын­дал­маған жағдайда са­лықтық тексеру тағайын­да­лады, оның барысында банктерден жеке тұл­ға­ның шоты туралы толық ақпарат сұра­тылады және бұзу­шылықтардың бар немесе жоқтығы туралы нақты шешім қабылданады.

Табысын жасырғандарға
жаза қандай?

ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекет­тік кірістер комитеті жеке кәсіпкерлікті тіркеусіз жүзеге асырғаны үшін 15-тен 100 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу түрінде әкімшілік жауапкершілік көзделгенін атап өтеді. Биыл бұл сома 59 430 теңгеден 396 200 теңгеге дейін жетеді.

Сондай-ақ кірісті жасырғаны үшін төленбеген соманың 200 пайыз мөл­шерінде айыппұл салынады. Бұзу­шы­лық қайталанған жағдайда 300 пайызға өседі. Ал чек бер­мегені үшін 15-тен 50 АЕК-ке дейін, яғни 198 100 теңге айыппұл белгіленеді.

Мемлекеттік кірістер органдары жоғарыдағы өзгеріс­тер­дің адал салық төлеушілерге әсер етпейтінін және тек заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығаруға бағыт­талғанын баса айтты.
Иә, бұл әрекеттер мен заңнамалық өзгерістер ел әлеуетінің артуына оң әсерін тигізетін болса, халық қа­шанда қолдауға дайын. Ең бастысы, биыл сауда жасайтын төл теңгеміз тұрақ­талып, қазақстандықтардың табысы артса болғаны.

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: