Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы коронавирусқа қарсы вакцина салуға қатысты мәлімдеме жасады.
«Ислам дінінде адамның өмірі мен денсаулығынан асқан құндылық жоқ. Сондықтан әрбір адам өз денсаулығына аса мән беруі қажет. Алла Тағала «Бақара» сүресінің 195-аятында: «Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар» деп бұйырған. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Емделіңдер, расында Алла әрбір дертті шипасымен қоса жаратты» деген», – делінген мәлімдемеде.
Мүфтият кез келген адам емделудің және аурудың алдын алу жолдарын қарастыруы тиіс екенін айтты.
«Арнайы медицина мамандары қазіргі таңда әлемге қауіп төндірген коронавирустың алдын алу үшін вакцинациялау адам денсаулығын сақтап қалудың қауіпсіз және тиімді әдіс екенін айтуда. Ал шариғат бойынша зәру жағдайда екпе салуға болады. Алайда екпе салдыру – әр азаматтың өз еркі», – деп атап өтті діни басқарма.
Бұған дейін денсаулық сақтау вице-министрі – бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов коронавирусқа қарсы вакцина халал ма деген сұраққа жауап берді.
Айтуынша, қазір көптеген ислам елінде вакциналау жүріп жатыр. Вакцина күрделі жағдайда жасалып жатыр, сол себепті оған сұраныс пен қажеттілік те жоғары. Сол себепті қазіргі уақытта вакцинаның халал, не халал еместігі қаралып жатқан жоқ.
1 ақпанда Қазақстанда коронавирусқа қарсы «Спутник V» вакцинасын салу науқаны басталды.
Вакцина инфекцияны жұқтыру және тарату қаупі жоғары халықтың осал топтарына кезең-кезеңмен салынады. Олардың ішінде медицина қызметкерлері, педагогтар, құтқарушылар, полицейлер, әскерилер, созылмалы ауруы бар адамдар бар. Екпе тегін және ерікті түрде егіледі.
Ресейде өндірілген Спутник V вакцинасының бірінші партиясы Қазақстанға 31 қаңтарда 22 мың доза мөлшерінде жеткізіліп, барлық аймаққа таратылды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!